БАЛҚАШТЫҢ ЖАҒАСЫНАН АЛТЫН ӨНДІРІЛЕДІ

201
0
Бөлісу:

Сарқан ауданының әкімі Марат Разбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауданның Балқаш көлі жағалауы аумағында жұмысын бастайтын Solid Metals ЖШС алтын өндіруге мамырда кірісетінін айтты. Бұл жобаға 1 млрд 635 млн теңге инвестиция тартылыпты. Қазіргі кезде кәсіпорынға қажетті барлық техника алынып, соңғы дайындақ жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылы Сарқан ауданы экономикасы бірқатар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, бірнеше кәсіпорын іске қосыл­ды. Биылға арналған жобалар да баршылық. Соның бірі – жо­ғарыда айтылған алтын шыға­ру зауыты жұмысын бастаса, 60-қа жуық адам вахта­лық жұмыспен қамтылмақ. Әзірге алтынның сынамалары алынып, зерт­ха­наларда тексеріліп, оң нәтиже көрсетіпті.
Былтыр ауданның әлеумет­тік-экономикалық саласында серпіліс байқалған. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу нәтижесінде аудан бюджетінің кірістер бөлігі 1 млрд 334 млн теңгеге жетіп, 2017 жылмен салыстырғанда 107 пайызға артыпты. Тұрғындар мемлекет­тік бағдарламалардың игілігін көре бастаған. Атап айтқанда, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша жергілікті тұрғындар жалпы 166 млн теңгенің несие­сін алып,мал шаруашы­лы­ғын өркендетуге үлес қосыпты. Сарқан ауданы аумағында биік тау, айдын көл мен орман-тоғай жеткілікті. Соған сай өңірде турзимді табыс көзіне айналдырудың аса мол мүмкіндіктері бар. Бұл бағытта да нақты қадамдар жасалуда. «Аманат — а» серіктестігі Чер­касск ауылында 40 адамға арналған қонақ үй мен шаңғы базасын іске қосты.
Жолдар жөнделуде. Мұнда аудандағы бірнеше ірі елді­ме­кенді жанап өтетін Алматы – Өскемен автотрассасының қайта төселе бастауын айрықша атап өткен жөн. Күре жол тақ­тайдай болса, ауданның алыс-жақынмен қарым-қатына­сы да өркен жаяры анық. Облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды ретке келтіруге де қыруар қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыс­тары басталып та кеткен.
Жоғарыда айтқанымыздай, Сарқанда биылға жоспарланған жобалар мен жұмыстар жетерлік. Бірінші кезекте ауылшаруа­шы­лығы өнімдерін өндіруді 35 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Қант қызылшасының көлемін 850 гектарға арттырып, 2 850 гек­­тарға жеткізбек. «Арлан» қожалығы 3 000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салуда.
Өнеркәсіп те өркендей түседі деген батыл болжам бар. Инвестициялар тарту да ілгері­леген. Ең бастысы мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашудағы алғашқы қадамдар өз нәтижесін бере бастаған.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы

Бөлісу: