БАЛАЛАР ЖУРНАЛЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

199
0
Бөлісу:

Алматыда балаларға арналған «Фараби шәкірті» атты жаңа басылымның тұсаукесер салтанаты өтті. Бастаманы белгілі журналист, қазақ пен түрік халықтарының ынтымағына, руханиятына сүбелі үлес қосып жүрген Ахмет Аляз қолға алған.

Бастапқыда 5000 данамен республиканың түкпір-түкпіріне таралуды мақсат еткен журнал­дың ұйымдастырушысы Ахмет Аляздың айтуынша, басылым заманауи жаңа негізде шығарыл­мақ.
– Балаларымыздың әл-Фара­би аталарындай білімге құштар болуын және әлемдік деңгейдегі білімді игеруге деген мақсат­та­рына бағыт беру үшін журналды «Фараби шәкірті» деп атадық. Журнал негізінен үш бағытты негіз етпек. Алғашқысы – адам ресурстарын бағалау, яғни бала­лардың ақыл-ойын, логикасын дамытуға барынша үлес қосқы­мыз келеді. Екінші бағыт – таза балалар шығармашылығына арналады. Олардың өлең, әңгіме, ғылыми ізденістері, салған суреттеріне біздің журналдан орын табылады. Үшіншісі – мектеп өміріне, ғылым мен білім саласына қатысты жаңалықтарды қамту, – дейді Ахмет Аляз.
Тұсаукесер салтанатына қатыс­қан белгілі ғалым, фило­ло­гия ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова да жаңа журналға қатысты пікірін білдірді.
– Біріншіден, журналдың атауы өте сәтті қойылған деп айтар едім. Екіншіден, мұқабада «зерек жасөспірімдерге арналған журнал» деп жазылып тұр. Ахмет­тің айтуы бойынша, журнал 6-сыныптан жоғары оқушыларға арналған, яғни бұл жаста баланың ақыл-ойы қалыптасып, жан-жағына қарап, өзін дамытуды ойлай бастайды. Сондықтан баланың жаңылмай бағытын табуы үшін бұл журнал – таптыр­мас қажетті құрал, – деді Айгүл Ісмақова.
Жиынға қатысушылар қазіргі уақытта журнал ашып, жүргізудің үлкен тәуекел екенін айтып, лебіз­дерін білдірді. Дегенмен жур­­нал, әсіресе, балаларға арнал­ған басылым қазір де ауадай қажет.
– Қазіргі балалар өзгеше. Бәрінің қолында смартфон. Сондықтан олардың тілін тауып, жол нұсқау үшін заманға бейім­делуіміз керек. Ұлттық батыр­ларымыздың, ертегі кейіп­кер­лерінің берілуін қолдаймын. Бірақ параллель басқа да қаһар­мандарды қамту қажет. Бір байқағаным, журнал ішінде түрлі математикалық есеп беріпсіздер. Оның қашанға дейін жалғасарын білмеймін. Негізі оған қызы­ғатындар болады, бірақ аса көп болмайды, – деген белгілі мате­ма­тик Асқар Жұмаділдаев қазір талантты ғалым жастардың көбі­нің шетелде жүргенін айтып, өкініш білдірді. «Ал келер ұрпақ арасынан шығатын талантты балаларды сақтап қалу үшін осын­дай журналдар көбірек керек болады» деп ойын айтты.
Журнал ұжымы алдағы уақыт­та балаларға арналған шаралар мен байқаулар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Атап айтсақ, балғындар мен жасөспірімдердің «Қойнауы – қазына, жері – құт ұлы далам» атты шығармашылық байқауына қатысып, бағалы сыйлықтар жеңіп алуына мол мүмкіндік бар.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: