Жұртшылықпен жолда жүздесті

139
0
Бөлісу:

Қазақстандықтардың тәртіп сақшыларынан не туралы сұрағысы келетіні анықталды. Тек екі күн ішінде азаматтар полицейлерден 19 мыңдай кеңес алған. 5-6 сәуір күндері Ішкі істер министрлігі жалпыреспублика­лық «Жолдағы қабылдау» акциясын өткізді.

Оның барысында әкімшілік айып­пұлдарды төлеуге қатысты мәселелер бі­рінші орынға шыққан. Жиі қойыла­тын сұрақтар қатарына сондай-ақ тұрғындарды тіркеу, автокөлікті тіркеуге қою, жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері де кіріп отыр.
Тұтастай алғанда, екі күн ішінде «Жолдағы қабылдау» акциясы аясында шамамен 19 мың азамат кеңес-консуль­тация алған. Сұрақтардың басым көп­шілігі – шамамен 11 мыңы науқанның екінші күні келіп түсіпті. Бұл халықтың осы іс-шараға деген ынта-ықыласының артқанын білдірсе керек.
Айтқандай, іс-шараны барынша насихаттау және онымен халықты мей­лінше көбірек қамту үшін соның қар­са­ңында, үш күн бұрын барлық бұқа­ралық ақпарат құралдары арқылы елге хабар таратылған, акцияның өткізілетін жерлері мен оны ұйымдастырудағы мақсат-міндеттер жария етілген.
Содан кейін арнайы жабдықталған автобустарға мінген шамамен 250 мо­бильді топ қалалар мен ауылдарды ара­лап, жұртшылық сауалдарына жауап берген. Нәтижесінде, тұрғындар кезек күттірмейтін мәселелерін шешу үшін ал­дын ала қабылдауға жазылусыз және бюро­кратиялық сергелдеңсіз, тікелей поли­ция департаменттерінің басшы­ларына, әкімшілік, көші-қон және жер­­гілікті полиция жетекшілеріне жүгіне алды.
Сонымен, акция қорытындысы көр­сеткеніндей, қазақстандықтар үшін ең көкейкесті мәселелер – әкімшілік айыппұлдарды төлеу айналасында өрбитіні байқалды: осы бағытта 4,3 мың сауал қойылған.
Бұдан бөлек, халықты тіркеу (3 мың сұрақ), жол қозғалысын ұйымдастыру (2,9 мың), автокөлік құралдарын тір­кеу­ге қою және қайта жабдықтау (тиі­сін­ше, 2,8 және 1,7 мың), сондай-ақ жүр­гізуші куәлігін беру (2,3 мың) мәселелері де өзекті екені анықталды.
Мұның сыртында азаматтар поли­ция қызметін, соның ішінде қоғамдық және жолдағы қауіпсіздік, көші-қон салаларындағы жұмысын жақсартуға қатысты ұсыныстарын айтыпты.
«Кабинеттен тыс, далалық жағдай­дағы мұндай кеңестерді өткізу қазақ­стандықтарға полициямен жеке бай­ла­нысқа көшуге мүмкіндік береді. Ал полицияда халықпен тиімді өза­ра іс-қимылды жолға қою мүмкіндігі пай­да болады. Қарапайым адамдарға – зейнеткерлерге, таксишілерге, қызмет­керлерге және басқаларына бейресми жағдайда проблемаларын жедел шешуге жол ашу бұрын-соңды болмаған тең­дессіз оң нәтиже берді, – дейді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Мұның сыртында, қолға алынған ішкі істер органдарын жаңғырту аясында бүгінде өңірлерде полицияның 170-тен астам фронт-офисі ашылыпты. Оларға кез келген азамат жүгініп, бар­лық қажетті кеңес ала алатын көрінеді.
Жыл соңына дейін фронт-офистер саны 250-ге дейін артпақ.
Министрлік басшылығы мен поли­ция департаменттері апта сайын азамат­тарды қабылдау ұйымдастырады. Қабылдаулар кестесі олардың ресми сайттарында және әлеуметтік желілерде орналастырылған.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: