БАЙ БОЛУДЫҢ БІР ЖОЛЫ

231
0
Бөлісу:

Бізде бағдарлама көп. Әр салаға арналған. Кәсіпкерлікті дамыту, туризмді дамыту, әлеуметтік жағдайды дұрыстау деген тәрізді… Солардан не қайыр?

Қазір Бердібек Сапарбаев бас­таған министрлік көпбалалы ана­ларға кәсіп табуы үшін гранттар береміз дегенді бастады. Ауыл тұрғындарын кәсіпкер­лікке қайта даярлаймыз деп қан­шама қаражат бөлінді. Тігінші, шаштараз, аспаз мамандықтарына даярланған адамдар не қолында шикізаты жоқ, не өткізер өнімі жоқ, әшейін дал боп отыр…
Қазақстан мал шаруашылы­ғымен танымал ел еді. Осынау сайын далада мыңғырған мал болды. Өткен ғасырдың басында Қазақ елінде 41 миллион жылқы болды деген дерек бар. Қазіргі жылқы, сиыр, қой мен ешкі, түйе атаулының жалпы саны сол межеге жетпейді. Қазақстандағы қой мен ешкіні қоса алғандағы саны 18 мил­лион халықтың бір-бірден жетектеуіне де жетпей тұр.
Дала жатыр. Малсыз… Мал бағудан да қалғандаймыз…
Былай жасалса: еліміздегі мың сан бағдарламаға жұмсалатын қаражатты бір арнаға тоғыстырсақ; «әр қазақ бай болсын» деген мақсат болса, бұл үшін кең дала төсінде киіз үй үлгісіндегі осы заманғы бас­пана – ішінде ыстық және суық суы бар, әжетке қажет дүниенің бәрі салынса; спутниктік және ин­тернет байланыстары орна­тылса, мал бағамын деген азамат­тың алдына қалауынша мал берілсе; Қытайдағыдай үкіметтің малы кез келген уақытта санақ есебінде тұрса; артылғанын баққан адам кәдесіне жаратса!
Қазір Израиль мен Бельгияда қазақтың киіз үйі үлгісіндегі заманауи баспаналар салынып жатыр. Үлгіні солардан алсақ, өзіміздікін қоссақ.
Кәсіпкерліктің дамуы деген сонда болмай ма? Мыңғыртып мал өсірсек: етін, сүтін, жүнін кәдеге асырсақ; сайын даланың төсінде мыңдаған ақшаңқан үй тұрса, миллиондаған мал өріс толтырса, туризм деген сонда дамымай ма? Кең далаға асфальт жол салудың қажеті шамалы. Ондай жолы жоқ Моңғолия туризмі қалай тартымды болып отыр?
Бұдан не ұтар едік? Біріншіден, халық кәсіпті және нәсіпті болар еді. Ішкені – алдында, ішпегені – артында. Қаптаған жұмыссыздық жоғалады. Екіншіден, халықтың денсаулығы түзеледі, таза және табиғи азық-түлік тұтынады. Атқа мінеді, айбарлы болады. Үшінші­ден, «Дүниежүзінде мал өсіруден
6 000 ғасырлық керемет тәжірибесі бар елді көреміз деп» туристер де ағылар еді. Ең басты нәрсе – төрт түлікке тамыры байланған тіліміз қайта жанданар еді! Қазір том-том болып қатталып, сөреде тұрған, осы заманғы қазақтар қолдана бермейтін «Бабалар сөзі» байырғы қалпына оралар еді!
Түбінде осыған келеміз. Қазба байлық түгесіледі. Мұнай сарқы­лады. Газ тартылады. Сонда не істейміз?
Адамзат баласы қай ғасырда алшаң басып жүрсе де асқазанын бос қоя алмайды. Бәрінің өңеші бар. Азық-түлік қай елге де керек. Кеңірдектен өтетін кен мал шаруа­шылығында тұрған жоқ па?
Оң жамбасқа келетін, оңтайға көнетін осындай тірлік басталса, талай нәрсенің есесі түгенделер еді ғой!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: