Жабық тақырыпты ашық айтқан жөн бе?

404
0
Бөлісу:

Youtube желісінің қазақстандық сегментінде трендке ілінетін тақырып аясы тар. Аты шулы телебағдарламалардың толық нұсқалары, біреудің жеке өміріне қатысты бұрын-соңды еш жерде айтылмаған «ақиқат», әзілкештер әзірлеген кештер. Интернет-контентке шектеу қою қиын. Бірақ телеарналардан азғындықты насихаттағанға білдей Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі неге үнсіз? «Көрерменнің көргісі келетіні осы екен» деп жеке басқа жағымсыз жарнама жасау қашанға дейін жалғасады?

Телеарналардан көрерменге жол тартатын шоу-бағдарламалар туралы осыған дейін де жазғанбыз. Бұл жолы да қалам тартпасқа болмады. Өйткені күні кеше «желіні жарған» хабар қоғамда қызу талқыға түсті. Қалайша жарды дейсіз ғой? Пәктігін алдымен 1 миллионға, кейін сұраныс көбейген соң 2 миллион теңгеге өсірген 19 жастағы бойжеткен отандық арнаның тікелей эфирінен көрінді. «Жетінші арнадан» берілетін «Өз ойым» ток-шоуы бұған дейін де түрлі тақырыптарды қозғап, трендке ілінген. «Шала танысым 30 шақты рет зорлады» шығарылымы 1,3 миллион рет қаралған. Қаралымы осымен шамалас тағы бір хабардың тақырыбы – «Жалаңаштану – жарнама ма?». Бірақ мойындау керек, «Мұғалімнің мәртебесі неге төмен», «Қарттар үйіндегі қиыл тағдырлар» сынды қоғамға қозғау салуы тиіс шығарылымдардың желіні жаруға шамасы жетпеді. Бар болғаны 4-5 мың қолданушы тамашалаған. Ақталуға  таптырмас айла – сұраныс сондай.

 «БАҚ туралы Заңның» 13-бабының 3-тармағының толық нұсқасы мынадай. «Қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық басымдықты насихаттау немесе үгiттеу, мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария ету, суицидті насихаттайтын, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңiнде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты тарату, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды насихаттау, порнографиялық және арнайы сексуалдық-эротикалық сипаттағы теле-, радиобағдарламаларды, теле-, радиоарналарды тарату, сондай-ақ кино және бейнеөнімдерін көрсету, бұқаралық ақпарат құралын сайлау алдындағы үгiт жүргiзу, шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзуге кедергi болатын және (немесе) ықпал ететiн қызметтi жүзеге асыру шарттарын бұзу, үгiтке тыйым салынған кезеңде оны жүргiзу, ереуiлге қатысуға немесе қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу, Қазақстан Республикасының бейбiт жиналыстарды, митингiлердi, шерулердi, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы, Интернетте авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасын бұзу мақсатында пайдалану, сондай-ақ осы Заңның 10-бабының 6-тармағында көзделген талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бұқаралық ақпарат құралының шығарылуын не бұқаралық ақпарат құралы өнiмiнiң таратылуын тоқтата тұруға негiз болады».

  Молдияр ЕРГЕБЕКОВ, Сүлейман Демирел университеті профессоры, медиа зерттеуші:

Жыныстық мәселені порнографияға айналдырмау керек

Алдымен порнография мәселесіне тоқаталайын. Бұған байланысты негізгі 4 ғылыми көзқарас бар. Құқықтың көзқарас: Бұл қай көріністің порнография болатынын, ал қай көріністің порнографияға жатпайтынын анықтаудан бастап, жалпы порнографияға байланысты қандай заңдар қабылданып, қандай реттеулер жасалуы тиіс екенін зерттейді, пікірталасады. Сонымен қатар оған заңды түрде рұқсат етілуі немесе тыйым салынуы сынды мәселелермен де айналысады. Инженерлік көзқарас: Мұны IT-инженериясы саласының көзқарасы десек те болады. Порнография болғанда әсіресе балалар порно-бейнелерінің таралымын, көрілуін және т.б маңызды мәселелерді тоқтату үшін күреседі. Феминист көзқарас: Порнографияның адамдарды әйелдер мен балаларға бағытталған зорлық-зомбылыққа баулитынын алға тартады. Психологиялық көзқарас: Бұл әсіресе порнографияның психологиялық әсерлерін, порнография мен зорлық-зомбылық қатынастарын және адамдардың оған деген ұстанымдарын зерттейді. Психологиялық көзқарас, әсіресе зорлық-зомбылыққа толы порнография мен адамдардағы жыныстық шабуыл қылмыстары арасында байланыстың бар екенін де көптеген зерттеулер арқылы алға тартты. Сонымен қатар порнографияның әйелдерге бағытталған өшпенділікке, яғни мизогинияға баулитынын және онсыз да мұндай ерекшелігі бар адамдарды жыныстық қылмыс жасауға итермелейтінін дәлелдеді.

Десек те порнографияға байланысты әр елде ұстаным әрқалай және ненің порнография болып, ненің болмайтынына байланысты көзқарастар да әрқалай. Эротика мен порнографияның шекарасы қай жерде басталып қай жерде бітетіні жайында да нақты көзқарас жоқ. Сонымен қатар теледидар немесе кинематография, интернет сынды экранмен сипатталатын медиа салаларының жыныстық «білім берудегі» маңызы жайында да көптеген зерттеулер мен ғылыми көзқарастар бар. Бұл зерттеулер үнемі бір қарама-қайшылықтың бар екенін көрсетіп келеді. Бір жағынан, теледидардың жағымды ерекшелігі туралы айтылады; өйткені теледидар бір қарағанда жыныстық тәрбиеші рөлін іске асыра алады. Мысалы теледидардың жалпыға қолжетімдігі, нақтылығы және кең тарауы, қоғамды жыныстық қатынас жайында қысылмай-қымтырылмай тиімді тілде ақпараттандыруға мүмкіндік береді. Әсіресе жастарға жыныстар арасындағы достық қарым-қатынас пен жыныстық қатынас туралы әр түрлі модельдер ұсына алады. Екінші жағынан, теледидардың теріс әсерлері де бар. Мұндағы көптеген бағдарламалар, тіпті порнографиялық бейнелерге ие болмаса да қоғамның жыныстық біліміне теріс ықпал ететін зиянды бағдарламалар болуы мүмкін. Елімізде де соңғы жылдары қоғамның жыныстық біліктілікке деген ынтасын пайдаланып, көптеген порнографиялық бағдарламалар көбейіп кетті. Псевдо-психолог, псевдо-көрермен және екі жүргізуші арқылы іске асатын бұл жанрдағы бағдарламалар қоғамның жыныстық өмірге деген көзқарастарын бұрмалап, әсіресе әйелдерге деген өшпенділікке көрік басып жатыр. Жыныстық мәселелерді порнографияға айналдырмастан теледидар немесе өзге де медиа түрлерінде талқылауымыз керек. Талқылағанда ғылыми көзқарас және ғылыми зерттеулердің нәтижелері басымдыққа ие болуы тиіс.

Асхат Садырбай, тележүргізуші:

Шын жаны ашығандар шоуды жауып, аноним клуб ашсын

Осы уақытқа дейін алдыңғы буын ғой, өзім ТВ саласында жүріп әріптестердің кемшілігін айтқаным дұрыс болмас деп келдім. Жақында «Өз ойым» бағдарламасында өзінің және құрбысының пәктігін саудаға салып бизнес жасап жүрген бикештің әңгімесін тыңдап, шок болдым. Бүгінге дейін бұл бағдарламада қаншама арсыз нәрселер ашық насиxатталып келді, қоя ма десек жоқ, керісінше күшейіп барады. Редакцияда бағдарламаны дайындап жатқанда бұл кейіпкерлердің әңгімесі жұртқа не береді, жастардың санасына қалай әсер етеді деп ойлайтын маман жоқ па сонда? Әлде рейтинг жинаудың ең арзан тәсілі ме? Сол рейтинг сіздерге қанша теңге табыс әкеледі, айтыңыздаршы? Бір қауым ел боп ақша жинап берейік, сіздер бұл бағдарламаны көрсетпей-ақ қойыңыздар. Күндіз жұмыс болғандықтан эфирді көрмеймін. Бірақ үйде аналарымыз, әйелдеріміз, жеңгелеріміз, қарындастырымыз түскі прайм-таймдағы бұл бағдарламаны тамашалайды. Басқа не істейді, бүгінгі тв-ның сиқы мынау: бұл уақытта бір арнада «Кел, келінімнің» кейіпкерлері шаш жұлысып жатады, бір арнада – «Қалаулым», ал, бір арнада – «Өз ойым». Көрерменде таңдау жоқ, осы үшеуінің біреуін көруге мәжбүр. Бізге дәл осындай кейіпкерлерге арналған, осындай нәрселерді насиxаттайтын ток-шоу қажет емес. Бал ара – гүлге, шыбын-шіркей қоқыс-күлге қонады. Қоғамның қоқысын бықсыта бергеннен не пайда? Неге біз жақсыны айтып, жақсыны насиxаттамаймыз? Бізден басқа ешқандай ел мұндай шоуды көрсетпейді. Көрші Ресейде немесе басқа елдерде бар десеңіз, иә, оларда бола береді, бірақ дәл осы бағытта емес. Оның үстіне ол елдің тәрбиесі, дүниетанымы, менталитеті бөлек. Ал, біз қазақпыз, мұсылманбыз. Бізге бұл нәрселер жат. Мұндай бағдарламалар Өзбекстанда, Қырғызстанда, Әзірбайжанда, Тәжікстанда, Түркияда, Қытайда, Кореяда, тіпті кейбір батыс елдерінде де көрсетілмейді (өз көзіммен көрген елдерді айтып отырмын).

Әр ауылдың бір тентегі бұрын да болған, қазір де бар. Бірақ оларды қалай адам қылатын еді жұрт? Күлкі қылып, мазақ етіп пе? Жоқ! Жаманын жасыратын, жақсысын асыратын. Сөйтіп әр ауыл өз тентегін өзі жөнге салатын. Құрметті «Өз ойым» бағдарламасының жетекшілері, Ләйлә Сұлтанқызы, егер сіз тағдыр тәлкегіне ұшыраған қаракөздерге шынымен жаныңыз ашыса, бір қыздың қателігін мың қыз қайталамасын десеңіз, адасып жүргендерді тура жолға салам десеңіз, мына шу болған шоуды жабыңыз да, аноним клуб ашыңыз. Мамандарды, дәрігерлерді, кейіпкерлерді сол жерге шақырыңыз да проблемаларын тыңдаңыз, қолдан келгенше күресіңіз. Тек одан шоу жасап, жаман нәрсені жалпақ жұртқа насиxаттаудың қажеті жоқ. Себебі әркімнің өмірі әр түрлі, сан қилы тағдыр бар, олардың әрқайсысына жаныңыз ашыса солай жасаңыз.

Қанша мыңдаған адам алдына қаймықпай шыққан қыз жайлы іздестірдік. Сөйтсек, блогер Нұрболхан Шарапов бойжеткенмен телефон арқылы тілдесіпті. Инстаграмдағы парақшасына екеуінің видео-әңгімесін жариялаған. Айнұр есімді қыз бағдарламаға қыздық перде жайлы тақырып болады деп шақырғанын айтады. Алматыдан Нұрсұлтанға дейінгі жол шығыны төленген. Бас қалаға келген соң бағдарлама редакторлары «сен қазір эфирге шыққанда пәктігімді сатамын деген ұстанымда боласың. Бірінші инста-сториесіңе сондай хабарландыру шығар. Мен скриншот жасап аламын, өшір деген кезде алып тастайсың. Эфир бойы пәктігіңді сататыныңды айтып, позицияңды берме» депті. «Бәрінің хайп екенін түсініп тұрмын. Бірақ өміріме зиян тигізіп жатыр. Негізі бағдарламаның өтірік екенін айтпа, әйтпесе заңмен қудалаймыз деген. Енді қорқып тұрмын» дейді Айнұр. Бойжеткенді оқуынан, жатақханадан да шығарып жіберіпті. Шындықтың беті осылайша ашылып қалды. Бағдарламаның продюсері Жангелді Ғаббасовқа хабарласқанымызда, кейінірек сөйлесейік деді. Одан кейін жолдаған сауалымызды жауапсыз қалдырды. Барлығы бір тараптан ғана берілмес үшін «Өз ойымның» тізгіншісі Алмас Алтайға сұрақ қойдық. «Бағдарламаға қатысты сын-пікірлерді жиі естимін. Бәріне адекват қарап, түртіп алып жүруге тырысамын. Кейін жиналыста соларды тізіп шығамын да, талқыға саламыз. Енді эфир мәдениетіне келсек, өрескел ештеңе істеп жатпаған сияқтымын. Басында кейіпкердің төсін ұстады дегені біраз шу болған. Ол режиссерлық шешім болатын. Камераның ракурсы дұрыс болмады. Әйтпесе қолым қыздың төсіне 15-20 см жетпеген еді. Украиналық құрылтайшылар эфир алғаш шыққан кезінде осындай ел назарын аудартатын іс-қимылдар жасатқан. Сөйлеу мәдениетіне қатысты айтсам, шын өмірде олай сөйлемеймін. Маған сондай нұсқау берілген» дейді. Сонымен бірге тележүргізуші елде проблема болса, оның айтылып, талқыға түсуі тиіс деген пікірде. «Көпшілік жабық тақырып қозғалған төрт-бес шығарылымды ғана айтады. Бағдарламада үш рет елордадағы кәріз қақпақтарының ашылып, балалардың қайтыс болғаны туралы хабар жасадық. Оның «Өз ойымда» талқыланғанын ешкім айтпайды. Гейлерді эфирге шығарғанда жарнамалауды емес, керісінше жиіркендіруді көздейміз. Жүргізуші ретінде сцнарийге бағынамыз. Негізгі бағытты алдын-ала бекітеді. Бірақ кейіпкерлерді ашу үшін басқа да сауалдар қойып отырамыз» дейді Алмас Алтай.

Тақырыптың тоқетері:  Рейтинг жинау мақсатында қатысушыларға рөл бекіту, кейіпкерді қолдан құрастыру бұрыннан бар. Оның қайсы рас, қайсы өтірік екенін көпшілік біледі. Бірақ ауылдағы ағайынмен әңгіме айта қалсаң, бағдарламаның шоу екеніне сенбейді. «Қалаулымға» қатысқан талай қыз-жігіттер кейін өздерінің жай ғана рөл ойнағанын мойындады. Толықтай қолдан жасалмаса да, «бүгін эфирде мынаумен төбелес» деген сынды тапсырмалар сценарий екені бесенеден белгілі. Сол сияқты жанжалдан көз ашпаған «Кел, келінім» бағдарламасы да жабылып бір қуантты. Онсыз да жасандылық жаулаған қоғамда үстіне тағы бір қабат жапсырған жөн бе? Талғамыңызды тағы бір шолып шығыңыз. Не қарап жүрсіз? Не қарағыңыз келеді?  

Жадыра АҚҚАЙЫР

 

 

Бөлісу: