ДЕМ БЕРГЕН ДОДА

194
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының Ақмола облысы Ақкөл аудандық филиалы мүгедектерді қорғау қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, партияның аудандық филиалының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жастар арасында арнайы турнир өткізді. Биылғы турнир Nur Otan партиясының 20 жылдығына арналды. Додаға ауданның түкпір-түкпірінен келген жастар спорттың 9 түрінен сайысқа түсті.

Ұйымдастырушылар шара барысында турнирдің негізгі мақсаты мүмкіндігі шектеулі жастардың шығармашылығын дамытып, оларды қоғамға бейімдеу екендігін атап өтті. Шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, армрестлинг, пауерлифтинг  және басқа да спорт түрінен сынға түскен спортшылардың жарысқа үлкен дайындықпен келгені турнир кезінде байқалды.

14 пен 29 жастағы жастар арасында өтіп жатқан сайысқа  ІІ топтағы мүгедек Евгений Марков та қатысты. Ол шахмат пен тоғызқұмалақтан бірнеше рет аудан намысын қорғап, облыстық, республикалық жарыстардан жүлделі оралған. Евгений өзі жаттығып қана қоймай, жанындағы жасөспірім балалар мен іні-қарындастарын да шахмат ойнауға баулып жүр.

– Мен шахматты кәсіби түрде ойнауды осыдан бес жыл бұрын бастадым. Мүгедектігіме қарамастан, түрлі жарыстардан шет қалмауға тырысамын, – дейді ол ағынан жарылып.

Шынында спорттық жарыстар мүмкіндігі шектеулі жастардың өмірге деген құштарлығын арттырып, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі санауға мүмкіндік береді дейді спорттық шараны ұйымдастырушылар.

Марапаттау кезінде сөз сөйлеген Ақкөл аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Өмірбаев бұл турнир алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын табатынын жеткізді. Сайыс соңында барлық қатысушылар алғысхаттармен марапатталып, үздік деп танылғандар арнайы сыйлыққа ие болды.

Әбілмансұр ЖАСАН

Бөлісу: