Qazaq Air төртінші ұшақпен толығып, билет бағасын төмендетуді көздеуде

1002
0
Бөлісу:

Қазақстанның әуе кеңістігінде тағы бір су жаңа ұшақ қалықтайтын болады. Qazaq Air әуекомпаниясының флоты Bombardier Q400 NextGen ұшағымен толықты. P4-FLY(MSN 4595) нөмірлі борт алғашқы рейсін сәуір айының соңында орындайды деп күтілеуде.

Өндіруші тарап ұшақты Канаданың Торонто қаласында Qazaq Air әуекомпаниясына табыстады. Салтанатты шараны тамашалауға Қазақстаннан арнайы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері келді, соның ішінде «Айқын» газетінің шеф-редакторы Асқар Беков те болды.

Жиынға Qazaq Air өкілдерінен басқа Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және өкілетті елшісі Ақылбек Камалдинов қатысты.

2015 жылдан бері Bombardier Q400 NextGen ұшақтарын пайдаланып келген Qazaq Air әуекомпаниясы аз ғана уақыттың ішінде Қазақстан қалаларын байланыстыратын тиімді әуебағыттарды қалыптастырды. Бұл туралы Qazaq Air әуекомпаниясы басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарушы Әділ Дәулетбек айтты.

– Мамыр айында MSN 4598 сериясымен тағы бір ұшақты қабылдайтын боламыз. Нәтижесінде біздің әуефлотымыз биыл екі ұшақпен толығады. Осылайша Қазақстандағы ұшу бағытымызды көбейтіп, жиілігін арттырамыз және де жақын маңдағы көрші елдерге де ұшыду көздейміз, – деді Әділ Дәулетбек.

«Q400NextGen ұшағы әлемде үлкен сұранысқа ие», – дейді Bombardier Commercial Aircraft компаниясының вице-президенті Росс Митчелл. Ол Qazaq Air әуекомпаниясының өнімді қызметін жоғары бағалап, жаңа бағыттардың ашылуы арқасында үлкен жетістікке жете алатынын тілге тиек етті.

– Bombardier Q400 NextGen ұшақтары аймақтық авиацияда өзінің жақсы қырларымен танылды. Жылдамдығы, алысқа ұшу көрсеткіші, ең бастысы жанар-жағармайды үнемді пайдалануы арқасында әуекомпанияның бәсекелестер алдындағы бәсін жоғарылатады. Тіпті ауа-райы -54 градусқа дейін төмендесе де, ұшақ қалыпты жағдайда қызмет көрсете береді.

Qazaq Air әуекомпаниясында 3 ұшақ қызмет көрсетеді. Әр ұшақ 78 жолаушыға дейін тасымалдай алады. Қабылданған төртінші ұшақ 86 орынмен жабдықталған. Бұл деген билет бағасының төмендеуіне алып келеді.

Сапар барысында ұйымдастырушы тарап қазақстандық журналистерді Bombardier зауытына арнайы апарып, қызметімен таныстырды. Арнайы репортажды «Айқын» газетінің алдағы санынан оқитын боласыздар. Сонымен қатар фоторепортаж ұсынатын боламыз.

Асқар Беков

Бөлісу: