ШЕТЕЛДІК БАҚЫЛАУШЫЛАРДЫ ТІРКЕУ БАСТАЛДЫ

175
0
Бөлісу:

Алдағы 9 маусымда өтетін Президенттің кезектен тыс сайлауына шетелдік бақы­лау­шылар мен БАҚ өкілдерін тіркеу басталды. Тіркеу
3 мау­сым күні аяқталады. Орталық сайлау комиссиясы кешегі отырысында осындай шешім қабылдады.

«2019 жылғы 9 маусымға та­ғайындалған ҚР Президентінің ке­зектен тыс сайлауында шет мем­лекеттер, халықаралық ұйымдар бай­қаушыларының, шетелдік бұқа­ралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметін ұйымдастыру туралы» қаулы жобасын ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдина таныстырды. Оның айтуынша, өткен жылы «Сай­лау туралы» конституциялық заңға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларына аудармашы ілесіп жүруге құ­қылы деген жаңа норма енгізілген.
«Бұл норманы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бе­кіту ұсынылды. «Сайлау туралы» конституциялық заң қадағалаудың тиісті тәртібін көздейді. Осыған байланысты шет мемлекеттер мен халықаралық бақылаушылар Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша ОСК жанына аккредиттелетінін қарастыру ұсынылды. Осылайша, шетелдік БАҚ өкілі СІМ берген аккредиттеу туралы куәлік болған жағдайда сайлауды бақылай алады», – деді ол.
Зәуреш Баймолдина таныстыр­ған қаулы жобасын ОСК мүшелері бірауыздан дауыс беріп қабылдады. Заңға сәйкес бақылаушыларды аккре­диттеу ОСК-ның арнайы қау­лысы қабылданғаннан кейін бір­ден басталады. Бұл – аккредиттеу жұмысы кеше басталды деген сөз.
Кезектен тыс Президент сайлауына ЕҚЫҰ, ДИАҚБ Парламенттік ассамблеясы, Еуропалық кеңес, ТМД Парламентаралық ассамблея­сы, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТүркПА миссия­ларынан байқаушылар келеді деп күтіліп отыр. Өз миссиясын ұйым­дастыратын барлық халықаралық ұйымға шақыру жіберіледі.
«Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан қанша бақылаушы болатынын нақты айта алмаймыз. Өткен сайлаулардағы мәліметтерге сүйеніп шамалап айтуға болады. Мәселен, 2015 жылғы Президент сайлауына 1 024 бақылаушы келді. Бұл жолы ары кеткенде, 1 600-1 700 ба­қылаушы күтеміз. Өздеріңіз де білесіздер, бұл жылғы ахуал стандарттан тыс, сайлауға қызығу­шы­лық әлдеқайда жоғары болуы мүмкін», – деді Зәуреш Баймолдина.

Тұмар МЫРЗА

Бөлісу: