Үкімет делегациясы – Таразда

423
0
Бөлісу:

Премьер-министр орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған, құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.Жыл­­қы­баев, Ден­саулық сақтау вице-министрі Л.Ақтаева, Инвес­ти­­ция­лар және даму ми­нистрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері коми­тетінің төрағасы М.Жайым­бетов бар үкімет делегация­сы Жамбыл облы­сында жұмыс сапарымен болды. Жұмыс тобына Nur Otan пар­тия­сы­ның хатшысы Тамара Дүйсенова да қосылды.

«10 сәуірде Елбасы Nur Otan партиясының Орталық апп­ара­тында құрылымдық бөлімшелер жетекшілерімен кездесті. Кез­десуде біріншіден негізгі мәселе Nur Otan партиясының XVIII сьезінде берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде айтса, екін­шіден, партияның төрт ұлттық жобасы негізінде атқарылатын шараларға тоқталды. Үшіншіден, Nur Otan партиясы мүшелерін кезектен тыс өтетін Президент сайлауына белсенді қатысуға шақырды», – деді Nur Otan пар­тиясының Хатшысы Тамара Дүйсенова.
Гүлшара Әбдіқалықова қазіргі таңда ел көлемінде кәсіпкерлер жо­ғары әлеуметтік жа­уапкер­ші­ліктерін танытып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға кө­мек беріп жатқанына тоқ­талды. Вице-премьер кә­сіп­орын басшыларынан қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін ше­шіп қана қоймай, олардың жұ­мыс кестесін де қолайлы жағ­дай­ға ыңғайластырып беруін сұрады.
Келесі кезекте Г.Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде тараздық тұрғындармен кездесті. Басқосуға көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасы мүшелері, еңбек ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында Гүлшара Наушақызы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттары қазіргі таңдағы әлеуметтік сая­сат шеңберінде, әрбір тұрғынның тұрмыс сапасын арттыру мақ­сатында жүзеге асып жатқанын ерекше атап өтті. Жиында тұрғындар үкіметтік жұмыс тобының мүшелеріне сауалдарын жолдап, нақты жауап алды.
Бұдан соң премьер-министр орынбасары Тараз қалалық №5 ем­ханаға ат басын бұрды. Емдеу ме­кемесінде болып, оның жұмысы­мен танысқан Г.Әбдіқалықова Жамбыл облысындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мәселелері бойынша жиын өткізді.
Бүгінгі таңда облыс бойын­ша халыққа денсаулық сақтау ­жүйесінің 30 аурухана және 148 амбула­ториялық-емханалық ұйымдары медициналық көмек көрсетуде. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін дәрігерлер үлесі барлық дәрігердің 60,4 па­йызын құрайды. Қазіргі кезде аймақта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 31 жоба іске асып жатыр. Сондай-ақ республикалық бюджет есебінен облыс орталы­ғында
200 орындық онко­ло­гия­лық диспансер құрылысы жүргізілуде.
Вице-премьер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің инфрақұрылымының даму деңгейіне көңіл бөлді. Осы күні Гүлшара Наушақызы Жамбыл жоғары политехникалық колледжінің материалды-техникалық базасымен танысып, колледж сту­денттерімен еркін форматта кездесу өткізді. Кездесуге қатыс­қан жастар мемлекеттің жүргізіп отыр­ған жастар саясатын қолдайтындарын жеткізіп, орамды ойларын ортаға салды. Жиында адами капиталдың дамуының негізі білім­нен бастап, әлеуметтік-еңбек саясатының өзекті аспектілері талқыланды. Жамбыл ауданының тұр­ғыны Маханбет Рахимжанов жас­тарды жұмыспен қамту мәселесінің өзектілігіне тоқталып, ол бойынша өзінің бірқатар ұсынысын жеткізді.
Жамбыл облысындағы жұмыс сапарының соңында премьер-министр орынбасары Г.Әбдіқалықова облыс басшылығына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Әбілмансұр ЖАСАН

Бөлісу: