Терминдер сөздігі неге макулатураға айналды?

305
0
Бөлісу:

Тіл үшін күрес термин үшін күреспен тығыз қабысып жатады. Қандай да бір тілде әлдебір зат, ұғым не құбылыстың баламасы табылмаса, ол тілдің өкілдері өзге тілге тәуелді болуға, бөтенше тіл сындыруға мәжбүрленеді. Ал тіл алашұбарланады, әбден лайланады. Бөгденің шөп-шаламы басып, тұма тұнығынан айырылған ондай былық бұлақтан сусындауға болашақ ұрпағы да жиіркеніп, өзге тілге толық мойын бұрады.

Термин дегеніміз, арыстарша айтсақ, «пән сөзі», ғылымның тілі, экономика мен дамудың тетігі, өндіріс пен кез келген шаруашылықтың негізі, маман­дықтың белгісі, инновациялық ілгерілеудің кепілі.
Бірақ осы салада қазақ тілінің ұпайы түгенделгенінен гөрі, ұтылыстарының басымырақ екенін ғалымдар да, зиялы қауым да, жауапты тұлғалар мен билік өкілдері де мойындайды.
«Термин сөздіктер шыға сала макулатураға айналып кетеді», «термин жасау бойынша шығар­машылықты шаруашылыққа айналдырып алдық», «тәуелсіздік жылдары бес рет қайта-қайта аударылған терминдер бар» – бұл Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруы­мен Парламент қабырғасында өткен «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» тақыры­бын­дағы ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылған ащы сөздердің бір парасы ғана.
БҒМ-ның А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты­ның директоры Ерден Қажыбек бұл саланың қаншалықты артта қалғанын салыстыру түрінде келтірді.
– Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, терминологиялық бағыттардың ұзын саны 120-дан асып жығылады. Ал Қазақстанда ішінара іріктеу және кейбір салаларды біріктіру нәтижесінде, былтыр Білім және ғылым министрлігінің арнайы шешімі бойынша 50 терминологиялық секция жасақталды. Енді осы бағыттардың әрқайсысы үшін кемінде 10 мың терминдік бірлік керек. Егер он мыңнан аз болса, бұл сала ұлттық тілде жан-жақты дами алмайды. Олай болса 50 өндіріс пен ғылым бағыты еліміз­де толыққанды жұмыс істеуі үшін, дәлірек айтсақ, мемле­кеттік тіліміздің Қазақстанда кең етек жаюы үшін бізге кемінде 500 мың термин керек! Алайда өткен отыз жылдай уақыт ішінде Терминком арқылы небәрі 20 мыңдай ғана терминді бекітіп­піз. Осыдан-ақ мемлекеттік ті­лі­мізді дамыту қандай сатыда тұр­ғанын аңғарамыз, – деп кө­ңіл­­сіз байлам жасады Е.Қажыбек.
Қазақ терминологиясының тағы бір кеселі ретінде ол «Тер­мин­ком бекіткен жаңа термин­дердің көбі қазақ сөзжасамдық үлгілеріне кереғар тәсілдермен түзілгенін» алға тартты.
– Демек, бүгінде мемлекеттік тілді дамыту үшін ең бірінші, кезек күттірмейтін іс – термино­ло­гиялық секцияларымызды дәстүрлі ғылым тармақтарына сәйкес классификациялау. Бұл тұрғыда басты назар аударатын және ведомствоаралық ауқымда күш жұмылдыруды қажет ететін маңызды бастама – «Ұлттық терминологиялық қорды қалып­тастыру және терминдерді латын графикасына көшіру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны» уақты­лы әрі сапалы іске асыру болмақ, – деді ол.
Ерден Қажыбек 2020 жылы бастауыш білім беру термино­ло­гиясының латын графикасына негізделген және 1-4 сыныптарға арналған біріздендірілген терми­но­логиялық сөздікті әзірлей­тін­дерін жеткізді. Одан кейінгі 2021 жылы 5-9 сыныптар үшін негізгі білім беру терминқоры анықтала­ды. 2022 жылы орта және кәсіптік білім беруде қолданы­латын 10-11-сыныптар үшін сөздік серия­сы даярланады.
2023 жылы қоғамдық және әлеуметтік ғылымы бойынша 20 салалық терминологиялық сөздік бітеді. 2024 жылы техника ғы­лым­дары бойынша 15 салалық тер­минологиялық сөздік аяқ­та­лу­ға тиіс. Ал 2025 жылы жара­ты­лыстану ғылымына арналған 15 томды әзірлеу жоспарлануда. Бұл іске отандық жоғары оқу орын­дары, ғылыми-зерттеу институт­тары, терминтанушы мамандар тартылады.
Филология ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент мүшесі Шерубай Құрманбайұлы саладағы адым аштырмай, еңсе тіктетпей тұрған екі басты мәсе­лені атады.
– Ең басты мәселе – термино­логия дамуының бағыт-бағдарын белгілеп отыратын ғылыми кадрлардың, әсіресе, термин жасауға машықтанған, термино­логиялық жұмыстарды кәсіби тұрғыдан жүргізуге құзыретті практик-терминші мамандардың жеткіліксіздігі және барларының осы істің басы-қасында болмауы. Екіншісі – терминологиялық жұмыстардың республикалық деңгейде жүйелі, үйлесімді әрі жоғары кәсіби деңгейде жүргізіл­меуі. Қазақ терминоло­гиясының шешімін таппай жатқан өзге мәсе­лелерінің барлығы осы ең бас­ты екі мәселені дұрыс шешіп, жол­ға қоймаудан туындап
отыр, – дейді ол.
Ш.Құрманбайұлының бай­ламын­ша, елімізде осы салада атқарылған жұмыстар бір-бірі­мен байланыссыз, шашыраңқы түрде немесе тар ауқымда жүзеге асырылып жататындықтан, үйле­сімсіздік, бірінің істегенін екін­ші­лерінің қайталауы, реті мен маңыздылығы тұрғысынан кейін жасалуға тиісті жұмыстарды алды­мен қолға алуы сияқты кем­шіліктер жиі байқалып келеді.
– 90-жылдардан бастап терминқорымыздың ұлттық сипатын арттыру мақсатында кеңес кезінде орыс тілінен өзгеріссіз қабылданған көптеген терминдердің қазақша бала­ма­лары жасалып, қолданысқа енгізілді. Жұртшылық санасына сіңіп, тілдегі қолданысы енді тұрақтай бастағанда олар қайта қаралып, бастапқы қалпына келтірілді. Мысалы, «бәссауда» 2014 жылы қайтадан «аукцион», 1992 жылы кірген «әнұран» 2014 жылы қайтадан «гимн»,
1998 жылы аударылған «мұражай» 2014 жылы тағы да «музей», 2000 жылы бекітілген «пайыз» қайта­дан «процент», ал «қағидат» енді «принцип» болды. Кеткен кем­шіліктерді түзету, сәтсіз жасалған терминдерді алмасты­рып отыру дұрыс. Алайда осылай әр он-он бес жыл сайын терминдерді қайта-қайта бекітіп, жиі-жиі өзгерте берсек, біз ғылым тілінің, салалық термин­дер жүйесінің орнығуын, тер­мин­дердің тұрақты қолданылуын қамтамасыз ете алмаймыз, – деді Шерубай Құрманбайұлы.
Профессор терминшілер сан мен процент қуалап кеткенін айтады.
– Өткен жылы индикатор бойынша деп 21 мың термин қайта бекітілді. Биыл 24 мың термин, ал келесі жылы 27 мың термин бекітілуі керек. Термин­жа­сам – шығармашылық процесс, шаруашылық емес. Тер­минді шығармашылықпен жасау керек. Мысалы, «задаток­ты» «қарымжы», «фотосинтезді» «сәулеқұрау» деп бекітіпті. Осы сөздерді қолданып жүрген қазақ­тілді маман көргенім жоқ. Онда бәленше мың терминді бекіттік деп жаһанға жар салудың қажеті не?! Термин сөздіктер маку­латура сияқты болып кетті, – деді ол.
Сондықтан Ш.Құрманбайұлы бұл саладағы жұмыстар жемісін беруі үшін бірқатар жұмыстар рет-ретімен, жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс деп санайды. Нақтырақ тоқталсақ, «жоғары білікті терминтанушы ғылыми кадрлар мен практик терминші мамандар даярлау қажет». Екін­ші­ден, бүкіл терминоло­гиялық жұмыстарды басқару мен ұйым­дастыруды дұрыс жолға қойып, бұл істің республикалық деңгейде жүйелі түрде жүргізілуін үнемі қада­ғалап отыру керек. Осы орай­да профессор Үкімет жанын­да­ғы кеңесші орган сана­латын Терминкомның мәрте­бесі мен құзыретін арттыруды ұсы­на­ды.
Қазақстандық сот тәжірибесі бойынша егер заңдағы мемле­кеттік және орыс тіліндегі мәтін­дерде өзара сәйкессіздік пен қайшылық анықталса, орыс тіліндегі нұсқасы басшылыққа алынатыны жасырын емес. Сарапшылардың айтуынша, мұндай масқараға қазақтілді терминдерге қатысты қателер де себеп болды.
Жоғарғы соттың судьясы Бағлан Мақұлбеков заңдардағы қазақша терминдер арасында қайшылықтар барын жасыр­майды.
– Заңнамаларды кіршіксіз орындау үшін оның мазмұны мен мағынасын терең түсініп, ой елегінен өткізу қажет. Заңнама қолданушы маман ретінде түй­генім, соңғы жылдары қабыл­данған заңнамалардың мемле­кеттік тілдегі мәтіндерінде ұзақ жылдар қолданыста болған, халықтың сана-сезіміне сіңіп, қалыптасып кеткен кейбір заң терминдерінің атаулары өзгер­ті­ліп, жаңаша мазмұн мен сипатқа ие болып отыр, – дейді Жоғарғы сот судьясы.
Мәселен, Азаматтық процес­тік кодексінің 8-бабының 5-тар­мағында «иск (заявление)» дегенді «талап қою (арыз)» деп аударған.
– «Талап қою» деген «предъяв­­­ление иска», яғни әре­кетті білді­реді емес пе?! Бұрын қолда­ныс­та болған кодексте талап қоюшы «талапкер» деп аталатын. Жаңа кодексте осы терминнің неліктен «талап қою­шы» деп алынғаны түсініксіз. Өзінің заңмен қорғала­тын құқы­ғы мен бостандығы бұзыл­ды, нұқсан келді деп деп санайтын тұлға сотқа талап-арызын енгізе­ді, сотқа талап қоймайды. Сол сияқты мәселен, қолданыстағы процестік кодексте «имущество» деген термин бұрынғыдай мүлік емес, «нәрсе» деп тәржімаланған. Мұнымен мүлдем келісуге бол­майды, – дейді Бағлан Мақұлбе­ков.
Қалай болғанда да, терминді түзей алмау, бір ізге түсірмеу елдігімізге сын болмақ. Әйтпесе, өзге тілдердегідей теріскейі түскейдегісін түсіне алмайтындай ешқандай диалекті болмаған қазақ тілін бара-бара өзге түгіл, өзіміз де түсінбейтін күйге жетуі­міз ғажап емес.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: