МҮГЕДЕК БАЛАНЫҢ ЖӘРДЕМАҚЫСЫН ТАБЫСҚА ҚОСҚАНДАРДЫҢ НЕ ОЙЛАҒАНЫ БАР?

895
0
Бөлісу:

Осы жылдың 1 сәуірінде мақұлданған Атаулы әлеуметтік көмек туралы заңы 15 сәуірде күшіне енеді. Заң күшіне енбей тұрғанда Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін отбасылардың кірісіне қатысты бапты алып тастау керек. Бұл пікірді «Ақ жүніс» ерікті аналар ұйымының Астана бөлімшесінің жетекшісі Мейрамхан Жәпек мәлімдеді.
«1.Бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы. Егер бұл бап күшіне енсе, аналар жаңа туған нәрестесіне қарамай жұмыс істеуге мәжбүр болады. Қоғам болып ана баласы үш жасқа келгенше үйде бала күтімімен отырсын, оған жәрдемақы төленсін деп талап етіп жатқанда, бұлары не?
2. Мүгедек баланы бағуға берілетін жәрдемақы. Дені-қарны сау баланы бағу қандай мехнатты екенін белгілі, ал мүгедек баланы бағып-қағу оңай ма?
3. Несие. Осы жылдың (2019) қаңтар, ақпан, наурызында алған несие кіріс ретінде саналады екен. Адамдар жетіскенінен несие алмайды. Қазір жұрттың бәрінде (депутаттарды айтпағанда) несие бар. Несие және жоғары пайызбен беріледі. Несие отбасы үшін қып-қызыл шығын. Енді оның өзін кіріс деп санау кімнің ойына келді екен?!
4. Алимент. Кіндігінен тараған баласына болмашы қаражатты төлемей қашып жүрген әкелер қаншама?! Бұл ақша әйелге емес балаға қарау үшін беріледі. Ендеше, алиментті кіріске санаған Үкімет те, депутаттар да баланың жайын мүлдем ойлап отырған жоқ!
5. Зейнетақы. Адамдар жылдар бойы жұмыс істеп бейнетінің зейнетін көргісі келеді. Еңбекақысынан салық төлейді, енді келіп оны кіріске санау ақылсыға сыйымсыз.
6. Жеке қосалқы шаруашылық (ЛПХ). «Адамдарға балық бермей қармақ беру керек, кәсіпкерлікті жаппай дамыту керек» деміз биік мінберлерден. Егер адамдардың бақшасындағы алма ағашы мен қорадағы тауығын санайтын болсақ кәсіпкерлікті, фермерлікті қалай дамытамыз?», – дейді Мейрамхан Сағынқызы.

Ол бұл пікірін Facebooc әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялады. Бұл жазба әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Әзірге 110 адам бөлісіп, 120 адам пікір қалдырған.

Тұмар МЫРЗА

Бөлісу: