Көші-қон керенаулықты көтермейді

214
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясы фракция­сы­ның мүшелері А.Смағұлов, Н.Әбдіров, Б.Смағұл, Е.Бектұр­ға­нов, К.Мұсырман, А.Дәурен­баев және басқа да бір топ депутат Сыртқы істер министрі Б.Атам­құловқа, Ішкі істер ми­нистрі Е.Тұрғымбаевқа, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Шекара қызметінің директоры Д.Діл­ма­новқа депутаттық сауал жолдады.

Тұрақтылығы бекіп, әл-ауқаты арт­қан Қазақстан Орталық Азия аймағында еңбек мигранттарын өзіне тартатын орталыққа айналғаны мәлім. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне жүгінсек, соңғы үш жылда елімізге 6 миллионнан астам шетелдік азамат келген. Олардың көбі Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей азаматтары. Сондай-ақ өзге елдердің мигранттарының қатары да көбеюде: олардың саны 510 мың адамға жетті. Көбі – Қытай және Түркия азаматтары.
– Дегенмен осы орайда құқық бұз­ған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адам­дарды елімізден мәжбүрлеп шы­ғаруды реттеуде кемшіліктер бар. Әсі­ре­се, Атырау мен Маңғыстауда бұл мә­селе өзекті. Құжатын жоғалтқан шетелдіктер өз еліне бірден қайта алмайды. Ол үшін Нұр-Сұлтан қаласына келіп, өз елшілігіне өтініш беріп, төл­құжат алуы немесе өз еліне оралу үшін сертификат рәсімдеуі тиіс. Алайда жеке басын куәландыратын құжаттары бол­мағандықтан, оларға жол жүру құжаты берілмейді. Сол себептен оларды еліне қайтару мүмкін болмай отыр. Салда­ры­нан осы санаттағы шетелдіктер жасаған құқықбұзушылықтар саны да артқан, – дейді А.Смағұлов.
Бүгінде аталған мемлекет азаматта­рына еліміз аумағында 30 күн еркін болуына рұқсат етілген. Олар тіркеу мерзімі өткеннен кейін шекарадан өту белгісін қою үшін Ресейдің Астрахан об­лысына өткенімен, шекара белде­уі­нен ары аспай, Қазақстанға қайта ора­лады, яғни, еңбек мигранттары ай са­йын шекарадан формальды түрде ғана өтіп, шынында еліміздің аумағында үздіксіз келуде. Әрине, бұл олардың заңсыз жұмыс істеуіне жол ашып, жергілікті еңбекке қабілетті азаматтарға жағымсыз бәсекелес­тік тудырады.
Осы мәселелерді шешу үшін депу­таттар құжаттарының мерзімі өткен не­месе құжаттары мүлдем жоқ шетел­дік­терді анықтап, өз елдеріне қайтарып жіберу тетігін жетілдіруді, еліміздің ба­тыс өңірінде құжаттары жоқ еңбек ми­гранттары үшін консулдық қызмет көр­сету мәселесін қарастыруды ұсынды.
Бұдан бөлек, олар заңнамаға шектес мемлекеттің шекаралық бақылау ­ор­ган­дарымен бірге мөртаңбаларды салыс­­ты­ру туралы өзгерістер енгізу мәселесін пысықтауды сұрайды. Сонымен бірге, олар шетелдік жұмыс күшін тарту ­ере­желерін бұзғаны үшін әсіресе, жұмыс бе­рушілерге (шақырушы тарапқа) ­қатысты шараларды қатаңдату қажет деп санайды.

Айхан Шәріп

Бөлісу: