ЕЛБАСЫ КІРІП КЕЛГЕНДЕ…

174
0
Бөлісу:

Nur Otan партия­сының Орталық аппаратына Н.Назарбаев келді. Партияның құрылымдық бөлімшелер жетекшілерінің қатысуымен кеңес өткізді. Елімізде болған соңғы саяси оқиғаларға байланысты партияның алдында стратегиялық маңызы бар бірқатар міндет тұрғанын айтты, көкейінде жүрген кейбір қоғамдық мәселелерді ортаға салды.

Есіктен кіріп, төрге озғанда тарихи тұлғаның қажырлы қалпын көрдік. Әдеттегідей ұстамды. Әр сөзін салмақтап сөйлейді. Қанша жылдан бері естіп келе жатқан таныс дауыс.
«Біз жақында Nur Otan партиясының съезін өткізіп, оның 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Партияның жаңа мақсат-міндеттері айқындалды. Елімізде болған оқиғалар барша жұртқа белгілі. Мен партияның, Қауіпсіздік кеңесінің және Қазақстан халқы ассамблея­сы­ның Төрағасы болып қала беремін», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Өз өкілеттігін доғару туралы мәселені «Бұл шешімді әбден ойланып барып қабылдадым» деді. «Елімізде елеулі саяси өзгерістер болды. Биліктің қа­лыпты әрі бейбіт жолмен бе­рі­луін қамтамасыз етіп, бүкіл әлем­­ге Конституция аясында әре­­кет ететінімізді көрсеттік. Бұл – барша жұрт үшін айтулы оқи­­ға. Қазір ең бастысы – осы­ған дейін қалыптасқан сыртқы сая­­си бағытымыздан айнымау», – дей келіп, елдің жаңа прези­дентіне жәрдем жасау керегін айтты.
Nur Otan партиясының «Ба­қыт­ты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» және «Халыққа көмек» жобаларын тиімді іске асырудың қажеттігіне баса назар аударды.
Халықтың әл-ауқатын арт­тыру бағытында мемлекеттік бағдарламалардың бекітілген­дігін тілге тиек ете келіп, жүзеге асырылған, жасалған жұмыс­тардың нақты нәтижесін БАҚ арқылы насихаттау ісінде ептеген олқылықтардың барын еске салды. «Қазақстанда жаңа­дан қанша жол салынды, қан­шама жаңа жұмыс орыны ашылды, қаншама тұрғын үй салынып жатыр, елдің тұрмысы жақсарды, осының бәрі елдің көз алдында, журналистер жақсы жаңалықты жарқыратып көрсетудің орнына қайдағы бір келеңсіз оқиғаларды дабыралауға құмартады. Қазір қазақта ажы­расу көбейді, отбасы беріктігін сақтамайтын, ұрпақ үшін жауап­кершілік керек екенін естен шығарған азаматтарға аталы сөзді кім айтады?» – деп қоғам­дағы түйдек-түйдек түйткілді ортаға салды.
– «Назарбаев Зияткерлік мектептеріне тек байдың баласы түседі» деген пікір бар кей­біреулерде. Біз бұл мектепті талапты да талантты балалар үшін аштық. Алыс ауылдардан алғыр балалар келіп, оқып жатыр», – деді Елбасы.
Елбасы сөзінен биліктің ұстанған бағыты дұрыс екенін ұқтық. Елдік және мемлекеттік мәселелерді ұдайы назарында ұстап отырғанын байқадық.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: