АЛМАТЫҒА ТРАМВАЙ ҚАШАН ОРАЛАДЫ?

211
0
Бөлісу:

Алматыға алғаш келген жылдары  қала көшелерінде салдыр-гүлдір етіп ескі трамвайлар жүретін. Негізінен автобус, троллейбус қызметін пайдаланғандықтан, шойын жол көлігіне аса мән бермедік. Кейін, 2015 жылы қала билігі әлгі транспортты алып тастағаннан кейін (бірнеше жол апатына байланысты) ғана назарымыз ауды. Онда да көбіне үлкен кісілер алаңдаушылық танытқан сияқты. Сарапшылар трамвай шаһарға керек деп жатты. Кептелістен тәуелсіз, өз жолы бар, жылдам жеткізетін транспорт шынында қажет-ақ. Енді 2022 жылға таяу жаңа трамвайлар Алматы ішінде жосып жүреді деп отыр әкімдік. Жаңа болғанда да, заманауи типтегі, жеңіл рельсті трамвайлар.
Былтыр отандық kapital.kz сай­тына берген сұхбатында «Ал­ма­тыэ­лектротранс» ЖШС басшы­лы­ғы жеңіл рельсті трамвай жоба­сы­ның ұзақ мерзімге созылатынын, оны іске асыруға жекеменшік ком­паниялар атсалысатынын жа­рия еткен. Аталған мекеме бас­шы­лы­ғының сөзінше, жобаның құны – 130 млрд теңге.
«Жоба мемлекеттік жекемен­шік серіктестік негізінде жүзеге аса­ды. Жеке серіктестік консо­р­циум түрінде болмақ. Оның құра­мы­на құрылыс компаниясы, жыл­жымалы құрамды жеткізушілер, ин­весторлар, операторлар кіреді. Ал жалпы құнның ішіне инже­нер­лік және магистралдық желілерді тар­ту да кіріп отыр», – деген еді жоба­ның атқарушы директоры Ғани Тәжиев.
Оның айтуынша, трамвай үш сек­циядан тұрады. Біріншіден, ұзындығы 30-35 метрге жетіп, 200-ден астам жолаушыны еркін сый­дырмақ. Екіншіден, жылжы­малы құрам 40 градустан жоғары және 30 градустан төмен темпера­ту­­ра­ны қа­лыпты сақтайды. Сон­дай-ақ трам­вай басқа да транспорт түрле­рімен бірге бағдаршамда тұр­­мас үшін арнайы жүйе қарасты­рыл­мақ. Тапсырыс берушілер тек жаңа жыл­жымалы вагондарды әкелуді талап етіп отыр. Алдын ала дерек бойынша, 31 жылжымалы құрамды алдыру жоспарлануда. Осы орайда жоба құрылысына дайындық жұ­мыстарына байла­ныс­­ты қалалық мобильділік бас­қар­масына хабар­лас­­қан едік. Олар­дың сөзінше, жо­ба әлі дайын­дық кезеңінде.
«Дайындық жұмыстары же­ке­меншік серіктес компанияны ин­вестор ретінде анықтаудан тұрады. Әкімдік өз тарапынан жеңіл рельс­ті көлік құрылысының алаңына түсетін инженерлік желілерді қай­та құру бойынша жұмыстар жүргізу қа­жет. Инженерлік же­лілерді қайта құру жобалық-сме­талық құжат­тамасы әзірленді. Енді құрылыс-монтаждау жұмыс­тарын жүргізуге мердігер компа­ния­ны анықтауға конкурс өтіп жа­тыр. Жоба бойын­ша жекемен­шік әріптесті анықтау үшін халық­аралық ашық конкурс жариялан­ды», – деп жауап берді басқарма.
Бізге пікір білдірген баспасөз қыз­метінің дерегіне сүйенсек, был­тыр 29 қараша күні жеке серік­тестерден жобаға арналған халықа­ралық ашық конкурстың бірінші кезеңіне қатысу үшін құжат қабылдау аяқталған. Жа­пония, Франция, Ресей, Түр­кия, Испа­ния, Қытай және Қазақ­стан ком­па­нияларынан құралған 9 консор­циум құжаттарды және тех­ника­лық ұсыныстарды тапсы­рып, оның тек төртеуі ғана келесі кезең­ге өткен.
Бірінші консорциумның құра­мы үш мемлекеттің компаниялары­нан тұрады: Олар – жапониялық ITOCHU Corporation, түркиялық Makyol Construction Industry Tourism and Trading Co. Inc және ис­па­ниялық CAF Construcciones Y Auxiliar De Ferrocarriles Sa атты ма­шина жасау саласында және қала инфрақұрылымы бағытын­дағы белгілі мердігер компаниялар. Екінші консорциум – қытайлық CMEC China Machinery Engineering Corporation. Бұл – China National Machinery Industry Corporation компаниялар тобына кіретін ірі құрылыс және инжинирингтік компания. Үшінші ұжым – Enka Insaat ve Sanayi A.S. Түркиялық ірі хол­динг 1982 жылдан бері халықа­ралық құрылыс нарығында сәтті еңбек етіп келе жатыр. Қазірге дейін Түркияда 124 жобаны сәтті жүзеге асырған. Сондай-ақ АҚШ және әлемнің басқа да елдерінде өндірістік нысандар, аспалы кө­пір­лер, сауда кешендерін, әуе­жайлар салумен айналысады. Төр­тін­ші консорциумның құрамы – төрт компаниядан жасақталған. Олар Alstom Transport Holdings B.V. (Франция), Gulermak Agir Sanayi Insaat ve Taahhut A.S. (Түркия), Marubeni Corporation (Жапония) және Meridiam Eastern Europe Investments SAS (Франция) компа­ния­лары. Екінші кезеңде ең жо­ғары білікті және тәжірибелі деп таң­дал­ған серіктес тиімді инно­вация­лық шешімдер ұсынуы тиіс.
Әкімдіктің айтуынша, жеңіл рельс­ті трамвайларды іске қосу – қала қозғалысына ерекше серпін бер­мек.
«Жаңа трамвай желісін пайда­лануға беру қала аумағындағы кө­­лік құралдарының санын және зиян­ды заттардың шығарылуын азай­тады. Бағыт қала маңындағы аудандардан Алматы қаласына дейін келетін көлік құралдарының са­нын қысқартуы мүмкін. Ал бұл қа­ла көшелерін босатуға мүмкіндік береді», – дейді олар. Әкімдік был­тыр айтқан мәлімдемесінде трам­вайлардың бұл буыны ешқандай дыбыс шығармайды, тыныш және қиылыстарда тоқтап тұрмайды деп айтқан болатын, яғни жаңа IT жүйемен жабдықталған трамвай ваг­ондары келе жатқан кезде авто­матты түрде бағдаршамның жасыл түсі жанады. Осындай тасымалдау қабілеті өте жоғары транспорт желісінің ұзындығы 22 шақырымға созылып, күніне 100 мың адамның еркін пайдалануына мүмкіндік бермек. «Алматыэлектротранс» ЖШС мәліметінше, жеңіл рельсті трам­вай желісі негізінен екі ба­ғытты қамтымақ.
«Алғашқы бағыт Момышұлы кө­шесімен оңтүстік бағыттағы депо­дан басталып, сосын шығыс ба­ғытта Төле би көшесімен, сол­түстікте Панфилов көшесімен жүріп, шығыс бағытта Мақатаев кө­шелерін қамтиды. Соңында Же­тісу көшесімен солтүстік бағытта жылжып айналма жолға дейін келеді. Ал екінші бағыт Момышұлы көшесімен оңтүстік бағытта депо­дан басталып, батыс бағытта Төле би, солтүстік бағытта Ясауи, сосын қайтадан батыс бағытта Райымбек даң­ғылымен өтіп, Әшімов көше­сіне дейін барады. Ол жерде (Әші­мов көшесі) автобус, трамвай, мет­ро және таксиге арналған көп мо­дальды хаб болмақ», – деген еді ком­пания өкілі.
Сонымен қатар жоба аясында 1,6 шақырымға созылатын байла­ныс­сыз желі бағытын салу да ой­лас­тырылған, яғни трамвай ол жер­де әдеттегі қуат көздерін емес, балама энергия қуатын тұтынады. Бұл аумақ Панфилов көшесінде салынады деп жоспарланған. Жоба толық мақұлданғаннан кейін депо құрылысы да басталмақ. Ол үшін де жекеменшік серіктестік жауап­ты. Тек әкімдік 18,9 гектар көле­мін­де тиісті жер бөліп беруі тиіс. Әкімдіктің хабарлауынша, депо қаланың индустриалды аймағында салынбақ. «Әкімдік тарапынан депоның құрылысына жер беру қарастырылған. Ал жобалау және құрылыс жұмыстарын толығымен жеке серіктестік атқарады. Депода персоналы шамамен 267 адамды құрайды. Оның құрамына 50 желі­лік жүргізуші және 200 инженерлік-техникалық персонал кіреді. Депо жұмыскерлерін іріктеу жұмыстар­ды іске қосардан бұрын басталады. Өйткені қызметкерлердің инфра­құрылым мен жеңіл рельсті трам­вай жүйесінің жылжымалы құра­мының ерекшеліктері үшін кадр­ларды даярлау қажеттігі туын­дай­ды», – дейді қалалық мобиль­ділік басқармасы.
Құрылысқа жауапты әкімдік пен атқарушы компания жобаны барын­ша тездетеміз деп отыр. Со­ның өзінде Алматыдағы ерекше трам­вай желісі 2022 жылы пай­далануға берілуі мүмкін. Қаладағы метро желісінің өзі кептелісті сәл де болса іркіп, адамдардың балама транс­порт көзін тұтынуына мүм­кіндік сыйлағаны белгілі. Ал жеңіл рельсті трамвай – жер үстіндегі метро іспетті. Сондықтан оның те­зірек қала тіршілігіне араласуын тұр­ғындар асыға күтеді.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: