Ел тағдырын айқындайтын маңызды оқиға

497
0
Бөлісу:

Бәрімізге белгілі, 9 сәуірде Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жа­рия­лағаннан кейін «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жыл­дың 9 маусы­мына тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл оқиға біздің қоғамда үлкен серпіліс тудырды.

Президент сайлауы – еліміздің саяси өміріндегі ең маңызды оқиға. Қазіргі сайлау науқаны жаңа саяси жағдайда жүріп жатыр, бұған ерекше назар аударылып отыр. Сайлауды жариялау процесі қысқа мерзімде және барлық рәсімдерді қатаң сақ­тай отырып орындалғаны атап өтуге тұрарлық.
Президент Қ.Тоқаев Елбасымен ке­ңес­кенін, шешімін Конституциялық кеңес­пен келіскенін атап өтті. Парламент палаталарының спикерле­рі­мен, Премьер-министрмен, парла­менттік пар­тия­лардың көшбасшыларымен кездесулер өткізілді.
Шын мәнінде, біз элитаның, барлық саяси және қоғамдық күштердің транзиттік кезеңнің қисынды аяқталуын барынша тез, ашық және заңды түрде қамтамасыз етуге ұмтылуға қол жеткізген уағдаластығы туралы айта аламыз.
Әрине, алдағы кезектен тыс президенттік сайлау – маңызды саяси оқиға. Сайлаудың еліміздің одан ары даму бағытын айқындайтын жалпымемлекеттік мәні зор. Бұл сайлау уақыт талабына сай, соңғы саяси өзгерістердің қисынды жалғасы екені айдан анық.
Наурыз айында жоғарғы билік Ата заңның талаптарына сәйкес ауысты. Мұның бейбіт жолмен, тұрақтылық пен болжамдылық сақталған жағдайда өтуі аса маңызды болды.
Осының барлығы билік тұрақтылығының жоғары деңгейін, демократиялық институттардың пәрмендігін, саяси мәдениет пен азаматтардың бірлігін көрсетті.
Бұл ретте біз тәуелсіз Қазақстан тарихында биліктің тұңғыш рет берілгенін естен шығар­мауымыз керек. Әлемнің түрлі елдерінде биліктің берілу процестерімен ілесе жүретін қиындықтар аясында Қазақстан осы күрделі кезеңде барлық саяси ойыншылардың саяси даналығы мен жауапкершілігін көрсетті.
Сонымен қатар әлем бір орында тұрмайды, үнемі өзгеріп отырады. Күрделі геосаяси процес­тер, әлемдік экономикадағы дағдарыс, әлеуметтік мәселелердің шиеленісуі, дінаралық қақ­ты­ғыстар – осының барлығы басқарудың тиімділігі мен қоғамның тұрақтылығын талап етеді.
Біз халықаралық қоғамдастықтың, шетелдегі әріптестеріміздің, оның ішінде шетелдік инвес­торлардың Қазақстанда жүріп жатқан билік транзитін мұқият қадағалайтынын ұмытпауымыз керек. Олар үшін айқындық, ішкі тұрақ­тыл­ық, саяси және экономикалық бағыттың сабақтастығы маңызды. Ел ішінде транзиттік кезеңнің созылуы қоғамда, іскерлік қоғамдастық арасында бұлыңғырлықтың өсуімен қатар жүруі мүмкін.
Бұл туралы сарапшылар көп айтты, әлеуметтік желілерде жазылды. Сондықтан экономиканы, әлеуметтік саланы одан ары дамыту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету міндет­терін табысты шешу үшін дамудың жаңа ке­зеңін айқындауда Қазақстан азаматтарының сайлау құқығын тиімді іске асырудың маңызы зор.
Осыған орай, сайлау өткізу ішкі және ­сыртқы саясаттың сабақтастығы мен дәйектілігі жағдайында қоғамның одан ары іс-қимыл жасауына мүмкіндік береді. Сайлау биліктің заңдылығын нығайтуға, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Мұның барлығы Елбасы ұсынған стратегиялық бағдарламаларды тиімді іске асыруды жалғастыруға мүмкіндік береді. Сайланған Президент мемлекет басшысының функцияларын жүзеге асыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болуға халықтың сенім мандатын алады.
Осылайша, мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасы айқындалған бағдарламаны жүзеге асыруға қазақстандықтардың толық сенімін иеленетін болады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр­ғандай, саяси транзит жағдайында, этносаралық және дінаралық қатынастар мәселесі деструктив күштер өз мақсаттарына жиі пайдаланатын «қауіп-қатер ошағы» санатына жатады.
Қазақстандағы этносаралық жағдай тұрақты, позитив қалпында сақталып отыр. Елбасының басшылығымен Қазақстан халқы ассамблеясының көпжылдық қызметінің арқасында еліміздің барлық этностары азаматтық ұстаным қағидаттарына шоғырландырылған.
Бірде-бір этностық топ оқшаулану стратегия­сын ұстанбайды, бұл сайлау науқаны барысында этностықты саясиландыру әрекеттерін айтарлықтай дәрежеде жоққа шығаратыны сөзсіз.
Ассамблея өкілдері ретінде біз президент сайлауы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті одан ары нығайтуға ықпал ететініне сенімдіміз. Сайлау еліміздің алдында тұрған барлық міндеттерді табысты шешу үшін халықты шоғырландыру процесіне серпін береді.
Қазақстан халқы ассамблеясы елдің жетекші қоғамдық ұйымы ретінде осы бастаманы қоғамның белсенді қолдауын қамтамасыз етуді азаматтық борышы санайды.
Осыған байланысты, 10 сәуірде біздің ұйымның көптеген құрылымдары өкілдерінің қатысуымен Ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Мәжілістің Ассамблеядан сайланған депутаттары, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің басшылары, қоғамдық келісім кеңестерінің, аналар кеңесінің, ғылыми-сараптамалық кеңестің, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өкілдері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, журналистер клубы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өз сөздерінде ел президентін мерзімінен бұрын сайлау туралы шешімді толық қолдайтынын жеткізді.
Кеңес қорытындысында Қазақстан халқы ассамблеясының алдағы кезектен тыс президенттік сайлауды қолдайтыны туралы үндеу қабылданды. Сонымен қатар ол барлық қазақстандықтарды осы шешімді Қазақстан халқының игілігі мен өркендеуі жолында, болашақ ұрпақтар үшін жасалып отырған бірден-бір дұрыс таңдау ретінде қолдауға шақырды.
Баршамыз елдегі тұрақтылық, бейбітшілік пен тыныштық, азаматтардың қауіпсіздігі үшін кез келген басқа тәсілдердің қауіпті екенін түсінеміз.
Жалпы алғанда, сарапшылардың пікірлері, БАҚ-тағы және әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды талдау, көпшіліктің пікірі бұл шешімнің қоғамда оң қабылданғанын көрсетеді. Біз алдағы сайлауда тұрақты дамып келе жатқан және өз болашағына сеніммен қарайтын ел ретінде болашақ даму бағытын бірге айқындайтынымызға сенеміз.
Әрине, Қазақстан халқы ассамблеясының 29 сәуірде өтетін ХХVII сессиясында қазақстандық саясаттың заманауи мейнстримі ретінде кезектен тыс сайлау тақырыбы туралы талқыланатын болады.
Бұл сессия 2019 жылғы көктемдегі Қазақ­станда болған ауқымды өзгерістер мәнмәтінінде өзінің саяси сипаты мен мәні жағынан ерекше болады.
Біріншіден, сессия алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевтың Тұңғыш Президент – Елбасы ретінде төрағалық етуімен өтеді. Бұл оның ерекше демократиялық сипатын көрсетеді, Елбасы мен халықтың маңызды әрі қызықты сұхбаты өтеді.
Екіншіден, Ассамблея сессиясы Қазақстан халқының Елбасының стратегиялық бағытын ұстанатынын, оның саяси бағытының сабақ­тастығын сөзсіз растайды.
Үшіншіден, сессия елдегі жаңа саяси жағдайлардағы бірлік пен келісімді нығайтудағы заманауи бағыттар мен тәсілдерді айқындайды, елі таңдаған көшбасшы – Елбасының айналасына халықты топтастыруға қуатты серпін береді.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күннің саяси күн тәр­тібінде реформалар, ілгерілеу, азаматтық атса­лысу алдыңғы орынға шығатынын, ал қо­ғам­дық тұрақтылық, халықтың бірлігі мен келі­сімі біздің дамуымыздың іргелі басымдықтары болғанын және болып қала беретінін атап өту қажет.
Қазақстан халқы ассамблеясының XXVII сес­сиясы жаңғыру мен реформалау үдерістеріне, сондай-ақ мемлекет пен қоғамның базалық не­гіз­дерін нығайтуға да өз үлесін қосатынына, ал ал­дағы президент сайлауы тәуелсіз Қазақстан та­рихының жаңа парағын ашатынына сенімдімін.

Жансейіт Түймебаев,
Қазақстан халқы ассамблеясы
Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі

Бөлісу: