ҚАЗАҚСТАНДА АИТВ-ИНФЕКЦИЯСЫН ЕМДЕУГЕ АРНАЛҒАН ДОЛУТЕГРАВИРДІҢ ҮШ АПТАҒА ЖЕТЕТІН ҒАНА ҚОРЫ ҚАЛДЫ

133
0
Бөлісу:

Қазақстанда аитв-инфекциясын емдеуге арналған долутегравирдің үш аптаға жететін ғана қоры қалды. Ал осы дәрінің патент иесі – GlaxoSmithKline компаниясы Қазақстанға халықаралық ұйымдар арқылы Долутегравир препаратының аналогын қазіргіден 25 есе арзан бағамен сатып алуға рұқсат ететін лицензияны беруден бас тартты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Долутегравирдің бір орамасының құнын 25 есеге дейін арзандатып, генерикалық препаратты 4,5 доллардан сатып алу туралы келісім БҰҰДБ халықаралық ұйымы мен СК-Фармация компаниясы арасындағы ынтымақтастық аясында қол жеткізілген еді. Егер баға төмендегенде ВИЧ инфекциясын жұқтырған науқастарды заманауи антиретровирустық терапиямен толық қамтуға мүмкіндік туар еді.
Алайда, патент иесі GlaxoSmithKline компаниясы өкілдерінің айтуынша, мұндай арзан Долутегравирті тек халқының табысы төмен немесе әлеуеттік, экономикалық жағдайы өте нашар мемлекеттер ғана сатып ала алады. Ал Қазақстанның кірісі орташадан жоғары болғандықтан, мұндай лицензия біздің елімізге берілмейді екен. Мәселен, жеңілдігі бар лицензияны Украина, Тәжікстан мен Өзбекстан алған.
Ал мемлекет бөлген қаржы еліміздегі ВИЧ инфекциясын жұқтырған науқастың барлығын бірдей препаратпен қамтуға жетпейді. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені шешу үшін СК-Фармация компаниясында Долутегравирді өндіретін GlaxoSmithKline өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізген болатын.
Министрліктің Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бұйрабекованың айтуынша, ДСМ аталған препараттардың бағасын түсіру арқылы пациенттерді аса қажетті антиретровирустық препаратпен толық қамтуды жоспарлаған. Бірақ ViiV Healthcare Ресей, ТМД, Таяу Шығыс пен Африка аймақтары бойынша коммерциялық директоры Джеймс Бринглон Долутегравирдің Қазақстанға арналған қазіргі құны онсыз да барынша төмендетілген деп отыр.
«Answer» қоғамдық қоры филиалының директоры Елена Растокинаның айтуынша, бүгінде Қазақстанда АИТВ-инфекциясын емдеуге арналған Долутегравир тапшы. Қорда үш аптаға ғана жететін препарат бар. АИТВ-мен өмір сүретін пациенттерді емдеу сызбасын өзгерту қажет болуы мүмкін.
«Бұл мәселе шұғыл шешуді талап етеді. Алматының өзінде қазір 700 пациент дәрі-дәрмексіз қалды», – дейді Елена Растокина.
Дөңгелек үстел соңында Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова Денсаулық сақтау министрлігі препаратты арзан бағамен сатып алуға рұқсат ететін лицензияға сот арқылы қол жеткізуге тырысатынын хабарлады. Ал ViiV Healthcare компаниясы хат арқылы лицензияны Қазақстанға беруге тиым салу ниетінен таймайтынын, сондай-ақ, препараттың бағасы қазіргідей қалатынын жеткізді.

Тұмар МЫРЗА

Бөлісу: