Үй қанаты – лифт

483
0
Бөлісу:

 Лифт – жүк көтеретін машинаның бір түрі, заң тілінде «ғимараттар мен құрылыстарда адамдарды және жүктерді кабинада бір деңгейден екіншісіне тасымалдайтын» тік жүрісті құрылғы. Онсыз адамзат аспанға бой созған зәулім үй түгілі, бірер қабатты ғимарат туралы да армандай алмас еді.

Әлемдегі алғашқы лифт ресми түрде 1743 жылы француз патшасы XV Людовиктің Версальдағы сарайында пайда болды деп есептеледі. Король оны жоғары қабаттағы нақсүйерінің орынжайына еш қиналыссыз көтерілу үшін орнатқан деседі. Рас, байырғы дерек көздерінде біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырда Мысырда, біздің заманымызға дейінгі І ғасырда Ежелгі Римде адамдарды жоғары-төмен тасымалдайтын құрылғылардың болғаны айтылады. Римдік сәулетші Витрувий де Архимедтің біздің заманымызға дейінгі 236 жылы адам мен зат көтергіш аппаратты тұрғызғаны туралы жазады. Ресейде 1795 жылы өнертапқыш И.Кулибин бұрандалы жолаушылар лифтінің конструкциясын ойлап тауып, орыс императорының «Қысқы сарайына» орнатқан.
Ұзақ жылдар бойы тек патшалардың ғана игілігі болып келген лифтінің заманауи және жалпыға арналған түрін дүние­жүзілік көрмеде (қазіргі EXPO) 1854 жылы америкалық өнертап­қыш Элиша Дж. Отис жаһанға паш етті. 1987 жылы оның өнертабысы тұңғыш рет әмбебап дүкендердің бірінде орнатылған және алғашқыда тауарларды жоғарғы қабаттардан түсіру және кері көтеру үшін қолданылыпты. Себебі, оған кіруге адамдар қорқатын болған.
Бірінші электрлі жолаушылар лифтін 1880 жылы Siemens & Halske (Сименс унд Хальске) неміс фирмасы дайындап шықты. Ол 22 метр биіктікке небары 11 секундта көтеретін еді. Содан бері адамзат үшін заңғар ғимараттар салудағы ­басты кедергі жойылды. Мысалы,­ 1974 жылы тұрғызылған, 2009 жыл­ға дейін Sears Tower деп аталған, АҚШ-тағы қазіргі екінші ең биік ғимарат саналатын 108 қабаттық Уиллис-тауэрде (Willis Tower) 106 лифт бар. Оның 16-сы – екі қабатты. Яғни, бірден екі қабатта жолаушыларды қабылдап, түсіре алады. Олар 412 метрді бір минуттан сәл асатын уақыт ішінде еңсереді.
Қазақ тіліне қазір «жеделсаты» деп аударылып жүрген лифт Қазақстанда алғаш рет Кеңес Одағы тұсында, соғыстан кейінгі жылдары пайда болды. Айтпақшы, алғашқы лифтілердің қайда орнатылғаны құпия ұстал­ған. Кейін 1960-80-ші жылда­ры олар сол кездегі астанамыз ­Алматыдағы өкіметтік маңызды ғимараттарда және бірқатар көпқабатты үйлерде орнатыла бастады.
Кеңестік бастапқы жүк және жолаушылар жеделсатысының сыртқы есігі автомат түрде емес, қолмен жабылатын. Яғни, бұл құрылғыны пайдалану үшін ең алдымен арнайы нүкте-кнопканы басып, лифтінің келуін күту керек болатын. Содан ке­йін оның сыртқы есігін, ізінше лифтінің өзінің есігін ашу қажет етілетін. Ішіне кіргесін, қажетті қабатты таңдайсыз және дірілдеп, дүркіреген құрылғының көздеген жеріңізге аман-есен жеткізуін іштей тілейсіз.
Сыртқы тұрқы тек үрей ту­ғы­затын, іші ит байласа тұрғысыз тар, темір торды көзге елестететін кейінгі КМЗ-58 типті ке­ңестік лифтілер де жайсызды­ғы сыртында, «жайбасар» шабан болатын. Оның ішінде ешкім де қалып қойғысы келмейтін.
Жүйке жүйесі әлсіз адамдар торшадан шахтадағы жеделсаты құрылғыларының сатыр-сұтыр жұмысын қорқасоқтай бақылап, қабаттар арасындағы ауыстыр­ғыштардың тасыр-тұсыр дыбыстарына сезік­пен құлақ түріп, ауыр лифт ақыры жұлқылай кілт тежелгенде селк етіп, әбден зәресі кетіп, иманы ұшқандай болатын.
Сондықтан болса керек, лифтер мамандығы аса сыйлы еді. Оларды қазақстандық ірі қалалардағы лифтісі бар үйлердегі тұрғындардың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін танитын, не зат сұраса, беттен қақпайтын. Лифтілердің ебедейсіз кабинасы, механикалық құрауыштары ұдайы күтімді қажетсінетінін айтпағанның өзінде, диспетчерді шақыру бас­тырмасының жиі істен шығуы ондай үйлерде лифтер адамның үнемі отыруын талап ететін. Әйтпесе, жеделсаты тоқтап қалса, лифтердан жақын дос, құтқарушы, жанашыр қалмайтын.
Қазіргі заманғы осындай құрылғылар бұрын адам естімеген технологиялармен жабдық­талуда. Мысалы, дүниежүзінде сымсыз байланысты пайдаланатын, суперэкология­лық, жайлы, бұрынғыдай машиналық бөлімі жоқ жинақы және 40 жылдық кепілдікті мерзімі бар процессорлық лифтілер кең таралған. Мұндай лифтілерді елордадағы үкіметтік ғимараттарда, Алматыдағы ірі бизнес орталықтарында кездестіруге болады. Нұр-Сұлтан қаласының Есілдің сол жағалауындағы орталығында, көптеген жаңа нысанда жапондық «Мицубиси» компания­сы өзінің алдыңғы қатарлы осындай құрылғыларын орнатқан. Олардың құны ғимараттың биіктігіне (көтеру қуаттылығы әртүрлі), ішкі дизайнына, жылдамдығына (0,2 метр/секундтан бастап, бір қабатты 1 секундтан да аз уақытта еңсеретіндері бар) және басқа да сипаттамасына қарай әртүрлі болып келеді. Transport Tower әкімшілік ғимаратында, мысалы, жылдамдығы әртүрлі лифті­лер қызмет етеді.
Бұдан бөлек, астанада өне бойына ендірілген лазерлер толық шығып үлгермеген адамды есікпен қысып тастаудан сақ­тайтын, шахтаға құлау кезін анықтап, тежеу үшін сыртқы ауа қысымын үнемі бақылауда ұс­тай­тын жүйесі бар озық лифтілер де кездеседі.
Әлем қазір жеделсатыларды тіпті «жасанды интеллектпен» жабдықтау жайын зерделеп жатыр. Нәтижесінде, бұл құрылғылар батырма-кнопкалардан ары­лып, дауыспен басқарылатын болады; олар күтушілер көп жиналған қабаттарды анықтап, трафикті реттейді; ғимарат мүлкін бүлдіруші бұзақыларды шектеу шараларын қолданады; кабиналарды жолдауда басқа да басқарушылық шешімдер қабылдайды деп күтілуде.
Әйткенмен, Қазақстанның көптеген өңірі үшін әзірге қалыпты жүріп-тұратын, қауіпсіз қарапайым лифтінің өзі мұң болып тұр.
– Бүгінде, шынын айту керек, еліміздегі лифт шаруашы­лығының басым бөлігі нормативтік пайдалану мерзімінен асып кетті. Сондықтан осы мә­селені шешу үшін бұдан былай Қазақстанда лифтілерді ауыстыру және оларға жөндеу жұмыстарын қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады. Яғни, бұған ­ті­келей әкімдіктер жауапты болады, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.
Әйтпесе, қаржы жинап, жедел жаңа лифт сатып алуға тұрғындар қаражаты жетіспейді. Бірақ бұл тегін сыйлық емес, қайтарымы қарастырылған қарыз ақша болатынын да айта кеткен жөн.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, елімізде 18,7 мың лифт бар. Соның ішінде 16,2 мыңы – ­жолаушылар лифті. Қалған 2,5 мыңы – жүк лифті.
Тұтастай алғанда, республикада 7 мың көпқабатты тұрғын үй лифтімен жабдықталған.
– Қазіргі қолданыстағы осы 18,7 мың лифтінің тек 14,4 мы­ңы ғана жұмыс істеп тұр. Қалған 4,3 мың жеделсаты жөндеуді немесе толық ауыстыруды талап етеді. Жалпы, лифтілердің орташа тозу деңгейі 33 пайызды құрайды. Тұрғындар лифтілерге жөндеу жүргізу немесе оларды ауыстыру туралы шешімді өздері қабылдайды. Тиісінше жобалық-сметалық құжаттар әзірле­ніп, бекітілуге тиіс. Оның негізінде жергілікті бюджет есебінен жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Содан кейін тұрғындар 8 жылдан 15 жылға дейінгі мер­зім ішінде жұмсалған қаржыны коммуналдық қызметтердің тү­бір­тегі – бірыңғай төлем құжаты арқылы қайтарады. Мысал үшін алсақ, астанада бір пәтерден 2,5 мың теңгеден 3 мың теңгеге дейін жиналады, – деп түсіндіреді лифтілерді жаңартудың жаңа тетігін министр Р.Скляр.
Елімізде қазір жеделсатының түр-түрін табуға болады. Мәселен, 1 миллион теңге тұратын, төменгі қабаттан жоғарыға тамақ тасымалдауға қызмет ететін ас үй лифтін коттедждеріне орнатып жатқан ауқаттылар да жетерлік.
Бұған дейін Ресейден, Беларусьтен, Қытайдан және алыс шетелден дайын өнімді тасып, орнатумен және орнатылғанына қызмет көрсетумен шектеліп келген қазақстандық компа­ниялар енді өздері де лифт өндірісін жолға қоюда. Мәселен, 2017 жылы Өскеменде Мayralift отандық кәсіпорны түркиялық инженерлерді тарта отырып, жаңа буындағы жайлы, жоғары технологиялы, жоғарғы қауіп­сіздік жүйесі қарастырылған, дыбыссыз лифтілер өндірісін жолға қойды. Онда жергілікті мазмұн 60 пайыздай көрінеді.
Жарты ғасырға жуық тарихы бар «Алматылифт» ЖШС осы мерзімнің басым бөлігінде тек жатжұрттық лифт жабдығын сатып алып, орнатумен және қызмет көрсетумен шектеліп келген. 2016 жылы ол Алматыда жолаушылар және жүк лифті­лерін жасайтын зауытты іске қосты. Оның жылдық қуаттылығы – 1 мың жеделсаты. Бұл ретте жергілікті мазмұн үлесі 70-80 пайыз көлемінде көрінеді.
Лифт құрастыратын кәсіпорындар елорда жанында да, Павлодарда да, басқа өңірлерде де ашылды. 2014 жылы бой көтерген, кезінде EXPO көрмесін жеделсатымен жабдықтаған «Ақмола лифт жасау зауыты» 400 келіден 1 250 келіге дейін жүк көтеретін, 15 адамды сыйдыра алатын жолаушылар лиф­тін, 5 000 келіге есептелген жүк лифтілерін, сондай-ақ аурухана­лық және автомобильдік лифті­лерді, траволаторды шығарады. Оның қуаттылығы да жы­лына
1 мың лифт пен 250 эскалатор жасауға қауқарлы.
Негізі, елімізде жақсы, жаңа жеделсатының құны 5-9 мил­лион теңге айналасында құбылады.
Лифтілердің құлауы оқи­ғалары, әсіресе, 2017 және 2018 жыл­дары жиіледі. Олар­дың бірқатары адамдардың жазым болуына соқтырды. Оқиғалар тізбегі биыл да жалғасын тапқаны мәлім. Мұндай оқиғалар жа­йында ақпарат құралдары же­дел хабарлап отырады. Бұл мә­селенің қоғамды қатты алаң­дататын түйткілге айналғанын аңғарған мемлекет те оның түйінін тарқатудың түрлі жолдарын іздеп жатыр.
Қалай болғанда, миллион тұрғыны бар мегаполистері­міздің қатары артқан сайын, көкке мойынсұнған заңғар ғимарат саны да қаптап өспек. Демек, қазақ ертегілерінде айтылатын «шыңғыра кісінеп, аспанға қарай шапшыған» пырақтардай, өзіне мінген адам­дарды алып, өрге қарай өрлей жөнелетін «темір тұлпар» – лифтілерге деген қажеттілік арта бермек. Сәйкесінше, олардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қатысты талаптар да өзекті бола түсері анық.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу: