ҮШЕМГЕ ҮШ БӨЛМЕЛІ КОТТЕДЖ БЕРІЛДІ

457
0
Бөлісу:

Алматы облысының орталығында араға он бір жыл салып үшем дүниеге келді. Алима, Алиша және Алмира атты үш қызды дүниеге әкелген Еңлік Қайсарова Талдықорған қаласындағы №12 мектепте мұғалім болса, оның өмірлік қосағы, үш қызды болған бақытты әке
Дәурен Серікұлы – жеке кәсіпкер, мейрамхана бизнесімен айналысатын іскер жігіт. Өткен жылы жазда шаңырақ көтерген жастар бірден үш балалы болып, қуаныштары кемерінен асып төгіліп жатыр.

Жас отаудың жұбайлық өміріндегі үлкен жаңалықты, жақсылықты бөлісуді өзінің орынбасары Ақан Әбдуалиевке тапсырған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ағалық ақ тілегімен бірге арнайы сый-сияпатын да беріп жіберіпті. Үш бірдей балалар арбасы және басқа да тарту-таралғының ішіндегі ең маңыздысы үшемді болған жас жұбайларға қалада жаңадан салынған коттеджді қалашықтағы бірінші ғимаратты үш бөлмелі үйдің кілті болды.
«Талдықорғанда үшемнің дүниеге келіп жатқанына жұртпен бірге біз де қатты қуандық. Мен білетін мәлімет бойынша Алматы облысының орталығында 2008 жылы осындай жақсылық болыпты. Араға он бір жыл салып барып талдықорғандықтар қатары бір отбасының үш бірдей сәбиімен толыға түсті. Алла кішкентайларды тіл-көзден сақтасын, жастары ұзақ болсын! Атасы мен апасы, ата-анасы кішкентайлардың қызығын көре берсін!» деген Ақан Жылқышыбайұлы облыс әкімінің атынан ізгі тілегін білдіріп, жаңа пәтердің кілтін табыстады.
Үш қызды өмірге әкелген ана өзін жақсы сезінетінін айтса, бақыттан басы айналған жас әке қуанышын бөлісуге келгендерге ақжарма алғысын жаудыруда. Немерелерінің саны артқан ата мен апаның көңілі тіптен көкте.
«Ең бірінші алғысымды дәрігерлерге жеткізгім келеді. Жүктіліктің ал­ғашқы кезінен жас ананы тұрақты бақылауға алып, немерелерімді дүниеге әкелгенше көздерінен таса қалдырмады. Мамандардың біліктілігіне көзіміз жетті. Сонымен бірге қуанышымызды еселеп, баспана тарту еткен облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына да шын жүректен разымыз. Үш нәресте дүниеге келіп, әулетіміздің мерейі тасып тұр. Осындай жақсылықты әрбір қазақстандық отбасына тілеймін», – дейді Дәуреннің анасы, дүние есігін ашқан үш қыздың әжесі Райхан Есмұратқызы.
Жалпы, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Талдықорғанда 28 ана дүниеге егіз бала әкеліпті. Енді, міне, сол егіздер қатары үшеммен толықты.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы

Бөлісу: