ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ – НЕГІЗГІ МІНДЕТ

214
0
Бөлісу:

Өткен жыл Қарағанды облысы үшін жемісті жыл болды. Жүргізілген жұмыстар Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауларында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында белгіленген міндеттерді шешуге бағытталды. Бұл туралы Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінде облыс әкімі Ерлан Қошанов баяндады.

Аймақ басшысы халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін, жал­пы дамудың өзекті мәселелерін қам­тыған Елбасы тапсырмалар­ы­ның орындалысын назарға ұсын­ды. Елбасының 2018 жылғы 5 қа­зандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сапасын арттыру» атты Жолдауы бойынша 2018 жылға міндеттелген 29 іс-шараның барлығы мерзімінде орындалған.
– Менің халық алдындағы жа­қында өткен есеп беру кездесуім тұрғындар тарапынан жергілікті органдарға, соның ішінде қоғам­дық кеңестерге қоятын сұрағы қаншалықты көп екенін көрсетті. Облыс тұрғындарының өмір са­пасын жақсарту – жұмысымыздың басты бағыты. Сондықтан бүгінгі есебімді тұрғындардың кірісін арттыру туралы Елбасы тапсыр­масының орындалуынан бастағым келеді, – деді Ерлан Жақанұлы.
Аймақ басшысының айтуын­ша, биылғы 1 қаңтардан бастап облыс кәсіпорындарында еңбек ететін 220 мың жұмыскердің жа­лақысы орта есеппен 14%-ға кө­терілді. Барлық коммуналдық қызмет көрсету тарифтері 5-10%-ға төмендеді. Бұл тұрғындарға жылына 3,2 млрд теңге қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Елбасы тапсыр­ма­ларын орындау тиімділігі тұрғын­дардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға тікелей ба­ғытталатынын атап өтті. Құрылыс қарқынын күшейтіп, тұрғын­дар­дың кірісін көбейтуге, баспанамен қамтылуына қатысты шаралар қабылдаған. Білім және денсаулық саласына да баса ден қойылды. Өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда одан ары дамыту мәсе­ле­сіне қатысты өткен жылы атқарыл­ған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
– Аймақ экономикасындағы жетекші сектор – өнеркәсіп. Бұл сала облыс экономикасының тең жартысын (49%) құрайды. Аймақтағы жүйеқұрушы ірі өндіріс орнының бірі – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ. Өткен жылы өндіріс ошағында апатты жағдай болып, кәсіпорынның жұмысы 2 айға тоқтап қалған. Соған қарамастан, алпауыт кәсіпорында оң динамика сақталып, жылдық жоспар артығымен орындалды. Тағы бір жетекші өндіріс ошағы «Қазақмыс­та» да жаңғырту жұмыстары тиянақталып, өнім көлемін жылына 364 мың тоннаға жеткізуге жол ашылды. Бұл – Жезқазған мыс қорыту зауытының екінші пешін іске қосу арқылы бағындырылған меже. Облыстағы өңдеу өнеркәсібі тауарларын экспорттау көлемі де ұлғайған. Мәселен, есепті кезеңде жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайтын өнім әлемнің 49 еліне экспортталды. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 6,4%-ға артық көрсеткіш, – деді Ерлан Қошанов.
Аймақ экономикасы инвестиция игілігін көріп отыр. Тың жобаларды іске асыру, қолда бар мүмкіндіктерді жетілдіру арқылы өнеркәсіп секторын жаңғырту – инвесторлармен жасалған тиімді жұмыстың нәтижесі. 2018 жылдың қорытындысы бойынша өңір ­экономикасына жалпы сомасы
470 млрд теңгені құрайтын инвестиция тартылды. Аймағымыздың инвестициялық қолайлылығы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында шоғырланған. Бү­гінгі таңда АЭА аумағында 7 жо­ба іске қосылса, алдағы уақытта тағы 8 инвестжоба жүзеге асырылмақ. Жобалардың құны – 148 млрд теңге. Осы жобалар іске қосылған күні 1,7 мың тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Бүгінгі уақытта аймақта жалпы құны 2 трлн теңгені құрайтын 45 ірі инвестициялық жоба жұмыс істеп тұр. Оның ішінде, құны 1,4 трлн теңге болатын 17 жо­ба шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылуда.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне және халықтың тұрмыс жағдайын ары қарай арттыру міндеттеріне аса зор мән берілген. Елбасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының тиімділігіне баса назар аударып, бұл бағдарламаны 2025 жыл­ға дейін ұзарту туралы тапсырма берді. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша, кем дегенде 30 млрд теңге қарастырылған. Бұл үш жылдың ішінде, кем дегенде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
224 млрд теңге салық пен 3 трлн теңгеге өнімнің өндірілуі қамтамасыз етіледі. Шағын, орта бизнестің өсу қарқыны соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Облыстық деңгейде 1,7%-ға не­месе 1 713 жаңа бизнес субъектілерінің өсуі қамтамасыз етілді. Жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша шағын несиелендірудің ұлғаюына байланысты олардың жартысынан көбі, яғни 1 060 бірлігі – шаруа қожалықтары. Облыс бойынша кәсіпкерлер өткен жылдың кезеңіне 21,4% өсіммен 885 млрд теңгенің өнімін өндірді.
Жаңа технологияларды енгізу және жоғары репродуктивті тұқымдарды пайдалану арқылы Қарағанды өңірінің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өткен жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Жыл қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 272 млрд теңгеге өндірілді, НКИ 106,2%-ды құрады, оның ішінде өсімдік шаруашы­лығы – 116 млрд теңге, НКИ – 110,8%, мал шаруашылығы – 155,4 млрд теңге, НКИ 102,9%-ды құрады. Аймақта 1 млн тоннадан астам бидай бастырылды. 340,8 мың тонна картоп және 105,0 мың тонна көкөніс жиналды. Сонымен қатар 2 006 мың тонна шөп дайындалды. Бұл мал азығына деген қажеттілікті толығымен жабады екен. Мал шаруашылығы саласында мал басы мен өнім артты.
Жалпы, облыс бойынша 1 215 шақырым автокөлік жолдарын жөндеуге 45,2 млрд теңге жұм­салған. Осы жоба аясында 2 500-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Қарағанды қаласы арқылы тәулігіне 22 мың транзиттік көлік өтеді. Бұл дегеніміз – тек қана кептеліс емес, ауаның ластануы, жол-көлік оқиғаларының жиілеуі. Сыртқы айналма жолдардың болмауы салдарынан осынша көлік қаланы қақ жарып өтетін ішкі жолдарда кептеліс тудыруға себеп болып келген. Міне, осы мәселенің түйіні тарқайтын күн де жақын. «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізінің қайта жаңаруы арқылы Солтүстік және Шығыс айналма жолдарының жобасы енгізілді. Бұл жобаның құны – 35 млрд теңге. Жақын күндері осы айналма жол ашылатын болады. Сонымен қатар өткен жылы «Қарағанды – Жезқазған» бағытындағы автожолдың 233 шақырымы, қалалық, аудандық жолдардың 315 шақырымы жөнделді.
Өңір басшысы сондай-ақ тұрғын үй және инфрақұрылым мәселесін де айналып өтпеді. Мәселен, өткен жылы өңірде 4 135 пәтер пайдалануға берілген еді. Құрылыс жұмыстары облыс орталығында ғана емес, Жезқазған және Балқаш сынды өзге де қалалар мен аудандарда белсенді түрде жүргізілуде. Сөйтіп, биыл тағы 440 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Яғни, кезекте тұрған 1 100-ден астам отбасы баспаналы болмақ.
Жеке құрылыс компаниялары үш жыл аралығында «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша 3,5 мың пәтер салуды жоспарлап отыр. Олардың 1 000-нан астамы осы жылы тапсырылады. Сондай-ақ облыстық бюджеттен бастапқы жарнаны субсидиялауға тұрғын үй сертификаттары үшін 1 млрд теңге бөлінді. Оған бағдарламаға қатысушы 1 000-нан астам отбасы ие болады.
Елбасының 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке де­йінгі оқытумен және тәрбиемен 100% қамту туралы тапсырмасы да мерзімінен бұрын орындалған. Ен­ді күн тәртібінде жаңа міндеттерді шешу мәселесі тұр. Бірінші – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету. Бизнесті тарту үшін осы санаттағы балаларға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі екі есеге жуық арттырылды. Екінші міндет – бөбекжай топтарын ашу бойынша жұмысты жандандыру есебінен туғаннан 3 жасқа дейінгі балаларды ерте дамыту жүйесін құру.
Елбасының Жолдауына сәйкес, Қарағанды облысында бас­тапқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға негізгі назар аударылып, облыстың денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыр­ту басталды. 2018 жылы саланың алдына қойған міндеттерін орындауға 79,6 млрд теңге бағытталды. Бұл – өткен жылдың деңгейінен 4,2%-ға көп. Осыдан аз ғана уақыт бұрын медициналық кадрлардың жетіспеушілігі шешуді қажет ететін күрделі мәселе болатын. Бұл мәселе дәрігерлерге қызметтік тұрғын үй және жалақыларына қосымша төлем жасау арқылы шешілген. Саран қаласында дәрігер мамандарға тұрмыстық техника және жиһазбен жабдықталған 11 пәтердің кілті берілді. 2019 жы­лы Қарағанды, Шахтинск, Абай, Жез­қазған қалаларында тұрғын үйлерді жөндеу және жайластыру жұмыстары аяқталып, дәрігер мамандарға 60-тан астам қызметтік пәтер тапсырылатын болады.
2019 жылдан бастап Елбасының тапсырмасы бойынша жұмыс­тың жаңа әдістерін табысты енгізетін бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен 20%-ға арттыру көзделіп отыр. Бұл үшін республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге қаражатты бағыттау жоспарланған. Қазіргі уақытта учаскелік дәрігерлер мен медбикелерді заманауи технологияларға оқыту жүргізілуде.
Өзінің жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев жастарды дамытуға арналған ауқымды инвестициялар әлеуметтік саясаттың басты бағыты екенін атап айтты. Сондықтан да қазақстандық жастарға жүктелген үміт пен сенімді ескере отырып, Елбасымыз биылғы 2019 жыл­ды Жастар жылы деп жариялады. Бүгінде облысымыздың әрбір бесінші азаматы – жас ұрпақ өкілі (291 мың адам, 21,1%). «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар практикасы», «Серпін» жобалары іске асырылуда. Балалар үйлерінің түлектерін әлеуметтік бейімдеуге арналған қызмет жұмыс істейді. Жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы аясында 20 903 жас­ты жұмысқа тұрғызу, соның ішінде 1 232 адамды жастар практикасына орналастыру қамтамасыз етілді. Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала­ларды үймен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауға алын­ған.
2018 жылы оларға 152 пәтер бе­рілді.
Мәдениет саласында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын іске асыруға үлкен маңыз беріледі. Мәдени мұраны жаңғыртуға, жаңарту мен сақтауға, халықты рухани дамыту­ға, жаңа мәдени ұсыныстар мен жо­балар жасауға нақты бағдар бе­рілді. 2018 жылы «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасы аясында 1,2 мил­лион тұрғынды қамтумен 2 310,5 млн теңгеге 273 жоба іске асырылды.
– Бүгінде экономиканы одан ары нығайту, қоғамдық сананы жаңғырту бойынша алдымызға жаңа міндеттер жүктелді. Барлық тапсырманы тиісті мерзімде орындауға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Бұл ретте өңірімізді одан ары дамытудың басты кепілі азаматтарымыз болған және солай бола береді. Облыстың әрбір тұрғынының табысы мен өмір сапасының жақсаруы – жұмысымыздың басты көрсеткіші, – деді Ерлан Қошанов.
Кеңес мүшелерін мұғалімдер мен өзге де бюджет қызметкерлеріне арналған тұрғын үй, жол жағдайы, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері қызықтырды.
«Мен ауылдық жерлерден келген студенттер үшін өзекті тақырыпты көтергім келеді. Бұл – жатақхананың қолжетімділігі. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?» деп сауал жолдады Александр Зевахин.
– Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. «Әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» бірінші бастамасы аясында 3,4 мың пәтерлік 32 жоба іске асырылды. Биыл тағы 1 052 пәтер пайдалануға беріледі. Екінші бастама бойынша аймақтың 80 мыңнан астам тұрғыны салықты 9%-ға төмендету есебінен жалақыға үстеме алды. Үшінші бастама бойынша қазіргі уақытта 850 студент жатын орынмен қамтамасыз етілген. Жатақханаларға әлі де 1 500 студентті орналастыру қажет, бұл үшін 4 жаңа жатақхананы салу жоспарлануда. Төртінші бастама 1 245 шағын несие беруге мүмкіндік берді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1 989 өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азамат оқытылды. 1 300 жаңа жұмыс орны құрылды. Бесінші бастама аясында Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран және Шахтинск қалаларын, сондай-ақ 1,1 млн адамды, 68 мың үйді қамтитын 114 елдімекенді газдандыру жоспарлануда» деді облыс әкімі.
Кеңес мүшелерін толғандыр­ған ендігі бір мәселе – өңірдегі автокөлік жолдарының жағдайы. Өңір басшысы атап өткендей, жа­қын арада жөндеу жұмыстарынан кейін әлі де кепілдікте тұрған жол учаскелеріндегі ақаулар жойылуы тиіс.
– Қарағандылықтардың жол жөндеу жұмыстарына қатысты наразылығы – орынды. Кепілді қызмет көрсету туралы еске сал­ғым келеді. Біз мердігер ұйымдарды кепілдік бойынша міндеттемелерін орындауға міндеттейміз, – деді Ерлан Қошанов.
Облыс әкімі олқылығы бар жол учаскелерін де атады. Олардың қатарында Қарағанды қаласындағы Сәтбаев, Гоголь, Космонавтар көшелері, Восток 1-2-3 ықшамаудандарындағы, 12 ықшамаудандағы айналма жолдар бар. Сон­дай-ақ Совхозная, Ленин, Мен­делеев, Гудермесская, Б.Момышұлы, Махметов, Сатыбалдин, Прогресс, Крылов, Баженов көшелері, Бұқар жырау және Республика даңғылдары да ақаудан арыла алмай келеді. Аймақ басшысының айтуынша, аталған көшелер мен даңғылдарда ауа райы қолайлы болған тұста бірден жөндеу жұмыс­тары басталады. Осы жазда Қарағандыдағы Құрылысшылар даңғылында екі жылдық жөндеу жұмыстары аяқталады. Өткен жылы су құбыры және жылу желілерінің бір бөлігі ауыстырылды. Қазір кәріз жүйесі салынуда. Ал күн жылыған кезде жұмысшылар асфальтбетонды, жиектастарды ауыстырып, техникалық жаяу жүргіншілер жолын жасап, жарықтандыру бағандарын орната бастайды. Барлық жұмыс күзге қарай аяқталуы тиіс. Сондай-ақ аймақ басшысы Майқұдықтағы К.Маркс және Магнитогорская көшелеріндегі жолдың бір бөлігін жөндеу туралы жоспарларымен бөлісті. Бұл жолдарда шұңқырларды тегістеу жұмыстарымен ғана шектеліп қою мүмкін емес. Сондықтан жаяу жүргіншілер жолдары, суағар кәріздер, жарықтандыру және жол қиылысы жүйелерін жаңартуды қарастыратын жөндеу жұмыстарының жобасы құрылды. Аталған жұмыстар биыл басталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ 2019 жылы 7-магистральге ағым­дағы жөндеу жүргізілуі тиіс. Қазір Қарағандыда 166 жол кепілдендірілген мерзімде (2016 жылы – 25 көше, 2017 жылы – 71 көше, 2018 жылы – 70 көше). Шұңқырлар, жарықтар, жол жабынының жоғарғы қабатының бұзылуы 19 учаскіде пайда болды. Бүгінгі таңда барлық кепілді жол тексерілді. Мердігерлік ұйымдарға анық­тал­ған ақауларды жою жөнінде ұйғарымдар берілді. Жөндеу жұмыстары 20 сәуірден кейін басталады.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА
Қарағанды облысы

Бөлісу: