Ауылдың көркейгенін көрсек дейміз

508
0
Бөлісу:

Алдағы үш жылда ауыл-аймақтар гүлденеді. Бұлай дейтін себебіміз – Елбасы Nur Otan партиясының XVIII съезінде жаңа жоба жасауды тапсырған бола­тын. «Ауыл – ел бесігі» ата­латын жобаның мақсаты – ауыл­дағы ағайынның ахуалын жақсарту. Бұл мақ­сатта бүгінде бюджет бөлініп, атқаралатын жұмыстардың жоспары жа­салды. Енді алда жемісті жүзеге асыру міндеті ғана тұр.

Ауылдың әлеуметтік-эконо­микалық дамуына жастардың қосар үлесін көбейту керек. Со­нымен бірге, жоба кәсіпкерлікті жаңғыртып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеруді де мақсат етеді. Партия бастаған халықаралық жобаның бүгінде үш бағыты белгіленді. Біріншісі – әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Бизнес өкілдерімен бір­лесе отырып, алдағы үш жыл ішінде Қазақстан бойынша 1000 мек­тептің алдынан спорт алаң­дарын салып, ауылдағы кітапхана­лар базасында 1000 коуоркинг орталықтарын құру жоспарланып отыр. Екіншісі – ауылдағы кадр мәселесін жолға қою. Осы мақ­сатта «Дипломмен – ауылға» жо­ба­сын одан әрмен жетілдіріп, жақ­­сы жағдай жасай отырып,
жас ма­­ман тарту көзделеді. Үшін­шісі – елдімекендерде жастардың кә­сіп­керлікке бет бұруына мұрын­дық болу. Бүгінде жастардың ба­сым көпшілігі кеңседе сегіз сағат сандалғаннан гөрі жеке кәсібін ашып, ісін дөңгелеткенді құп кө­реді. Осы ретте «Ауыл – ел бесігі» жобасы бизнес бастаймын деген жастарға таптырмас көмекші бола алады. Биыл 500 ауыл шаруашы­лығына 2000 жас тәжірибеден өтуге бағытталады. Соның нәти­жесінде ірі шаруа қожалықтарына 500 жасты тұрақты жұмыспен қамту жоспарда бар. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен саласында 200 жастар жобасын жүзеге асы­руы­мыз тиіс.
Айтқандай, бюджеттен қаржы қарастырылды. Ақша негізінен елдімекендердегі инженерлік инфрақұрылымды қалыптас­ты­руға, жол салуға, және әлеуметтік мақсаттағы нысандар салуға жұм­салады. Алдағы үш жыл көлемінде осы бағытта 90 млрд теңге игерілуі тиіс. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі жер-жерде отбасылық ферма ашатындарға да көмек көрсетілетіні туралы айтқан бо­латын. Яғни, ниет танытушылар өз жоспарын жүзеге асыру үшін жеңілдікпен берілетін шағын несиеге сүйене алады. Кооперация ісін дөңгелетуге арналған қаржы мөлшері 20 миллионнан асады.
Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының XVIII съезінде бірнеше мәселелерге ерекше тоқ­талып, Үкіметке тапсырма берген еді. Елбасы «Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырамын. Оған 2019-2021 жылдарға 90 млрд теңге бөлінсін. Адамдарға жұмыс берсек, сол жерде қалып, тұрақты еңбек етеді. Бізде шағын несие, тегін кәсіптік білім беретін бағдарлама, жол картасы бар. Мүмкіндік көп. Нақты жұмыс істеу қажет. Тұрғын үй, жол салып, коммуникация тарту қажет, шағын және орта бизнесті дамыту керек. Ауылда да ақша тауып, ел қатарлы тұруға болады. Өңдеу өнеркәсібін да­мытуға болады. Осыған мысал болатын ауылдарымыз бар» деген болатын. Сонымен қатар Елбасы алдағы уақытта жол құрылысына 350 миллиард теңге бөлінетінін атап өтті. Бұл болса, өз кезегінде, 2025 жылға дейін елді 95 пайыз жолмен қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді. Сөз соңында Нұрсұлтан Әбішұлы ауылдарға газ және су құбырларын тарту мә­селесін назардан тыс қалдырмау қажет екенін айтты.
Еліміздің қай аймағының болсын стратегиялық тұрғыдан маңызы жоғары. Оны дамыту жо­лында Үкімет те, барлық әкімдер де аянбай еңбек етуі тиіс. Көр­сеткіш қуып, популизм үшін емес, әлеуметтік мәселені оң шешіп, аймақтарды дамыту үшін қолға алғаны қажет. Мәселен әр жерде аймақтық даму әртүрлі. Бір об­лыста жол мәселесі жақсы қолға алынса, енді бір облыста жағдай нашар. Елбасы бұған әкімдер кінәлі деп атап өткен болатын. «Кей әкімдер жақсы жұмыс істеп, мәселелерді оң шеше алады. Сол сияқты тұрғындармен бетпе-бет кездесуден қашып, қажеттілігін айтса, мәселенің мәніне бойламай­тындар да бар. Әкім қашан да халқына жақын болуы шарт. Бізде ауылдарды дамытатын түрлі бағдарламалар бар. Ресурстар да жеткілікті бөлініп жатыр. Бірақ халық нақты нәтижені көре алмай отыр. Бұлай істеуге болмайды» деп ескерту жасаған еді.
Өмір сапасының стандартын жаңадан қалыптастыру керек. Ең алдымен, шалғайдағы ағайынның жиі айтатын мәселесі – су мен газ. Әлі күнге дейін ауызсу мәселесі шешілмей, газбен қамтылмай отырған аймақтар жетерлік. Кім­нің болса да мөлдір таза су ішіп, үйін қиындықсыз жылытып отыр­ғысы-ақ келеді. Дегенмен осы проблемасы «күйіп» тұрған ауыл-аймақ әр облыстан табылады. Сумен жабдықтауға Нұрсұлтан Әбішұлы 140 миллиард теңге қосымша қаражат бөлуді тап­сырған еді. Бұл дегеніңіз – орта есеппен 2,2 миллион адамның мәселесін шешуге көмектеседі. Ал газ жүргізу, электрмен жабдықтауға 190 миллиард теңгеге жуық бө­лінеді. Аймақтарды электрмен жаб­дықтау өте сапалы жүргізілуі тиіс.
Ауылда тұратын 7,5 миллион тұрғынның жағдайын жақсартуға жағдайымыз жетуі керек. Бұл жөнінде Елбасы бірнеше рет айт­қан болатын. Сол мақсатта әкімдер мәслихатпен бірлесе отырып, Үкімет болашағы бар ауылдарды іріктеуі қажет. Осы­лайша іріктел­ген соң әлеуметтік саланы дамы­тып, интернеттар құрылғаны жөн. Егер осы мақсат орындалып, жос­пар жүзеге асырылса, ауылдары­мызды өсім мен тұрақты даму нүктесі етуге мол мүмкіндік бар.
Аймақтарды дамытуда Қы­тайдың тәжірибесін қолдануға бо­лады деседі яғни, халық тұтына­тын тауарларды өндіретін ауыл­дарды бизнесті дамыту керек. Яғни, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу арқылы мол табысқа ке­нелуге болады. Сондай-ақ сол жерлерде тұрғын үйлер салып, жолды жөнге келтіріп, коммуни­кация жүргізуі шарт. Артынша әлеуметтік нысандар салып, ша­ғын және орта бизнесті жемісті жүргізуге жол ашылар еді. Мұны көрген көрші ауылдар да осы бағытқа тартыла бастайды. Дамуы жөнінен артта келе жатқан ауыл тұрғындарына бұл да – бір мүм­кіндік. Жұмыссыздық жайлаған қоғамда осылайша мәселелер оң шешілер еді.
Nur Otan партиясы Төрағасы бірінші орынбасары өткенде Ақ­төбе облысына іс-сапармен барған еді. Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған топ алдымен Қобда ауылына ат басын бұрған. Кейін Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл — ел бесігі» және «Құтты мекен» партиялық жоба­лары аясында аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыс­тар барысымен танысты. Алдымен Қобда ауылындағы денешынық­тыру және сауықтыру кешеніне барған олар ғимарат ішін аралап шығып, ауданның жас спортшы­ларымен кездесті.
Бұдан соң Мәулен Әшімбаев пен Оң­дасын Оразалин Исатай Тайманов атындағы Қобда мектеп-гим­назиясында болып, мектеп ғима­ра­тында ашылған «Рухани жаң­ғыру» жобалық кеңсесі мен бала­ларға арналған «Тегін 1000 ІТ сынып» партиялық жобасы аясын­да ашылған ІТ сыныптың жұмысы­мен танысты. Өз кезегінде аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбет Елордадан келген партия өкіліне аудан жастарының Жастар жы­лында кәсіпкерлік саласында мем­лекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын жобаларын таныстырып, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Осы ретте Ақтөбе облысында «Ауыл қамқор­шысы» атты игі бастаманың қолға алынғанын атап өткен жөн. Соған сәйкес жергілікті кәсіпкерлер өз туған ауылдарын қамқорлыққа алып, оның дамуына қолдау көр­сетіп келеді. Нәтижесінде, өткен жылы облыстағы атымтай жомарт азаматтар ауылдық жерлерде жалпы сомасы 2 млрд теңгені құрайтын 344 жобаның жүзеге асырылуына мұрындық болған. Биыл да «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таппақ.
Бұл – тек бір облыстың ау­данында жүзеге асқан істер ғана. Алда еліміздің барлық аймағында осындай оң өзгерістер бола береді деп ойлаймыз. Жергілікті билік өкілдері мен кәсіпкерлер асқан ыждаһатпен, шынайы махаббат­пен іске кірісер болса, шарапатын әу бастан сезінуіміз тиіс. Әлеу­меттік, экономикалық маңызды аймақ – ауылдың дамығаны сол аймақтың тұрғындарына ғана емес, күллі Қазақстан үшін маңызды.

Н.Назарбаев:
– Кей әкімдер жақсы жұмыс істеп, мәселелерді оң шеше алады. Сол сияқты тұрғындармен бетпе-бет кездесуден қашып, қажеттілігін айтса, мәселенің мәніне бойламай­тындар да бар. Әкім қашан да халқына жақын болуы шарт. Бізде ауылдарды дамытатын түрлі бағдарлама­лар бар. Ресурстар да жеткілікті бөлініп жатыр. Бірақ халық нақты нәтижені көре алмай отыр. Бұлай істеуге болмайды.

Айша ЕРСҰЛТАН

Бөлісу: