Ынтымағы берік ел

192
0
Бөлісу:

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттің кезектен тыс  сайлау өткізу туралы үндеуін қолдап, форум өткізді.

Форумда студенттер Мемлекет басшысының шешімін бірауыздан қолдап, еліміздің барша студенттері мен жастарын президенттік сайлауға белсенді қатысуға шақырды. Іс-шараға Басқарма төрағасы А.Күрішбаев пен жастар ұйымдарының көшбасшылары, университет студенттері және өзге де құрметті қонақтар қатысты.

Университет ректоры А.Күрішбаев іс-шараны аша отырып, кезектен тыс президенттік сайлау кез келген елдегі елеулі экономикалық өзгерістердің маңызды қадамы екенін атады. Ел президентін сайлау – даңғыл жолға бет бұрған егемен еліміз үшін тарихи сәт! Ғасырдың екінші ширегі басталар тұста өтіп жатқан сайлау ел тағдырының тағы бір жауапты кезеңінің бастауы болмақ.

Мен «ҚазАТУ студенттері 2019 жылдың 9 маусымындағы сайлауға белсенді қатысатынына және олар Қазақстан Президентіне лайықты кандидатқа дауыс береді деп сенемін» деді ол.

Осы оқу орнының студенттері атынан еліміздің жастарына үндеу жариялады: «Егемен ел ретінде өмір сүрген жиырма сегіз жылдың әр жылында ғасырлар жүгі жатыр. Ғұмырын күреспен өткізген бабаларымыздың ақиқатқа айналған армандары жатыр. Ал арман оңай жолмен келмейтіні белгілі. Осы «соқтықпалы, соқпақсыз» жолда ел көшін адастырмас даңғылға түсіріп, бүгінгі бейбіт өмірге бастап келген Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың еңбегінің ерен екенін білеміз. Біз бүгін «Мен қазақпын!», «Мен қазақстандықпын!», «Мен тәуелсіз елдің ұланымын!» деп әлем халықтарының алдында мақтанышпен айта аламыз»- дейді.

Сондай-ақ жастар ынтымақта болып, белсенділігін көрсетіп, еліміздің гүлденуіне, кемелденуіне, мемлекетіміздің мызғымас іргетасын қалауға өз үлестерін қосуға уәде берді.

 

Н.Ержанқызы

Бөлісу: