Сақ мұрасы – өзбек жерінде

183
0
Бөлісу:

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінде «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашты.

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директоры Алмаз Нұразхан, Өзбекстандағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды, Өзбекстан Рес­публикасының Мәде­ниет вице-министрі Камол Акилова, Өзбекстан Мемлекеттік өнер му­зейінің дирек­торы Васила Фай­зиева қатысты.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкі­летті елшісі Дархан Сатыбалды шараның маңызын былай түсіндірді:
– «Бүгінгі көрменің орны ерек­ше. Бұл мәдени шара Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу құрметіне орай ұйымдастырылып отыр. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасы Қазақстанның ұлттық құндылықтарын, төл мәдениеті мен терең тарихын жау­һар жә­дігерлер арқылы дүние­жүзіне танытады. Көрменің басты экспонаты – «Алтын адам». Аталған көр­ме жобасы бүгінге дейін әлем­нің түрлі елдерін аралап, Оңтүстік Корея, Польша, Ресей, Беларусь, Қытай мемлекеттерінде көрсетілгенін атап өткен жөн».
«Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесінің мақсаты – шетел азаматтарын Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен таныс­тыру. Көрмеге киімі алтын, бас киі­мі жебе, қар барысы, арқар, жыл­қы және құс бейнесіндегі ал­тын­мен әшекейленген Алтын адам­ның реконструкциясы ұсынылып отыр. Сонымен қатар аталған көрмеден сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д. V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады. Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сақ қорғандарынан табылған археологиялық мұралар да көрме жәдігерлерінің қатарын толықтырды. Жалпы, көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорынан алын­ған 127 зат қойылған. Өзбекстан жерінде таныстырылатын ежелгі және ортағасырлық өнер жауһарлары – Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерек­шелігін көрсететін, бұрынғы дәуір­дің есім­дері белгісіз шеберлері жасаған ғажап туындылардың аз ғана бөлігі. Мәселен, Есік қор­ға­нынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазуы бедерленген күміс тоста­ған экспозицияның көркін ашты.
ҚР Ұлттық музейінің директоры Алмаз Нұразхан қазақ пен өзбек халқының тарихы ортақ, тамыры бір екенін ерекше атап өтті.
– «Ең алдымен, Қазақстандықтарды ыстық ықыласпен қабылдаған Республика басшы­лығына, осы көрмеге атсалысқан Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің ұжымына алғыс білдіргім келеді. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасы Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған болатын. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бүгін, міне, жетінші мемлекетке табан тіредік. Көрмеге «Ұлы даланың жеті қырында» атап көр­сетілген әр сала бойынша құнды жәдігерлер қо­йылды. Өзбекстандықтар бізге жат емес. Тарих, мәдениет, салт-дәстүр, діни ұғымдарымыз ортақ қалыптасқандықтан, бүгінгі көрме сіздергі қызықты болады деп ойлаймын», – деді ол.
Көрме жобасы әлемнің жеті елін – Беларусь, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Польша, Корея мемлекеттерін және Татарстан Республикасын табыспен аралап, миллионнан астам көрермен тамашалады. Жоба 2018-2020 жылдарға жоспарланған. Аталған көрме биыл Малайзия, Италия, Түркия және Грузия музейлерінде ұйымдастырылып, 2020 жылы АҚШ, Австрия, Франция, Швейцария мен Германияның басты музейлерінде өтеді.

Кәусар АХМЕТ

Бөлісу: