Төрешінің анасына тіл тигізген әйгілі футболшы маусым соңына дейін футболдан шеттетілді (видео)

260
0
Бөлісу:

Испания чемпионатының 33 турында «Барселонаға» қарсы кездесуде бас төреші Хесус Хиля Мансаноға балағат сөз айтқан мадридтік «Атлетиконың» шабуылшысы Диего Костаға жаза тағайындалды.

Футболшыны сегіз ойынға шеттету туралы шешім шығарылған. Ол бірінші таймның орта шенінде төрешіге тіл тигізгені үшін алаңнан қуылған еді. Мансаноның айтуынша, футболшы оның анасына қатысты бейәдеп сөздер айтқан. Ал ойыншы болса төрешіге тіл тигізгенін теріске шығаруда. Дегенмен арбитрдің микрофонына жазылып қалған дыбысты зерттей келе оның шын мәнінде балағат сөз айтқаны анықталып отыр.

Қазір Ла Лиганың аяқталуына 7 тур қалғанын ескерер болсақ, Диего Коста маусым соңына дейін алаңға шықпайды және келесі маусымның бірінші кездесуіне қатыса алмайды. Алайда клуб Костаны келесі маусымға қалдырмай сатып жіберуі мүмкін. Клуб басшылығы қазіргі таңда осы мәселені қарастырып жатқан көрінеді. «Атлетико» иелері ойыншының көрсеткіштеріне де, тәртібіне де риза емес. Футболшының қазіргі келісімшарты 2021 жылдың маусым айына дейін жарамды.

Ол биылғы маусымда 16 матчқа қатысып, 2 гол соқты. Енді қалған ойындарда Костаның орнын шабуылшы Никола Калинич басуы мүмкін.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: