Теренченко тұрғындарды тыңдады

413
0
Бөлісу:

Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен Nur Otan партиясы қашанда жаңа ойлар мен тың бастамаларға мұрындық болып келеді. Әсіресе партия тұрақты әрі жүйелі түрде ұйымдастыратын қоғамдық қабылдау бөлмесі көмекке зәру, мүмкіндігі шектеулі жандарға кез келген істе көмек қолын созып, күрмеуі қиын мәселелерді оңтайлы шешіп келеді. Мұнда келушілердің басым бөлігі әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерін алға тартады.

Nur Otan партиясы Орталық аппаратының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша қабылдау өтті. Nur Otan партиясының хатшысы Илья Теренченко басшылық еткен кездесуге Nur Otan партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Бақыт Темірова, Nur Otan партиялық бақылау қызметінің басшысы Асан Сағадиев, «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Nur Otan партиялық бақылау қыз­метінің хатшысы Дәурен Бижұманов және т.б. қатысты.
Қабылдаудың алғашқы қонағы зейнеткер, ІІ-топ мүгедегі Сабыр Сарыбаев еліміздегі жетекші партияға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді. Ол әсіресе барлық ұйымдастырушылық мәселелерде құқықтық көмегін аямаған пар­тиялықтарға дән риза. Әңгіме барысында зейнеткер «Жас Отан» Жастар қанатының еріктілеріне де алғысын жеткізді. Шығыс Қазақстан облысынан келген Сабырбай Сахариев «Ауыл – ел бесігі» партиялық жобасының шеңберінде «Жеке қосалқы шаруашылық­тарды субсидиялау» жобасына қолдау көрсетуін сұрады. Өз кезегінде партия хатшысы Илья Теренченко кәсіпкер Сабырбай Сахариевтің ұсынысына үлкен қызығушылық танытып, партия мүшелеріне және Шығыс Қазақстан облысы «Жас Отан» Жастар қанатының өкілдеріне фермердің мем­лекеттік органдармен диалогына толық қолдау көрсетуді тапсырды.
Қабылдау бөлмесіне келген елорда тұрғыны Ерлан Иманбаев Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының жеке тұлғаларымен мемлекеттік сатып алу рәсімдерін бұзу және жүздеген құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі туралы айтып, ша­ғым­данды. Кездесуге сондай-ақ Алматы, Қостанай, Жамбыл облысының тұрғындары да бейнебайланыс арқылы байланысқа шығып, түрлі мәселелер бойынша сауалдарын жолдады. Алматы облысынан Қайыркеш Омаров жер телімінің жалға алу мерзімін ұзарту мәселесі бойынша өтініш-тілегін айтып, қоғамдық қабылдау меңгерушілерімен байланысқа шықты. Нәтижесінде Қ.Омаровқа толық құқықтық қол­дау көрсету тапсырылды.
Жалғас Әлібаев «Психология және денсаулық», «Астрофизикалық космологиялық констант», «Денсаулық сақтау жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың сандық әдісі» жобаларын іске асыру мәселелері бойынша өтініш-тілегін айтты. Ал Қостанай облысынан байланысқа шыққан Абай Баймұратұлы мемлекеттік органдардың әрекеттеріне шағым жасай отырып, сот шешімімен келіспейтінін жеткізді.
Жамбыл облысының тұрғыны Рахат Итқұлова құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекеттеріне шағымданды.
Қоғамдық қабылдау бөлмесінде 20-ға жуық адам Nur Otan партиясының хатшысына сауалдарын жолдады. Оның ішінде соттар мен құқық қорғау органдарының, басқа да мемлекеттік құрылымдардың іс-әрекеттері туралы шағымдар, жергілікті билік өкілдерімен кездесулер ұйымдастыру және т.б мәселелер бойынша өтініш-тілектер айтылып, түрлі сауалдарға жауап берілді. Қабылдау соңында Илья Теренченко барлық азаматтардың мәселесін өз бақылауына алып, құзырлы мекемелерге тиісті тапсырма берді.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу: