Әлеуметтік саясат назардан түспеуі керек

207
0
Бөлісу:

Қазір Президенттің кезектен тыс сайлауы туралы қоғам белсенділері мен саясаттанушылар, сарапшылар мен халық тегіс пі­кір білдіріп жатыр. Менің ойымша, Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізудің қажет екенін дәлелдейтін себептерді үш топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – халықаралық сипаттың әсері. Әлемдік қауымдастық Қазақстанды Н.Назарбаевтың көпвекторлы саясаты арқылы таниды. Ұлтмәнді тұлғаға айналған Елбасының есімі мемлекет атауымен тікелей байланысты. 19 наурызда Тұңғыш Президенттің өз құзыретін тоқтату туралы шешімінен кейін Қазақстанды Н.Назарбаев есімімен байланыстыратын халықаралық сарапшылардың ойында «Билік транзиті қанша уақытқа жалғасады?» деген заңды сұрақ туды. Сайлауды күтсек – бір жыл, ­саяси науқанды күзге белгіле­сек – алты ай күтуге тура келер еді. Сондықтан халықаралық қауымдастықтың алдында Қазақстан абырой беделін төмендетпей, жоғары ұстаудың маңызы зор.
Екінші мәселе Қазақстанға капитал әкелетін инвесторлармен байланысты. Әлемнің әр бөлігіндегі инвестициялық ахуал­ды зерттейтін компаниялар бар. Олардың бағалау критериіне елдің экономикалық өсімі, халықтың білім деңгейі сияқты санаттардан бөлек, саяси жағдай да кіреді. Шетелдік инвестор қазақстандық бір жобаға қаржы салмас бұрын, «Мемлекеттің тізгінін келесі кім ұстайды?», «Ел қай бағытта дамиды?» деген бағытта ойланады. Саяси ахуалға сенімсіздік танытса, жобаны қаржыландырудан бас тартуы мүмкін.
Келесі маңызды тетік – қауіпсіздік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі тұрақсыздық туралы орынды атап өтті. Әртүрлі экстремистік топтар мен жатпиғылды бүлікшілер халық таңдауымен билікке келген мемлекет басшысының болмауын өз пайдасына пайдалануға тырысып, жағдайды өздерінің арам пиғылын жүзеге асыруға қарай бұруы мүмкін.
Кезінде Елбасы Н.Назарбаев елімізде екінші теңіз порты – Құрық портын салу туралы шешімді кесіп айтқаны бәрінің есінде. Мемлекет басшысы осындай маңызды міндетті нақты жүктеп, мақсатты айқын белгілегенде, атқарушы органдар жұмысқа салмақты қарайды. Жаңа бастамалар көтеру, тәуекелді шешімдер қабылдау негізнен халықтың басым даусымен сайланған президенттің құзырына келеді. Экономиканың 60-тан астам саласы бар. Солардың әр­қайсысы бойынша бағдарлама қабылдау, бар жобаларды жал­ғастыру, қайта қарау, қаржы бөлу – барлығы ауыспалы кезеңде тоқтап қалуы ықтимал. Атал­ған мәселелер – кезектен тыс президент сайлауын өткізуді қажет ететін факторлардың тағы бірі деп ойлаймын.
Келесі бір бағыт – әлеуметтік мәселе. Елбасы 2018 жылдың наурыз айында Бес әлеуметтік бастама бағдарламасын таныс­тырып, жаңа әлеуметтік саясат ұсынды. Ең бірінші адамға жұмыс пен тұрғын үй, одан ары білім мен қолжетімді медициналық көмек керек деп белгіледі. Бұл бастамалар 2018 жылдың қазан айындағы әр азаматтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған Елбасы жолдауында жалғасын тапты да, Партиямыздың XVIII съезінде «Бақуатты қоғам: онжылдықтың он мақсаты» бағдарламасына ұласты. Партияға төрт ұлттық жобаны жүзеге асыру тапсырылды: «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Ауыл – ел бесі­гі», «Құтты мекен» бағдарламаларының әрқайсысында әлеуметтік сипат басым екенін айтуға болады. Осы жобаларды тоқтатпай, Елбасы бастаған жаңа әлеуметтік саясаттың сабақтастығын қамтамасыз ету үшін кезектен тыс сайлаудың тезірек өткені ең ­әуелі қоғамға керек.
Жаңа Президент тағайындалған кезде Үкіметтің жұмысы жаңарады. Министрлер кабинеті қайта тағайындалады. Жұмыстар ауқымы сарапталып, жаңа серпін беріледі.
Қазақстанда Елбасы бастаған үлкен индустриалды-иннова­циялық жобалар бар. Рухани жаңғыру мен әлеуметтік саланы жандандыру жолындағы көлемді бағдарламалар ұсынылды. Осылардың сабақтастығы, заңды жалғасы жүзеге асуы керек. Елдің тұрақты дамуы мен стратегия­лық мақсаттарына қол жеткізуі үшін бұл өте маңызды.
Сайлауды күзге қалдырсақ, еліміздің кей өңірлерінде салқын түсіп, алыс ауылдарды қар басып қалуы мүмкін. Ондайда халықтың сайлауға қатысуын қам­тамасыз ету үшін қосымша көлік пен техника қызметін ұйымдас­тыру қажет болады. Сондықтан жаз мезгілінде, елорданың ме­рейтойы қарсаңында, халықтың демалысқа «ел аман, жұрт тыныш» деген тоқ көңілмен шығуы үшін де сайлаудың 9 маусымға белгіленгенін, яғни елі­міздің климаттық жағдайының ескерілгенін де орынды көремін.
Сайлауға кез келген саяси партия мен қоғамдық бірлестіктер өз кандидаттарын ұсына алады. Орталық сайлау комиссиясы оның құжаттарының сәйкестігін, ал лингвистикалық комиссия қазақ тілін меңгеру деңгейін тексереді. Тіркелу үшін үміткер Қазақстанның барлық өңірінен 118 140 адамның қолын жинауы керек.
Кез келген мемлекетте сайлаудың ашықтығын, заңға сәйкес өтуіне баға беру үшін шетелдік бақылаушылар шақырылады. Олар саяси процесті бастан аяқ немесе тек сайлау күні келіп бақылап, халықаралық талаптардың сақталуын, заңның бұзылмауын, азаматтардың құқықтарының қорғалуын қадағалайды. Қазақстанда Кәсіподақтар ұйымы да бақылауды жүзеге асыратындарын жақында мәлімдеді. Президент сайлаудың ашық әрі әділ өтетініне кепілдік берді. Мен де бұл процестің барынша заң талаптарына сай өтетініне сенемін.
Елбасы Nur Otan партиясының XVIII съезінде «Әрбір адам жақсылықты бүгін сезінуі керек» деді. Осы орайда, біз партияның бағдарламасында экономика табыстарын жекелеген азаматар сезінуі керегін түсіндіретін «Инклюзивті экономика» деген мақсатты белгіледік. Біздің пайымдауымызша, жаңадан сайланған президент елімізде жүзеге асырыла бастаған жаңа әлеуметтік стратегияны басшылыққа алып, халықтың әл-ауқатын одан ары арттыруға баса көңіл бөлетін болса, Елбасының діттеген мақсаттарының орындалуына қол жеткізетініміз сөзсіз.

Қаныбек Жұмашев, Nur Otan партиясының хатшысы

Бөлісу: