«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» БАҚЫТЫҢЫЗДЫ ЕСЕЛЕЙДІ

185
0
Бөлісу:

Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған төрт басымдықты анықтап берген болатын. Соның бірі – әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдауды көздеген «Бақытты отбасы» жобасы.  Бұл бастама тікелей көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағыт­талған. Жоба қазірдің өзінде жүзеге асып, көптеген отбасының бақытын еселеп үлгерді. 


Nur Otan партиясы мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсетуге ғана бағыт­талмай, барша қазақстандықтың лайықты өмір сүруі үшін жағдай жасалатын тиімді және әділетті әлеуметтік саясаттың іске асырылуын көздейді. Қазақстандық от­басыларды қолдау бағытындағы кешенді шаралар отбасылардың лайықты әл-ауқат деңгейін жасауды көздейді. Бұл үшін біз: Үкіметпен және әкімдермен бірге аз қам­тылған көпбалалы отбасыларға көмек көрсетудің әртүрлі тетіктері енгізілетін «Бақытты отбасы» партиялық жобасына бастамашылық жасап, іске асыратын бо­ламыз. Ата-аналарды қаржылық қолдау деңгейін арттырамыз. Әрбір қазақстандық отбасы балалардың сәби кезінің жайлы­лығын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ете алуы керек», – деген болатын Нұрсұлтан Әбішұлы партия съезінде сөйлеген сөзінде. Ол, сонымен бірге, ауыл­­дағы көпбалалы отбасылар үшін ар­найы гранттар мен шағын несиелер квота­сын бөлуді, көпбалалы аналардың үйде отырып жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасауды тапсырды. Күнкөрісі төмен көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар үшін тұрғын үй мәселесін шешудің нақты тетіктері енгізілетінін тіл­ге тиек еткен болады. Ал күнкөрісі төмен отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салынатынын, Тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайыз мөлшер­лемеде тұрғын үй заемын беру тетігі әзірленетінін айтқаны есімізде. Мұның барлығы ақпан айының соңында айтылды.
Партия жанынан Отбасы және балалар құқын қорғау жөніндегі респуб­ликалық кеңес құрылған. Аталған кеңес Үкіметпен және әкімдермен «Бақытты отбасы» жо­басын жүзеге асырудың арнайы жол кар­тасын әзірлеген. Жол картасы аз қамтыл­ған отба­сыларды тікелей қолдау­мен қатар, өмірлік мәселелерін өздері шеше ала­тындай жағдай туғызып, тұрмы­сының одан ары төмендеп кетуінің алдын алуды қарастырады. Бұл ретте биыл 832 мыңнан астам адамға атаулы әлеумет­тік көмек беру, 68372 адамды оқуға жіберу, 14 мың­нан астамға шағын несие беру, сонымен бірге, аз қамтылған отбасылар­дың балалары үшін 4135 грант тағайындау қарастырылған.
Елбасының партия съезіндегі тап­сырмасынан кейін іле іске кіріскендердің қатарында Алматы қаласының әкімдігі алғаш болып «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасын жасап, іске қосты. Бағ­дар­ламаға 7 бағыттан тұратын 13 нақты шара енгізілген. Мәселен, баспана ке­зегінде тұрған көпбалалы және толық емес 1276 отбасының алғашқы жарнасын төлеуге қала бюджетінен 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификатын бөлу қарас­тырылды. Алғашқы жарна пәтер құнының 10 пайызын құрайды, мөлшерлеме 18 жылға 2 пайызбен беріледі. Бұл несие жаңа үйлердегі құны 15 млн теңгеден аспайтын шағын пәтерлерге беріледі. Биыл Алатау және Наурызбай аудан­дарында осындай 500-ден астам пәтерді іске қосу жоспарда бар.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында Алматыда тұрмысы төмен от­басылардың екінші баласынан бастап балабақша тегін екенін де тілге тиек еткен жөн. Тұрмысы төмен отбасылардың оқу үздіктеріне стипендия төленеді. Мәселен, универ­ситеттер мен колледж студенттеріне ай сайын 10 мың теңгеден, мектеп оқушыларына 5 мың теңгеден беріледі. Қала бюджетінде 2019 жылы 24 мың адамды қамтитын 11 тұрақты әлеуметтік төлемдер үшін 2 млрд теңге қарастырылған. Тұрмысы төмен отбасыларға коммуналдық қызмет төлемдері үшін жәрдемақы беріледі. Егер бұрындары мұндай көмекті 2 600-ден астам отбасы алса, енді «Бақытты отбасы» бағ­дарламасы аясында төлем көлемі 2 есе өсіп, онымен қамтылатын жандар қатары 30 пайызға артпақ.
Үйде мүгедек баланы оқытуға кететін шығын орнын толтыруға берілетін атаулы көмек көлемі ұлғаяды. Мәселен, өмірлік қиын жағдайға душар болғандарға бір реттік төлем беріледі. Олардың қатарына асыраушысынан айырылғандар, өрттен, су тасқынынан және басқа да төтенше жағдайлардан зардап шеккендер кіреді. Биыл төлем көлемі 2 есе, 25 мыңнан 50,5 мың теңгеге өсті. Тұрмысы төмен отбасы­ларға ыстық және суық су есептегіш қондырғыларын орнату үшін берілетін жәрдемақы 70 пайызға артады.
Қала кәсіпкерлері де қарап жатпай, «Бақытты отбасы – Алматы» қоғамдық қайырымдылық қорын құрды.
Нұр-Сұлтан қаласы да биыл қала бюджетінің 35 пайызын әлеуметтік салаға бағыттап отыр. Жергілікті бюджет есебінен көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау мақсатында тұрғын үй көмегі төлемдерін 18 пайызға арттыру көзделген. Көпбалалы отбасылар қатты отынды сатып алу үшін әлеуметтік жәрдемақыға ие болады. Бұл ретте жәрдемақы мөлшері барлық санаттағы азаматтар үшін 8 АЕК-тен 16АЕК-ке дейін ұлғайды немесе 40 мың теңгені құрады. Бір жыл ішінде мұндай көмектің түріне 100 отбасы ие болады.
Аутизмге шалдыққан балаларға арнайы қызметтерді көрсету жөніндегі жоба шең­берінде бюджеттен 40 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда бұл қызмет 100 отбасыға көрсетіледі. Жұмыспен қамту бағдар­ламасы аясында биыл жұмыссыз жүрген азаматтарды қоғамдық жұмыс орындары арқылы еңбекпен қамту 500 адамнан 1000 адамға дейін артады. Қоғамдық жұмыс істейтіндердің жалақысы 48 мың теңгеден 84 мың теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылар санатына жататын мектеп оқушылары мен ЖОО студенттері қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру қызметін алушылар қатарына қосылды. Алдағы уақытта көмектің мұндай түрін алушылар 5154 адамнан 35 905 адамға дейін көбейтіледі. Мектептерде көпбалалы отбасы қатарындағы оқушылар ыстық тамақпен қосымша қамтамасыз етіледі. Олардың саны 31901 баланы құрайтын болады. Кірісі ең төменгі күн­көріс деңгейінің 3 мөлшерінен аспай­тын көпбалалы отбасы қатарындағы балаларға Астананың жоғарғы оқу орын­дарында тегін білім алуына мүмкіндік беретін жеке гранттар ұсынылмақ. Биыл елорда мек­тептерінің 50 түлегі осындай грант иегері атанады.
«Бақытты отбасы» жобасы аясында баспаналы болғандар қатары күн санап көбейіп келеді. Жуырда Ақтөбе облысы орталығындағы «Нұр-Ақтөбе» шағынауда­нында жаңа үйлер бой көтерді. Бұл үйлерде көпбалалы отбасы, жас отбасы, ата-ана қамқор­лығынсыз қалғандар мен мүмкін­дігі шектеулі жандар қоныс тойын тойлады. Қоныс той иелерінің бірі мектеп мұғалімі Ринат Самалұлы бұл мемлекеттің жастарға көрсетіп отырған тұрақты қам­қор­лығының нәтижесі деп санайды. «Әйтеке би ауданындағы орта мектепте мұғаліммін. Тағдырдың жазуымен кол­ледж­де оқып жүргенімде анамнан айырылдым. Оқуымды бітіріп, жұмысқа орналасқаннан кейін жалақымның жартысын банктегі есепшотыма жүйелі түрде аударып отырдым. Бүгін армандаған пәтеріме қол жеткізіп, қуанышқа кенеліп тұрмын, – дейді ол.
Көпбалалы ана Анжелла Қазтуғанова да «Бақытты отбасы» жобасының жемісін көріп отыр. «Төрт баланы тәрбиелеп, өсіріп отырмын. Бұған дейін пәтер жалдап, көшіп-қонып жүретін едік. Сол бір қиын күндердің артта қалғанына қуаныштымын. Елімізде халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмысын түзеуге байланысты кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның арқа­сында бұрын қолжетпес армандай болған баспанаға ие болдым. Үлкен қол­дау, көмегі үшін Тұңғыш Президентімізге алғысым шексіз», – дейді ол ағынан жарылып.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу: