Сайлауға депутаттар белсенді атсалысады

149
0
Бөлісу:

Парламент Сенатының басшысы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен палатаның жалпы отырысы болды. Жиында сөз алған Д.Назарбаева Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешімге қатысты пікір білдірді.

– Қазақстан Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаев 9 сәуірде мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешімнің өз уа­қы­­тында және орынды қабылданып отыр­ғанына сенімдімін. Президент Жар­лығы қоғамда туындаған көптеген сұрақ­тарға жауап береді. Қазақстандықтар үшін ең қымбат құндылықтар – бейбітшілік пен тыныштық, экономикалық тұрақты­лық аса қажет. Міне, сондықтан Қазақ­стан қо­ғамы Елбасының стратегиялық ­ба­ғытының сабақтастығы заңды түрде қамтамасыз етілуін күтуде, – деді Сенат төрағасы.
Ол тәуелсіздік жылдары қазақстандық даму моделі өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін толық дәлелдегеніне назар аудартты.
– Біз барша әлемге экономикалық өсудің, әлеуметтік тұрақтылықтың және ұлтаралық келісімнің айнымас үлгісін кеңінен таныта білдік. Алдағы сайлау халқымыздың даналығы мен көрегендігін кезекті рет айғақтайтыны айқын. Президент сайлауы ел дамуына тың серпіліс, жаңа серпін берері сөзсіз. Президент Жарлығы осы бағыттағы жұмыстарды қазірден бастап, күрделі проблемаларды кейінге қалдырмай, шұғыл шешуге мүмкіндік береді, – деген байлам жасады Жоғарғы палата басшысы.
Ол өз сөзінде сенаторларға қайы­рылды.
– Құрметті әріптестер! Конститу­циялық заңға сәйкес сайлау екі ай мерзім ішінде өткізілуге тиіс. Сайлау науқанын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өткізуге көмектесу – біздің абыройлы міндетіміз. Осы орайда Парламент Сенаты депутаттарының орны ерекше. Сіздердің жергілікті халықпен және мәслихат депутаттарымен тығыз байланыстарыңыз бар. Халықтың мүддесін қорғайсыздар. Проблемаларын білесіздер. Сон­дықтан сайлау науқаны әрқайсымыз үшін аса жауапты жұмыс кезеңі болып саналады, – деді Дариға Назарбаева.
Сенат төрағасының пікірінше, азаматтардың ерік-жігерін, ықтиярын ашық білдіруі – тәуелсіз Қазақстанның үлкен жеңістерінің бірі болып отыр.
«Біздің ортақ міндетіміз Қазақстан Президенті сайлауын әділ, заңды және ашық өткізуді қамтамасыз ету бол­мақ», – деп түйді Д.Назарбаева.
Жалпы отырыс барысында сенаторлар Қазақстан мен Қытай үкіметі арасындағы «ҚХР-дың жеңілдікті кредит беруі туралы негіздемелік келісімді», Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы «Өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді», сондай-ақ «1995 жылғы
23 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы» ратификациялады. Бұл үш құжат та Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Жиында қолданыстағы заңнамаға орталық және жергілікті атқарушы органдарының функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша түзетулер екі оқылымда қаралып, қабылданды.
Құжатта орталық және жергілікті билік органдарының функцияларын жүзеге асырудың тиімділігі мен сапасын арттыру мақсатында және өзін-өзі рет­теуді дамыту арқылы азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту үшін аталған функцияларды бәсекелестік ортаға берудің құқықтық негізі бекітіледі.
Бұл функциялар бәсекелес ортаға толық және ішінара берілмек. Толық беру кезінде функциялар міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеу арқылы немесе пайдаланушылар есебінен беріледі. Атқарушы органдардың функциялары аутсорсингті, мемлекеттік тапсырманы және мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру арқылы ішінара берілуге жатады.
Құжатта бәсекелес ортаға берілген функциялардың мониторингі көзделеді, оны орталық және жергілікті атқарушы органдар мен мүдделі тұлғалар жүргізеді. Мониторингтің нәтижелері бойынша бәсекелес ортаға берілген функцияның сапасыз жүзеге асырылғаны анықталған жағдайда, функция мемлекетке кері қайтарылуға жатады.
Жоғарғы палата депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын да қабылдады. Құжат көлік саласындағы заңнаманы ­жетілдіру, жолаушылар мен жүкті тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, ұлттық заңнаманы халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес келтіру, сондай-ақ құқықтық қайшылықтар мен олқылықтарды жою мақсаттарында әзірленді.
Мәселен, басымдыққа ие әуе бағдарлары бойынша жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыру бюджет қаржысы есебінен жүзеге асыру ережері ұсынылады. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның және уәкілетті ұйымның құзыреті нақтыланады. Жүк тасымалдауды әуе көлігімен жүзеге асыру үшін шетелдік әуе кемесін экипажымен жалға алу мүмкіндігі көзделіп отыр.
Сондай-ақ активтерді кеңейту және жаңғырту үшін тартылған халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын өтеуге бағытталған сумен жабдықтау және су бұру ұйымдарының шығындарын бюджеттен субсидиялау енгізіледі.
Автокөлік құралдарын тексеру негіздемелерінің тізбесі белгіленеді, бұл көліктік бақылау органдарының жаппай тексеру тәжірибесін болдырмауға мүмкіндік береді. Қазақстан аумағы арқылы ірі көлемді және ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүкпен жүріп өтуіне шектеу енгізіледі. Механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі операторының қызметі алғаш рет қарастырылды.
Сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы және темір жол көлігі саласындағы уәкілетті органның құзыреті толықтырылады.
Бұдан басқа, Түркістан қаласының бірінші кезектегі объектілерін олардың жобалау құжаттарын әзірлеумен қатар салу мүмкіндігі, сондай-ақ осы жұмыс­тарды Үкімет айқындаған тұлғамен тікелей шарт жасасу арқылы сатып алу мүмкіндігі бөлігінде ережелер енгізіледі.
Сенат басшысы Д.Назарбаева осы заңның маңыздылығына назар аударды. Ол еліміздегі әуе көлігінің қатынастарын дамыту қажеттігін ескере отырып, Мәжіліс мақұлдаған құжатқа сенаторлар қолдау білдіретінін атап өтті.
Отырыс соңында сенаторлар депутаттық сауал жолдады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: