Ешкімнің қолы бос қайтпайды

232
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясының XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияға Президент Әкімшілігімен бірлесіп, мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігін бағалау орталықтарын құруды тапсырған болатын. Партия төрағасы «Президент аппаратында арнайы мониторинг комитетін құрдық. Қазір «Халыққа көмек» жобасын бастап жатырмыз, мемлекеттік органдардың назарын қоғамның өзекті мәселелеріне аударып, тиісті шаралар қабылдайтын боламыз. Мұны партия мүшелері жасауы керек» деген еді. Бүгінде Елбасының тапсырмасына сәйкес, партияның орталықтағы және өңірлердегі қоғамдық қабылдау бөлмелері жаңа форматтағы жұмысқа білек сыбана кірісті. Нәтижесі де аз уақыт ішінде көңіл көншітіп отыр.

Қазақстан бойынша бүгінде 234 бірың­ғай әлеуметтік терезе ашылған. Бір айдан астам уақыт ішінде 7 мыңнан астам өтініш келіп түсіп, оның 40 пайызы оң шешімін тап­қан. Атап айтқанда, 3996 ауызша, 1223 жазбаша, 450 онлайн, 925 call-орталық ар­қылы өтініш келген. Сонымен бірге, Whats App арқылы – 700, электронды үкі­мет арқылы – 73, Facebook желісінен – 11, элек­­тронды пошта арқылы 28 өтініш түскен.
Әр аймақтағы ахуалдарға тоқтала кет­сек, Ақмола облыстық филиалында ашылған әлеуметтік терезеге көпбалалы отбасылардан 431 өтініш келіп түскен екен. Соның 43 пайызы сол мезетте-ақ қаралып, шешімін тапқан. Партия Төраға­сының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жобаның қалай жүзеге асып жатқанын үнемі бақылап отырады. Ақмола облы­сына да арнайы ат басын бұрды. Осылайша, облыс әкімі Ермек Маржық­паев­­пен бірге оң шешімі шыққан қуа­нышты жағдайға куә болды. Қайда қарасақ та, «балам өзгеден кем болмасын» деп құрақ ұшып жүрген ата-ана. Сондай жан­дардың бірі – Үмітжан Қобылова. Көп­балалы ана қызының оқу ақысын төлеуге қиналып жүрген. Жоба аясында келіп түскен өтініш қаралып, дереу қажет сома бөлінген. «Соңғы уақытта Nur Otan пар-тия­сы­ның халыққа бұрынғыдан да жақын­дап, белсенді жұмыс істеп жатқанын естіп, көріп жүрміз. Сондықтан өз мәселемді ай­­тып, партияға келдім. Қуанышыма орай, бәрі тез шешіліп, қызымның оқуына қа­жет­­ті қаржылай қолдау көрсетілді.
Бұл – Ел­ба­сы Төраға болып отырған пар­тияның халықпен етене жұмыс істеп, нақты көмек көрсетіп келе жатқанының жарқын көрі­нісі», – дейді ол. Сонымен бірге, отбасы­ның пәтер жалдап тұратынын ескеріп, бас­­­па­­намен қамтуды да қарас­тыратын болды.
Одан бөлек, партия Төрағасының Бірінші орынбасары жобаның басты мақсаты мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық әлеуметтік көмекті Бірыңғай әлеуметтік терезе арқылы бір жерден әрі жедел түрде халыққа жеткізу екеніне назар аударды. Ал Павлодар облысындағы филиалдың әлеуметтік терезесіне 500-ден астам өтініш келіп түскен. Алдыңғы ке­зекте көмекке мұқтаж отбасылар мен тосын табиғи апаттардан жапа шеккен азаматтарға шұғыл түрде көмек көрсетілді. Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен көмекке мұқтаж 20 отбасы ыстық тамақ пен қаржылай қолдауға ие болған.
Атырау облысында партияның «бірың­ғай әлеуметтік терезе» жүйесіне жүгінген көпбалалы, жалғызбасты аналарға көмек ұйымдастыру жөніндегі ұсынысын «Ем­бімұнайгаз» АҚ ұжымы қуана қолдаған. Нәтижесінде оннан астам отбасына ауқымды азық-түлік себетін, балалар киімін және қажетіне орай, бір отбасына тоңазытқыш сыйға тартқан. Олардың арасында 4-9 баланы жалғыз тәрбиелеп отырған жұмыссыз аналар, бір отбасында 3 мүгедек баланы бағып-күтіп отырған жандар да бар. Жалпы, «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында мәслихат депутаттары, бизнес қауымдастық және азаматтық қоғам өкілдері арқылы жүзге жуық отбасына көмек көрсетілді. Бұл отбасыларда 400-ден астам кәмелет жа­сына жетпеген балалар тәрбиеленіп отыр. Nur Otan партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдауына көмекке мұқтаж жандарды жеке өтініштерімен қабылдаған облыстық мәслихат депутаты Людмила Лидің қабылдауына Айгүл Әліпқалиева есімді жалғызбасты ана келген. «Төрт балам бар. Барлығы да сабақты жақсы оқиды, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласады. Үлкен ұлым былтыр «Алтын белгі» иесі атанды. Өзім медбике боп істеймін. Алатын жалақым жеткіліксіз. Қабылдаудан соң депутат Людмила Ли 7-сыныпта оқитын ұлыма қосымша ағылшын тілін үйрету курсын алуға қол ұшын беретінін айтты. Партия жобасының арқасында мұқтажымызды айтып, көмек сұрайтын мүмкіндік туды», – дейді ол.
Қостанай облысының аудандары мен ауылдарында облыстық филиал қабыл­дауына келетіндер көп. Өтініштерді де­путат­тар қарастырып, дереу шешуге тыры­сады. Мәселен, Лермонтово ауылының тұрғыны Фанавиля Якупова малға жем алуға көмектесуін сұраған. «Бұрыннан бері ауылда тұрамыз. Екі баламыз бар. Мек­тепте оқитын болған соң, шығын көп. Мал ұстап, етін өткіземіз. Ақша жетпейді. Жұ­мыстан шығып қалғаныма жарты жылдай уақыт болды. Өйткені балаға қарайтын адам жоқ. Таңертең ерте кетіп, кеш келе­тінмін. Ауылда басқа жұмыстың реті табылмады. Әсіресе, қыста жағдайымыз қиындайды. Күзде алынған жем тез тау­сылып қалады. Осыған орай «бірыңғай әлеуметтік терезеге» өтініш қалдырған едік, аудандық мәслихат депутаты Серік Қапсұлтанов көмектесетінін айтты. Пар­тияға осы жоба үшін зор алғысымызды білдіргіміз келеді», – дейді Якупова. Оның айтуынша, отбасын асырайтын күйеуі ғана. Жалақысы төмен. Азық-түлік алуға әзер жетеді екен. Сол себепті жем-шөп алуға қаражат бөлуді сұраған. Өтініші аяқсыз қалмай, сол сәтте шешімін тапты.
Сонымен бірге «Наурыз Challenge» акциясы аясында «Қамқорлық–Забота» қорының жетекшісі, облыс мәслихаты Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Дмитрий Довматенко Ақтөбе қаласының тұрғыны бірінші топтағы мүгедек Сымбат Нағметованың пәтеріне жөндеу жұ­мыстарын жүргізуге көмектесті. Нұр-Cұлтан қалалық мәслихаты Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Қайырлы Таукен төрт баланың анасы Зарина Байтеноваға азық-түлік жиынтығы, ойыншықтар және аяқкиім түрінде материалдық көмек көрсетті. Партияның Алматы облыстық филиалы Талдықорған қаласының тұрғыны, жалғызбасты ана Индира Тұрсынбековаға тұрғын үй және баласын мектепте тегін тамақтандырумен көмектесті. Шымкент қалалық филиалы жүкті әйел, мүмкіндігі шектеулі жан Жадыра Ариповаға уақытша баспанамен көмектесті. Наурыз мерекесі қарсаңында Nur Otan партия­сының Алматы облыстық филиалы «Алацем» зауытының бас директоры Станислав Щербаковпен бірлесіп Қы­зылжар ауылының тұрғыны, әлеуметтік аз қамтылған отбасы, үш баланың анасы Жұмағыз Медетоваға пәтер кілтін табыс етті. Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі, Қалалық мәслихат депутаты У.Әбдіуәлиев алты баланың анасы З.Ақжолованың төрт жасар қызын бала­бақшаға орналастырды. Nur Otan пар­тиясының Қызылорда облыстық филиалы баласын емдетуге Нұр-Сұлтанға бара жат­қан көпбалалы ана Әлия Бекбауоваға жол жүру ақысын төлеп берді. Сондай-ақ об­­лыстық мәслихат депутаты А.Есен­гел­­­ди­нов аз қамтылған отбасы Ю.Вино­гра­дованың 1 тонна көмір және 1 текше отын сатып алу мәселесін шешуге көмек­тесті. Алматы қалалық филиал бастама­сымен белсенді партия мүшелерінің көмегімен жалпы сомасы 21,6 миллион теңгеге 400 дана киім, жалпы сомасы 22,8 мил­лион теңгеге
800 дана тамаққа сер­тификат сатып алынды. Барлығы – 44,4 миллион теңге.

Nur Otan партиясы халықтың мұң-мұқ­тажын тыңдауға қашанда әзір. Жоға­рыда көрсеткен мысалдар – аз ғана бөлігі. Пар­тия мұқтажын айтқандардың қолын бос қайтармауға тырысып жатыр. Оған осы уақыт­қа дейін жүзеге асырылған жо­балар мен олардың оң нәтижелері дәлел бола алады. «Халыққа көмектің» шарапаты тиіп, мәселесі шешіліп жатқандар дән риза. Бәрінің тілегі – жобаның өміршең болуы. Көпшіліктің көкейдегісін есту үшін партия бұрыннан бетер жақындай түсуді мақсат етіп отыр. Әр аймақтан ашылған бірыңғай әлеуметтік терезелердің көме­гі­мен қанша мұқ­т­аж жанға қол ұшы созыл­ды. Қанша жанның алғысы айтылды. Мұндай игі істер әлі де жалғасын табуы тиіс.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу: