Қара құрдымның алғашқы суреті

192
0
Бөлісу:

Event Horizon Telescope Collaboration ғалымдары 10 сәуір күні қара құрдымның (черная дыра) алғашқы тарихи суретін таныстырды. Ғылыми орта үшін аса маңызды жаңалық журналистерді алты қалада (Брюссель, Вашингтон, Токио, Шанхай, Тайбэй, Сантьяго-де-Чили) өткен баспасөз конференциясына жинады. Жерден 55 миллион жарық жылына тең қашықтықта М87 галактикасында орналасқан нысанды суретке түсіру үшін төрт құрлықтағы 8 радиотелескоп пайдаланылған.

Қара құрдым – жойқын тартылыс күші есебінен ешқан­дай материя, тіпті жарық сәулесі де сыртқа шықпай, жұтылып кететін ғарыш бөлігі. Ол туралы алғаш рет XVIII ғасырда жазыл­ды. Осыған дейін қара құрдым тақырыбына арналған теория­лық еңбектер жарияла­нып, математикалық есептеулер ұсынылғанымен, оның бар екенін дәлелдейтін заттай дерек болмады. Еуропа кеңесінің youtube каналында жарияланған баспасөз кон­фе­рен­­циясында жоба жетекшілері «Сіздер бұрын қара құрдымның қаншама суретін көрдіңіздер. Олардың бәрі – болжалды симуляция не анимация өнім­дері болатын. Ал біз ұсынып отырған сурет – шынайы қара құрдымның бейнесі» деп мәлімдеді.
Адамның жанары айнала­дағы заттарды жарық сәулесінің шағылысуы арқылы қабыл­дайтыны белгілі. Қара құрдым­ның көзге көрінбеуін ғалымдар әдетте онда жарықтың болмауы­мен түсіндіреді. Оқиғалар көкжиегі деп аталатын құрдым айналасындағы шекараға түскен материя не зат құрдымға жұты­лып, кері қайтпайды. 1993 жылы Хейно Фальке есімді зерт­теушінің ойына «қара құрдымға жұтылған кей радио­активті сәулелер оқиғалар көк­жиегінен бөлініп шыға ала­тын болса ше?» деген ой келе­ді. Жоба идеясының нобайын 1973 жылы тартылыс күші әсерінен қара құрдым өз көле­мінен 2,5 есе үлкен көрінуі мүмкін екенін бір ғылыми мақа­ладан оқығанымен сабақ­тас­тырған Фальке келесі 20 жылын өз бастамасына қаржы іздеуге арнаған. Ұзақ талқы­лау­лардан соң, Фальке Еуропалық зерттеу кеңесін жобаға қаржы бөлуге көндіреді. Кейін АҚШ Ұлттық ғылыми қоры мен Шығыс Азиядағы агенттіктер жобаға 40 миллион фунт стер­линг бөлді. Жеті жылға жалғас­қан жобада 200-ге жуық ғалым жұмыс істеді. Фальке зерттеу жұмыстарына бағытталған инвестиция ақталды деп есептейді. Ол ВВС ақпараттық құралына берген пікірінде қара құрдымның бар екеніне көз жеткізгісі келгенін, бүгін ойға алғаны орындалғанын айтқан.


Жекелеген телескоптар қара құрдымды жерден қарауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан Гарвард-Смитсон атындағы астрофизика орталығының профессоры Шеперд Доулман өзара байланысты сегіз телескоп құрастыру жобасын қолға алды. Event Horizon атауын алған телескоптар Гавай мен Мекси­кадағы жанартауларда, Аризона таулары мен Атакама шөлінде, Антарктида мен Сьерра-Нева­даға орнатылып, он күн бойы қара құрдымның оқиғалар көкжиегі туралы дерек жинауға жұмылдырылған. Бұл туралы ғылыми ұйымдар арасындағы әріптестікке жоғары баға берген профессор Доулман «Әлемдегі үздік радиообсерваториялар, технология жетістіктері мен инновациялық алгоритмдер қара құрдымға жаңа терезе ашу үшін жұмыс істеді» деді.
Әлемнің әр бөлігіне орна­тыл­ған радиотелескоптар кешені жинаған деректер көлемі өте үлкен болғандықтан, қатқыл дисктер ұшақ арқылы Бонн мен Бостондағы талдау орталығына жеткізілген. Телескоптардан жиналған деректерді біріктіріп, фотобейнені жинау алгоритмін Массачусетс технологиялық институтының түлегі Кэти Боу­ман жазған. Жас ғалым өз жетіс­ті­гімен «Астроном, физик, инже­нер, математиктер бірлесіп, бұрын мүмкін болмай келгенді шындыққа айналдырды» деп бөлісті.
Жоба жетекшілерінің бірі Лучано Реццола «Біздің жаңалы­ғы­мыз оқиғалар көкжиегін математикалық формуладан бақылап көруге болатын заттай дерекке айналдырды» деп түсін­дірді. Хейно Фалькенің айтуын­ша, суреттегі қара құр­дым­ның массасы күн жүйесі­нен 6,5 млрд есе көп.
Бір қызығы, ғалымдар 55 мил­лион жарық жылына тең қашықтықтағы қара құрдымды суретке түсіргенімен, дәл осы әдісті Жер ғаламшары орна­ласқан Құс жолындағы қара құрдымға қолдана алмайды. Өйткені оның айналасындағы отты сақина белгісіз себептермен өте солғын тартып жанады. Сон­дықтан оны жерден телес­коп арқылы қарап, бейнесін сақтап алу мүмкін емес. Бірақ алдағы уақытта бұл байламның да өзгеруі мүмкін.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу: