Қызметпен қамту маңызды

239
0
Бөлісу:

Ақтөбе облысындағы «Ақбұлақ» АҚ-та мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру, оларды негізсіз жұмыстан шығару фактілеріне жол бермеу, еңбек құқықтарының сақталуы және әлеуметтік ортаға тартудың маңыздылығы туралы жиын өтті. Онда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүмкіндігі, еңбек кезіндегі кездесетін кедергілер мен қиындықтар айтылды.

Ақтөбе облысында былтыр 219 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмысқа орналасқан екен. Оның 93-і – «Жұмыспен қамту туралы» заңның 9-бабына сәйкес квотамен қызметке тұрғандар. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Зәмзагүл Нағашыбаева мәлімдеді.

– Бүгін 99 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Ал биылғы  жоспарымыз бұл көрсеткішті 128 адамға жеткізу. Осы жылы мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін 45 мекеме 92 орынға квота белгілесе, қазір 46 адам тұрақты жұмысқа қабылданды, – дейді ол.

Зәмзагүл Нағашыбаеваның айтуынша, 2018 жылдан бастап «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңға өзгерістер енгізілуіне байланысты, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін Ақтөбе қаласындағы 7 мекемеде  арнайы жұмыс орындары құрылып, олар 9 мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмысқа қабылдаған.

Мекемедегі бастауыш партия ұйымы төрайымы Гүлнара Манепова осы кезге дейін  әртүрлі топтағы 26 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Бұл мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлердің 6 пайызы, яғни квота жоспары артығымен орындалған. Оған қоса І және ІІ топ мүгедектеріне кезекті еңбек демалысына 7 күн қосылады және қажетінше материалдық көмек көрсетіледі.

Мәселен, І топ мүгедегі Темірбек Ахметов мекемеде 7 сағатпен жұмыс істеп жүр. Ол жұмысы жеңіл екенін айтады. Ал ІІІ топ мүгедегі Жанерке Таубаеваның осы мекемеге бақылаушы болып жұмысқа орналасқанына 4 жыл болыпты. Бала жастан мүгедек әйелдің жұмыс берушілерге шағымы жоқ. Дегенмен, мүгедектерді жұмысқа орналастыруда мәселе де жоқ емес. Ірі кәсіпорындардың ішінде жұмыстың ауырлығын айтып, квотадан бас тартатындары бар. Ал кейбір жұмыс берушілер жұмысшы мамандықтарға ғана квота белгілеп отыр. Оған кейбір мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығы жарамайды. Оларға күзетші немесе киім ілуші сияқты жұмыстар ыңғайлы екені де басқосу барысында айтылды.

Отырыс қорытындысына орай, жиынға қатысушылар мүмкіндігі шектеулі жандардың мүдделері ескеріліп, оларға қолайлы жағдай жасау шараларын жалғастыра беретінін жеткізді.

Әбілмансұр ЖАСАН

 

Бөлісу: