Ғалымның «аспайтын асу, алмайтын қамалы» жоқ

194
0
Бөлісу:

Сүндет Кәрімов 15 жасында орта мектепті тамамдап, жоғары оқу орнына түсіп, инженер-технолог мамандығын алып шығады. Іздену оны ғылым жолына алып келді. Бүгінде ғалым – республикалық жас ғалымдар кеңесінің төрағасы. Сонымен қатар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәріс береді. Еліміздің бүгінгі ғылыми келбеті жайында жас ғалым не дейді?

– Жеңіл және тоқыма өнеркәсібін зерттеуіңізге не түрткі болды?
– Мамандығым бойынша жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласының ин­женерімін. Студент кезімде зауыт­та жұмыс істеу қызық көрі­не­тін. Үш жылдай зауытта жұмыс іс­те­дім. Тоқыма фабрикасында жіп­тер­дің қалай дайындалатынын көзбен кө­ріп, қолмен ұстап, теориялық бі­лім­мен шыңдалдым. Мысалы, қа­ра­пайым мақта талшығынан жіп дайын­­дап, одан мата тоқу дегеніңіз – көп күш пен машиналар мен ме­ха­низмдердің тоқтаусыз жұмыс іс­теуін талап етеді. Түнгі ауысымға түс­кенде ұйқың келеді. Ал маши­на­дан ақау шықса, ең жауапты адам бас инженер мен қарапайым жұмысшы болады. Осындай күрделі жұмыстағы жауапкершілікті сезінгеннен болуы керек, біртіндеп ғалым болуға аң­са­рым ауа бастады.
Еуропаның «Рейтер» фир­ма­сы­нан шығатын машиналардың ме­ха­низмдерінің жұмыс істеу принципі ке­ремет. Мысалы, жіп иіретін R40 ма­шинасында жіпті ұршыққа тар­тып алу, үзілген жіптерді ро­бот­тар­дың жалғауы – көз тоймайтын кө­рі­ніс. Осы техникалық үрдістердің бар­лығы жиылып келгенде, ғылымға де­ген қызығушылығымды оятты. Әлем­дегі механика, машина жасау және математика саласындағы ға­лымдардың басым көпшілігі жеңіл жә­не тоқыма өнеркәсібі сала­сын­дағы машина механизмдерінен экс­перименттік зерттеулер жүргізіп, дис­сертация қорғайтыны тағы бар. Осы дүниелер ғылым саласына шын­дап келуіме ықпал етті.
– Отыздан астам патентке ие екен­сіз. Патент алуда елімізде қандай кем­шіліктер бар?
– Патент жазу ғылымда ин­же­нер­лік жұмыс саналады. Инженер ға­лым үшін, ғылымға енді ғана кел­ген жас зерттеуші үшін отыз патент де­ген – өте аз көрсеткіш. Бір ғана Аль­берт Эйнштейннің үш мың бір жүз­ден астам патенті болған. Бұ­рынғы КСРО-да Антонов, Туполев, Ильюшиндер патент жазуда алдына жан салған жоқ.
Аспирантурада оқып жүрген ке­зімде патент жазуды жеті айдан ас­там уақыттай еңбектеніп, ақыр соңы жоғары деңгейде үйренгенім бар. Мұндағы ең күрделі дүние – фор­мула ойлау.
Біздің елде Әділет министрлігінің құ­рамында «Зияткерлік меншік құ­қығы» деген институт патентпен ай­налысады. Бұл институттың бір кем­шілігі – барлық жұмыс ақылы не­гізде жүргізіледі. Мемлекеттен қар­жы бөлініп қолдау жасалса, біз­дің ел­де де патенттік зерттеу жұ­мыс­тары әлем­дік деңгейде алдың­ғы орынға шы­ғар еді.
– Инженерлік-техникалық тер­мин­дер сөздігі жайында толығырақ айт­саңыз.
– Кез келген мемлекеттің жа­ра­тылыстану, техникалық ғылым сала­сы дамуы үшін тілі дамуы керек. Ғы­лымның тілі ортақ, неғұрлым тү­сінікті, Абайдың сөзімен айтқанда, «тіл­ге жеңіл, жүрекке жылы тиюі» ке­рек. Сонда ғана ортақ ғылыми тіл туын­дап, өзара түсіністік болады.
Алпысыншы жылдарда алғашқы тех­никалық ғылыми сөздік құрас­тырған ғалым, академик Өмірбек Жолдасбеков пен Қалдыбай Бектаев болатын. Міне, содан бері қаншама ғалым, көптеген техникалық сөздік құрастырды.
Жаратылыстану техникалық ғы­лым дамыған сайын жаңа сөздер пайда болып, оны аудару, ғылымның тіліне келтіру заман талабы болып қа­ла береді. Осы мәселелерді ескере ке­ле, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі са­ласында жаңа сөздерді жинағаным бар. Бірақ жұмыс әлі соңына жеткен жоқ. Алдағы уақытта шығарып қа­ламын.
– «Әр адам – өз өмірінің менед­жері» депсіз. Жақсы менеджер атану үшін не істеу керек?
– Кейде журналистер маған «Мем­лекет ғалымдарға қандай мүм­кіндік жа­сап жатыр?» деген сауал қояды. «Осы өмір­ге келіп, осылай ел арасында жүр­геннің өзі – мүмкін­дік» деп ай­та­мын. Мүмкін­дікті әр адам өзі жа­сайды. Мұны қазіргі менеджмент ғы­лымы көрсе­тіп отыр.
Қазақстанның Еңбек Ері, жазу­шы Әбіш Кекілбаев ағамыз бірде ма­ған «бағалай білмегенге бақ қон­байды, қуана білмегенге құт қон­бай­ды» деп айтқан болатын. Осындай сөздерден кейін қалайша өз өмірің­нің менеджері болмайсың.
Ең әуелі білім жинап, өз кәсібің бойын­ша аянбай еңбек ету керек. Әр­дайым білімді жетілдіріп отыру – за­ман талабы. Білікті болу – ел ара­сын­да жүріп, көпті көргеннен бола­тын дүние. Осы екі қасиет бір бойдан табылса, кім де болсын жаман менеджер бола қоймас.
– «Ғылымда кенже қалсақ, өрке­ниет­тен де алыстаймыз» депсіз. Ғы­лым көшіне ілесу үшін не істеуіміз қа­жет?
– Қазіргі кезде кез келген ғалым ғы­лым туралы өз ойын айта беруі мүм­кін. Ең әуелі «өркениет» деген сөз­ге тоқталайықшы. Қазақ хал­қы­ның бүгінгі қолданысына «өркениет» сөзін енгізген – белгілі қоғам қай­рат­кері Өзбекәлі Жәнібеков.
Бүгінгі жаһандану заманында ғы­лымды барынша дамытып, алын­ған нәтижелерді қолданысқа ен­гіз­бесек, өркениет көшінен қалға­ны­мыз қалған. Әсіресе, жаратылыстану тех­никалық ғылым саласына көбі­рек көңіл бөлгеніміз дұрыс. Ха­лықа­ралық «Болашақ» бағдарламасында осы салаға грант бөліп, елімізге қа­жет­ мамандарды үйренуге шақыр­ға­нымыз жөн.
Елімізде жүргізіліп жатқан «Цифр­лан­дыру» саясаты өте дұрыс. Ал өзіміздегі ақпараттық технология сала­сының дамуы енді қарқын алып келеді. Болашақта роботтық техника мен мехатроника саласында маман­дарды көптеп шығаруымыз керек. Ғарыш саласын игеруді де ұмыт­па­ғанымыз жөн. Алдағы уақытта ғы­лым көшіне ілесу үшін жедел түрде бағ­дарлама қабылдап, оны жос­пар­лы түрде жүзеге асырған жөн.
– Шетелде жүрген біздің ғалым­дар жайлы не білесіз?
– Өте тәжірибелі ғалымдар өрке­ниетті елдердің тәжірибелік зерт­ха­наларында жұмыс істейтіні белгілі. Үл­кен көлемдегі ғылыми жаңалық­тың авторларын әр ел өздеріне ша­қырып, жақсы жағдай жасап береді. Мі­не сонда ғана күрделі дүниелер туын­дайды. Өкініштісі, бұл үрдіс біздің елде кенже дамып келеді.
Тоқсаныншы жылдардың ба­сын­да талантты ғалымдардың шетел асып кеткені рас. Бұл үрдіс бүгін де жал­ғасып келеді. Мысалы, физика са­ласында Нобель сыйлығының лау­реаты атанды деген Достай Ра­манқұлов туралы өте аз білеміз. Ал Еуропа мен Америка, Шығыс Азия ел­дерінде ол кісі өте танымал.
АҚШ-тың бір ғана Сан-Фра­н­цис­ко штатында екі мыңнан астам ақ­параттық технология саласында біз­дің елдің жастары жұмыс істеп жүр. Оларды жақын арада елге қай­тару қаншалықты жолға қойылғанын баса айта алмаймын.
Статистикаға сүйенсек, былтыр елі­мізде үш жарым мың академиялық жә­не ғылыми дәрежесі бар білімді аза­маттар дамыған Америка, Еу­ропа, Жапония секілді мемлекет­тер­ге қоныс аударған. Олардың басым көп­шілігі – инновациялық техно­ло­гиялармен жұмыс істейтін мамандар (инженерлер, техникалық кадрлар). Сонымен қатар шет елдерде білім ал­ған білікті жастар да оқыған жер­ле­рінде қалып, өзге елдердің дамуы­на ықпал етіп жатыр. Сарапшылар­дың айтуынша, білімді, білікті жас­тардың шет елдерге кету себеп­те­рінің бірі – елімізде аталған аза­мат­терға тиісті мемлекеттік қол­дау­дың жоқтығы.
– Ғылымның дамуы үшін қай ел­ден үлгі алуымыз керек?
– Қазіргі уақытта әлемде ғыл­ы­мы қарқынды түрде дамыған ел жоқ. Мысалы, Жапония мен Оңтүстік Ко­реяда ақпараттық технология мен робототехника жақсы дамыған. Германияда машина жасау саласы, Үндістан мен Түркияда жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласы, Қытайда хи­мия саласы өте жақсы дамыған. Осы­лай бөліп қарастырған дұрыс. Біз дамушы мемлекет ретінде бар­лық елдің жақсы жақтарын барынша алуы­мыз қажет.
Қазіргі уақытта ғылым сала­сын­дағы мамандарымыздың дені уни­верситетте жұмыс істейтін болды. Ғы­лыми-зерттеу институты деген аты болмаса, күнкөріс қамымен екі ке­менің басын ұстап жүрген ғалым­дарымыз жетерлік. Сондықтан ғы­лым мен білімді университетте да­мытудан басқа амал көріп отырған жоқпын. Оқу орындарының ішінде де түрлі зертханалар мен заманауи құрылғылармен жабдықталғандары бар. Тек жақсы мамандар жағы тап­шы. Өркениет көшіне ілесу үшін ғы­лымға көңіл бөлмей, прогреске же­те алмаймыз. Осы мәселелерді жол­ға қойсақ, біз аспайтын асу, ал­майтын қамал жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу: