FlyArystan жолаушыларға арзан, сапалы, қауіпсіз қызметтер ұсынады

306
0
Бөлісу:

Жақында әлеуметтік желіде FlyArystan әуе компаниясы өз жолаушыларына арнап арзан бағада тасымал жасайтыны жайлы ақпарат тарап, оны көпшілік қуана бөліскені белгілі. Алғашқы қол жетімді билеттерді 29 наурызда жолаушылар Тараз бен Орал, Нұр-Сұлтан мен Қарағанды бағытына қарай сатып алған.

Осы орайда FlyArystan компаниясының сату және маркетинг жөніндегі директоры Жанар Жайлауова лоукостердің не екенін және оның жолаушыларға қандай әсері бар екенін түсіндірді. Оның айтуынша, алғашқы лоукостер АҚШ-та XX ғасырдың 70 жылдарында пайда болған. FlyArystan – тұңғыш отандық лоукостер, бірақ елімізде алғашқы ұшуды жүзеге асырып отырған лоукостер емес дейді ол. Себебі, отандастарымыз осыған дейін FlyDubai, Air Arabia, WizAir компанияларының қызметін пайдаланып үлгерген.

– Көп адам өз бизнесін басқаша ұсынатын бюджеттік әуе компанияларының қызметін түсіне бермейді. Лоукостердің ұсынатын бірінші сапалы қызметі – борттағы орын және қол жүгін алып жүру мүмкіндігімен қамту. Қалған таңдау жолаушының еншісінде. Яғни, жүгі жеңіл болса багаж немесе тамаққа ақша төлемесе болады. Біздің Flyarystan.com сайты смартфондарға бейімделген, сондықтан билет алуды онлайн жүзеге асырған ыңғайлырақ. Билетті телефон арқылы сатып алса, маршрут түбіртегі почта арқылы жіберіледі. Жалпы әрлі-берлі сенделмей-ақ онлайн тіркелуге, қосымша қызметтерді таңдауға, багажды тіркеуге және борттан қолайлы орын алуға болады, – дейді Жанар Жайлауова.

FlyArystan қызметін тұтынушы жолаушының алдымен тарифтермен танысып алғаны жөн болмақ. Мәселен, егер адам бір күн ішінде ұшса және қолында тек шағын жол сөмкесі ғана болса, онда ішіне 5 келілік қол жүгі кіретін «Стандарт» пакетіндегі «Тиімді» тарифімен билет ала алады. Ал кейде адам билетті жүксіз брондап қойып бірақ жоспарын өзгертер болса, онда сайттағы брондауды басқару бөлімі арқылы багаж немесе қол жүгі 10 келіге дейін ұлғайтылған норманы сатып ала алады. Компания «Тиімді» және «Икемді» тарифтерінен бөлек әр тарифке үш пакет ұсынбақ: «Стандарт», «Комфорт» және «Комфорт плюс». «Стандартты» сатып ала отырып, жолаушы жүйеде берілген борттағы кепілді орынын және 5 кг қол жүгін алады. «Комфорт» пакетіне негізгі 5 келі қол жүгі, салмағы 20 келіге дейінгі багаж, 5-тен 11-ге дейінгі, сондай-ақ 14-30 қатардағы орындарды таңдау мүмкіндігі кіреді. «Комфорт плюс» пакетіне келсек, мұнда «Комфорт» пакетінің барлық көрсетілген қызметтерін, сонымен қатар кез келген орынды, соның ішінде ұшақтың бірінші қатарындағы орындарды, жоғары қызметті және басқаларын таңдау мүмкіндігі бар екен. Ал егер пакеттерді қосымша сатып алар болса онда біршама арзанырақ болады.

– «Тиімді» тарифі бойынша ең арзан билеттер сатылады. Арзан тарифтер дегеніміз – қатаң ережелер. Мысалы, «Тиімді» тарифіне сәйкес билетті қайтару тек қана ваучерде, 10 000 теңге айыппұл төлегенде ғана мүмкін. Егер сіздің билетіңіздің құны айыппұл мөлшерінен аз болса, онда ваучер берілмейді. «Икемді» тарифі ыңғайлы шарттармен, бірақ жоғары бағамен белгіленген, – дейді Жанар Жайлауова.

Сату және маркетинг қызметі өкілінің айтуынша, компания қызметін іске асыратын ұшақтардың барлығы техникалық тексеруден өткен. Әуе лайнерлерінің салондарында аты аңызға айналған неміс өндірушісі Recaro-ның жаңа орындықтары болады. 3530 SLIM үлгісінің жап-жаңа былғары креслолары – берік және ыңғайлы орындықтар. Креслолар арасындағы 70 см-ден 82 см-ге дейін қашықтық арқылы жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасай алды. «Алғашқы рейсті асыға күтудеміз. FlyArystan өз жолаушыларына тек төмен бағаларды ғана емес, сондай-ақ сапалы қызмет көрсету, ұшу қауіпсіздігі және ұшақтың жаңа салонын ұсынуға дайын екенін хабарлаймыз. Барлық жолаушыларды 1 мамыр күні күтеміз» дейді Жанар Жайлауова.

Айқын-Ақпарат

Бөлісу: