«ҚҰТТЫ МЕКЕН» ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ КӨТЕРЕДІ

443
0
Бөлісу:

Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның XVIII съезінде «Құтты мекен» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Бұл жоба 7,5 млн ауыл тұрғынының жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Ол үшін, ең алдымен, Үкімет әкімдермен және мәслихаттармен бірігіп, келешегі бар ауылдарды іріктеп, әлеуметтік нысандар мен интернаттар тұрғызу жұмыстарын жүргізуді жүктеген-ді.

Нұрсұлтан Әбішұлы «Құтты мекен» жобасы туралы айта келе, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры­ның басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің Ауыл шаруа­шылығы министрі болып тұрған жылдары жүргізілген тәжірибені еске салды.
«7 мыңнан астам ауылды үш топқа бөліп қарастырдық. Халық саны көп, орталықтағы ауылдар­ды ары қарай дамытып, жағдайы орташа ауылдарға көмектесу керек. Сосын кішігірім ауылдар бар. 10-20 үйі бар ауылдарға аурухана, мектеп салудың қажеті жоқ. Сондықтан аудан орта­лық­тарының инфрақұрылымын жақ­сарту кезінде бірден интер­наттар тұрғызу керек. Себебі, ба­лалар сапалы білім, сапалы меди­цинасы бар жерде өсуі тиіс. Ауылдармен осындай тәсіл ар­қылы жұмыс істеуіміз қажет», – деді.
Содан бері сең қозғалды. Жоба шеңберінде инженерлік инфра­құры­лымды дамыту, ауызсумен қамту, жол құрылысы, интернетпен қамтамасыз ету сияқты жұмыстар жүзеге асырыла бастайды. Нәти­жесінде, жастар­дың ауылда тұрып, жұмыс істеуіне де қолайлы жағдай жасалады.
Nur Otan партиясының хат­шысы Илья Теренченконың пі­кірінше, «Құтты мекен» жо­басын жүзеге асыру барысында, ал­дымен барлық деңгейдегі мәсли­хаттар­дағы партия фрак­цияла­рының жанынан құрылған «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламала­рының орындалуын бақылау жө­ніндегі комиссиялар­дың әлеуетін тиімді пайдалану керек. Екіншіден, жобаның маңы­зын халыққа кеңі­нен түсін­діру жұмыстарын жүргізу маңыз­ды. Үшіншіден, мемлекеттік бағ­дарламаларды жүзеге асыру кезіндегі құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, партия сондай олқылықтың алдын алуы тиіс. Сондай-ақ ол аталған жоба аясында жүргізілетін партиялық бақылау аумақтық, аймақтық және орталық болып, үш деңгейде ұйымдастырылатынын тілге тиек етті. Таратып айтсақ, партияның аумақтық филиалында бұл жобаға мониторинг жүргізетін топтар, бастауыш партия ұйымдары мен белсенділер, сондай-ақ қоғамдық қабылдаулар тартылады.
Партияның аймақтық филиа­лында жобаны партия куратор­ларының комиссиясы, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарла­малары жөніндегі комиссиялар, қоғамдық кеңестер мен партия­лық бақылау комиссиясы на­зарында ұстайды. Ал партияның Орталық аппаратында Бес әлеу­меттік бас­таманы жүзеге асыру­­ды бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес, партия кураторларының комиссиясы, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» ко­миссиялары, партиялық бақы­лау комиссиясы «Құтты мекен» жо­басы аясындағы жұмыстарды бақылайтын болады. Жобаның әу бастағы мақсаты – инженерлік және әлеуметтік ин­фрақұрылым­дарды дамытуға пар­тиялық ба­қылау орнату. Жоға­рыда атап өткен партияның үш буыны осы міндетті атқарады. Жоба шеңбе­рінде инфрақұры­лымын дамытуға мұқтаж елдіме­кендерді, құрылыс үшін әлеумет­тік және инженерлік инфра­құ­рылымдар нысандарының тізімі анықталады. Аймақтық сапалы өмір стандартына негіз­делген елдің жаңа картасын құру. Өкі­летті құқық қорғау және бақы­лау­шы органдармен өзара байла­ныста жұмыс істейді. Депутаттар мен партия резервінде тұрған кадрлардан нысандарға бақылау жасайтын мониторинг тобы құрылады. Ал қоғамдық бақылау үшін халықтың белсенді бөлігін тартуды ұйымдастыру да қарас­ты­рылған. Мәслихаттардағы пар­тия фракциялары инфра­құ­ры­лымды дамытуға жоспарланған бюджет қаржысын мақсатты пайдалану мәселесін назарда ұстайды. Бұл өз кезегінде ин­фра­құрылымдардың уақытында пайдалануға берілуіне, қазына қаржысының тиімді жұм­салуына, мердігер компаниялар­дың жауап­кершілігін арттыруға, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік береді.
Осы тұста бір мысал, «Құтты мекен» жобасы аясында Павло­дарда апатты баспананың орнына бой көтеріп жатқан жаңа көп­қа­батты үй партия бақылауына алын­ған. Нәтижесі сол, бұл үйдің құры­лысы сапалы әрі уақытында орын­далып жатыр. Енді бүгінге дейін апатты үйде тұрып келген 80-ге жуық адам жаңа баспанаға көшеді.
Павлодардағы «Сарыарқа» шағынауданында орналасқан 9 қабатты үйде 72 пәтер бар. Был­тыр құрылысы басталған бұл нысан мердігердің жауапсызды­ғынан тоқтап қалған еді. «Құтты мекен» жобасы арқылы құрылысы жанданған баспана 7 шілдеде тұрғындарға берілмек.
«Сан тех пласт» ЖШС дирек­торы, Nur Otan партиясының мүшесі Бауыржан Бекмұрзаевтың айтуынша, тұрғын үйдің 9 қа­баты бітіп тұр, бүгінде ішкі өң­деу жұмыстары атқарылып жа­тыр.
«Менің ойымша, белгіленген уақытта бітіреді. Әлеуметтік ин­фрақұрылымды дамыту кезінде жемқорлыққа жол берілмейді. Себебі, өңірлерде бой көтеретін нысан құрылысын арнайы мо­ни­торингтік топ бақылады. Жобаға жауапты инспекторлар да бекі­тілген. Олар бұдан бөлек, тұрғын­дар ұсынысын да ескеруге мін­детті. Осылайша, бастама рет-ретімен іске асып, ауылдарды дамыту қарқын алады», – дейді ол.
Ал «Құтты мекен» партиялық жобасының жетекшісі Нұрлан Бай­мұрзаевтың пікірінше,
мақ­­сат – уақытында, сапалы нысан­дар салу.
«Заңсыздық, сыбайлас жем­қорлық, ұрлықтар мен басқа жағ­дайлар болмауы тиіс. Бас партия съезінде Елбасы бұл істе алдымен ауылдарда интернат тұрғызу қа­жетін атап өткен. Балалар сапалы білімі мен медицинасы бар жерде өсуі қажет деген. Біз осы жағына баса мән береміз», – дейді.
Шымкент қаласында тұрғын үйлер құрылысы жоғары қарқын­мен жүріп жатыр. Қала тұрғын­дарының әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын баспанамен қам­туға да басымдық берілген. Осы ретте кешенді іс-шаралар ат­қарылып келеді. «Былтыр қалада 4 289 пә­терлі 69 үй пайдалануға берілсе, биыл 2 833 пәтер ел игілігіне тап­сырылмақ. Тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың 80 пайызын жалға берілетін бас­пана­мен қамтамасыз ету үшін жыл сайын 3 000 пәтер пайда­лануға берілуі керек екен. Кезек­те­гі азаматтардың қалған 20 пайы­­зын несиелік баспанамен қамту мүмкіндігі болады» дейді қалалық мәслихаттағы партия фракциясының мүшесі Бекайдар Төлегенов.

Н.Назарбаев:
– 7 мыңнан астам ауылды үш топқа бөліп қарастырдық. Халық саны көп, орталықтағы ауылдар­ды ары қарай дамытып, жағдайы орташа ауылдарға көмектесу керек. Сосын кішігірім ауылдар бар. 10-20 үйі бар ауылдарға аурухана, мектеп салудың қажеті жоқ. Сондықтан аудан орта­лықтарының инфрақұрылымын жақсарту кезінде бірден интер­наттар тұрғызу керек. Себебі, ба­лалар сапалы білім, сапалы меди­цинасы бар жерде өсуі тиіс. Ауылдармен осындай тәсіл ар­қылы жұмыс істеуіміз қажет.

Айдана БЕГІМ

Бөлісу: