СЕРІКТЕСТЕРДІ ТАБЫСТЫРАТЫН АЛАҢ

170
0
Бөлісу:

Атырауда «Атырау мұнай және газ – 2019» XVIII Солтүстік Каспий өңірлік көрмесі ашылды. Көрменің мақсаты – «Atyrau Build – 2019» Атырау облысының инвестициялық әлеуеті туралы, нақты жобаларға және аймақтың экономикасына инвестициялар тарту туралы хабардар ету.

Шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдар­дың, ұлттық компаниялар мен даму институттарының, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері, шетелдік және отандық инвесторлар шақырылды.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев көрменің ашылу салта­на­тын­да өткен жылмен салыстыр­ғанда қатысушылардың саны айтарлықтай өскенін, сондай-ақ көрмеге әлемнің 20 елінен мұнай, газ және құрылыс саласындағы 2 000-нан астам сарапшы қатысып отырғанын атап өтті.
– Бұл көрме 18-рет өткізіліп жатыр. Қатысушылардың саны артқан сайын, компаниялардың географиясы кеңейеді. Бүгінде елімізде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасты. Бұл үшін елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша барлық жағдай жасалып жатыр. Осыған орай, бүгінде біздің облыста 50-ден астам елдің мыңнан астам өкілі жұмыс істейді. Осы күні барлық қатысушылар жаңа серіктестер мен достар табатынына сенімдімін, – деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Көрмеде 50-ден астам шетелдік және қазақстандық компания өздерінің павильондарындағы өнеркәсіптік және мұнай-газ секторына қатысты барлық жабдықтарды таныстырды.
«Атырау мұнай және газ» жыл сайынғы көрмесі Энергетика министрлігі, Атырау облысының әкімдігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, KAZENERGY қауымдастығы, «КазСервис» Қазақстан сервистік компаниялары одағы және Қазақ­стан мұнайшылар қоғамы және геологтардың қолдауымен өтеді. Бұл көрме қатысушы компа­нияларға әлем елдері арасындағы заманауи технологияларды тәжірибелеріне қолдануға, осы­лайша, еліндегі салалық өнер­кәсіптердің дамуына жол ашады. Жыл сайын көрме аясында бірнеше компания арасында өзара ынты­мақтастық құжатына қол қойы­лады. Бұл құжаттардағы серік­тестердің талап пен міндетті мүл­тіксіз орындауы әр елдің ком­паниясы үшін халықаралық нарыққа шығуға жол ашады. Жыл сайын дерлік Атырау қаласында дәстүрлі түрде өтетін мұнай-газ саласына қатысуға ниетті компа­ниялардың қатары артып отыр­ғанының негізгі себебі де осында.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

Атырау облысы

Бөлісу: