Қаладағы құрылыс қарқынды

163
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалында Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті.

Кеңес мүшелері ақпан айында өткен Nur Otan партиясының кезекті XVIII сьезінде Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев берген тапсырмалардың, соның ішінде «Құтты мекен» партиялық жобасының Шымкент қаласында іске асыру барысын талқылады.

Мәжіліске Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағалары мен мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, тиісті басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Басқосу барысында «Құтты мекен» партиялық жобасының басты мақсаты – елдің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымының дамуына партиялық бақылауды жүзеге асыру екені айтылды.

–       Қазір шаhарымызда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр.  Қала тұрғындарының әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын баспанамен қамтуға басымдық берілген. Осы ретте кешенді іс-шаралар атқарылуда.  Шымкентте былтыр 4 289 пәтерлі 69 үй пайдалануға берілсе, биыл 2 833 пәтер ел игілігіне тапсырылмақ. Тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың 80 пайызын жалға берілетін баспанамен қамтамасыз ету үшін жыл сайын 3 000 пәтер пайдалануға берілуі керек. Кезектегі азаматтардың қалған 20 пайызын несиелік тұрғын үйлермен қамту мүмкіндігі болады, – деді қалалық мәслихаттағы партия фракциясы мүшесі Бекайдар Төлегенов.

–       Биыл қалада қоғамдық көлік саласын дамыту, жолайрық пен жол салу, «Цитадель», «Шымкент сити» және басқа да ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Осы орайда барлық құрылыс нысандарына партиялық бақылау орнату қажет, – деді комиссия мүшесі Ермек Дәрменов.

Жиын барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынып жатқан мектеп құрылысының сапасы, медицина мекеме санын арттыру сынды ауқымды мәселелер талқыланып, алдағы  жоспарлар бекітілді.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу: