Журналистиканың еңбек торысы

221
0
Бөлісу:

Нағыз бақытты адам – өз жолын тапқан адам. Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім десек, сол қазынаны саналы ғұмырына тірек еткен шын мықтылар бар. Әр адам – бір әлем. Сол әлемге әдемі ізін салып, тұла бойынан, ішкі жан дүниесінен биіктік пен тереңдікті төгіп жүретін жандар көп емес. Осындай үркердей топтың ішінде кейіпкеріміз Итен Қарымсақұлы бар. Иә, ол атағы мен лауазымына малданып, «күпі киіп күпсінген» жоқ. Шындық үшін қолына қалам алды. Жан-жағын тек әділдікпен әдіптеді.

Қаламгердің айтуынша, әу баста әкесі Әбсаттар мен анасы Әни­паның отбасында бала тұрмапты. «Ырымға сенетін халықпыз ғой. Ұзақ күттіріп, дүниеге келген мені «көз тиме­сін» деп әртүрлі атпен атай­ды. Сонымен не керек, есі­мім­нің Итен аталуы да сон­дықтан…», – дейді кейіпкеріміз. Алла нәсіп етіп, Итен ағаның ізінен Сейтен, Дүйсен, Сұлтан атты інілері өмірге келеді. Қарымсақ әулеті­нің көшбасында тұрған Итен Қарымсақұлының қоғамда алатын орны ерекше.
Ерлікке толы өмірдің егесі атанған Итен ағамызбен шын­дықты қоса айтуымыздың сал­мақты себебі де бар. Қалам­гер­дің қаламынан туған шытырман оқиғаларға толы шығармалары кез келгеннің көкейінде қала­тын. Біз де журналистің ерекше дүниелерін іздеп жүріп оқыдық. «Комиссар Мэгрэнің» кейіп­кер­лерін еріксіз көз алдыңызға әке­летін жазбалар жадымызда қа­лып­ты. Жалпы, қазақ журна­листикасында ұры-қарылар мен кәнігі қарақшылар, қыл­мыс тақырыбына еркін бой­лай­тындар саусақпен санарлық. Міне, осы жанрға жан біті­ріп, жұрттың жағасына жар­мас­қандардың жайын жайып салған санаулылардың бірі – өзі.
Белгілі қаламгер еңбек жо­лын Қызылорда облыстық «Ле­нин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінен бастады. Осы басы­лым­ның өнеркәсіп, құрылыс және транспорт бөлімінде жұ­мыс істеп жүріп, өмірге көзқа­ра­сы терең, талапшыл, талғамы күшті, ой дүниесі бай, бәрін саралап, салмақтап, ой елегінен өткізіп жазатын журналистің біріне айналды. Осы газетте жү­ріп ең ауыр сала – құқық тақы­рыбын жазуды бастады. Міне, осы машықтанған тақырыбы оның кейінгі журналистік өміріне ерекше ықпалын тигізді.
Кейін араға жылдар салып, Алматы қалалық заң қадағалау­шы органның баспасөз қызметі­не жетекшілік етті. Бір кездері құқық саласының жілігін ша­ғып, майын ішкен майталман жур­налиске бұл сала таңсық емес еді. Итен аға баспасөз қыз­ме­тін табан аудармай 13 жыл басқарды.
Ол уақыт елдің экономикасы қожырап, жұрт күдікпен күй кешкен елең-алаң жылдар еді. Ұйымдасқан қылмыстық топтар кейде құқық қорғау орган­дары­ның өзін састыратын. Итен аға осындай кезеңде жұмысына бел шеше кірісті. Әр тақырыбын айқайлатып, мәселенің мәнісіне бойлаған мақалалары елдің назарын аудартып, көпшіліктің талқылауына жиі түсіп жататын еді. Жергілікті билік бұл жазба­лар­мен еріксіз санасатын. Бұл да болса қаламгер қаламының қуаты, жүрегінің мықтылығы, дәтінің беріктігі еді. Ақ парақ пен қаламды серік еткен Итен аға талай өзекті мәселенің шеші­мін табуға түрткі болып, көңіліне демеу іздеген жандарға араша түсті. Шындық пен жалғанды, жемқорлық пен қиянатты қала­мына арқау етті. «Жіберген қателіктерін мойын­дамайтын дәрігерлерден қорқу керек», «Қауіп­ті кеселден қашан ары­ламыз?», «Антын бұзатын­дарға ақ халат та обал», «Талапайға түскен қыруар несие», «Тілдің тынысы тарылып, апшысы қуы­ры­лып тұр», «Кеселді асқын­дыру қиянат», «Жаны жомарт, пейілі кең қазақ едік…», «Алаяқ­тың ақыры», «Жетімнің несі­бесін жымқырған…»… деп кете беретін. Халықтың қамын ой­лап, елдің есесін кетірмей, шаруа­ның тірлігін шатқаяқ­тат­пауға бар күшін осылай салды. Иә, оның қалам тербемеген тақырыбы жоқ. Партия және кеңес жұмыстарымен қатар өзге де түрлі мамандық иелері туралы портретті очерктер жазды. Еңбек етіп, еленбей жүрген бел­гі­сіз азаматтарды ел-жұртқа етене таныстырды. Астықты өлке Торғайдағы облыстық «Тор­ғай таңы» және өнеркәсібі дамыған Жезқазған өңіріндегі «Жезқазған туы» газеттерінің редакцияларында шыңдалды. Әсіресе, құқық тақырыбында көп ізденді, тақырыпты толық қамтыды. Әсіресе, ат үсті, жүрдім-бардым атқарылатын дәрі­герлік қызмет көрсетуде адам құқының бұзылу жайын да әшкерелеп берді. Сөйтіп, қауза­ған әр тақырыбы талайдың тағды­рына оң ықпалын тигізді де. Шындықты семсер еткен ер жүрегі, талай етжеңді дүние­лердің жазылуына әсер етті. Оған өзі өскен, білім, тәрбие алған әу бастағы ортасының да ықпалы зор. Осы жазған дүние­лерін топтаған қаламгер бірнеше кітаптардың авторы атанды.
Бұл туралы қаламгердің інісі, белгілі журналист, ақын Төре­ғали Тәшенов: «Иекең әу баста нені болсын ұшқыр ойлап, тез жазып, онда да өндірте жазып тастауға жастайынан үйренген. Содан да сексенге таяғанда да қаламы қылпуы тез қанжардай ылдым-жылдымынан айырыл­ған емес. Өлеңде де сол, лықсып келіп қалған ойларын тежемей, өмірде көргені мен түйгенін ақ қағаз бетіне лақ еткізіп құя сала­ды. Жылтыр сөз іздеп тыраш­тан­байды. Бір сөзбен айтқанда өлеңі өмірінен аумайтын ақын» деп жазыпты. Иә, саусағынан сорып жазбайтын қаламгердің ақындық табиғатын ашқан ақын інісінен асырып айтарымыз жоқ-ау, сірә.
«Негізінен әрбір тақырып шынайы өмірден алынады. Мені елге танытқан қаламым болған­дықтан, алғашқы туындымды «Қоңыр қалам» атадым. 16 жас­тан бастап баспасөзге араласып, талай тағдырды көріп, түрлі адамдармен ұшырастым. Бір күні «осының бәрін жинақтап, кітап қылып неге шығармасқа?» деген ой келді. Нәтижесінде, «Адамдар, жылдар, тағдырлар» дүниеге келген болатын. Ал «Жүрек жазуларына» Отан соғы­сы­ мен еңбек ардагерлерінің ту­ған жерге сіңірген еңбегін, өзім­мен қызметтес болған сыр­лас, сыйлас журналистердің шығармашылығын арқау еттім. Себебі, ұлт тағдыры, ел қамы үшін тер төккен арыстардың ұлы істері ұрпақ жадында мәңгі сақ­талса деймін» дейді өзі.
Сөйтіп, ауыр жүк арқалаған жолаушы сияқты жүретін журналистік өмірі осылай өріле берді. Жарты ғасырдан астам уақыт осы жүктің салмағына көніп келген ағамыздың әлі де айтары көп. Бұл туралы замандастары, іні-қарындастары баспасөз беттерінде талай рет жазды, жариялады.
Сол жазбалар арқылы да біраз жайтты аңғаруға болады. Бүгінде Итен ағамыз әдемі қартаюдың хас үлгісін көрсеткен қазыналы қартқа айналды. Жаспен де, жасамыспен де етене араласып ылғи да бауырмалдық танытып жүреді. Қасын­дағ­ы­ларға қамқор болудан тан­бай­ды. Өзінен кейінгі жазу­шы, жур­налист бауырларының қамын ойлап, жақсы дүниесін оқыса тілекші болып, хабарласатын жақсы қасиеті бар. Мұнысы, өзінен кейінгіге демеу болса, өзінің текті қасиетінің айқын көрінісі.
Бірде өзінен сұхбат алған жас журналистің «Аға буын өкілдері тарапынан «Кейінгі жастар кітап оқымайды» деген пікірді жиі еститін болдық» деген сөзіне ағамыз «Бұл пікірмен толық келі­семін. Себебі, осыдан отыз-қы­рық жыл бұрын жастар кітап­ты көп оқитын. Ол кездері ел аузында жаңадан шыққан кітап­тың аты жүрді. Жұрттың бәрі жаппай соны іздеп, тауып алып оқуға құмартатын. Адал махаб­батты бастан кешіп, шы­найы сезімнің не екенін түйсі­ніп өсті. Кітаптың арқа­сында мінездерін­де биязылық пен жұмсақтық, елгезектік байқалатын. Ал қазір бәрі басқаша. Кітаптан емес күні бойы теледидар мен компью­терден көз алмайтындар көп. Кітап оқып, ілім іздемеген адам ақша тауып, кез келген нәрседен пайда табуға үйір болатынын айтқым келеді. Бар ақыл-есі қалайда пайда тапсам деген ниетке ауған мұндай адам аяныш, өкініш деген ұғымдарды сезбейтін, өркөкірек, менмен күйінде қалады деп білемін. Егер біз осы қалпымызбен кітап оқымай кете беретін болсақ, көкірегінде өмір өрнегі азайған, идея, мораль қайыршылығына ұшыраған ұрпақ өсіп шығуы әбд­ен мүмкін. Сондықтан жас­тар жабылып оқитын дүние­лерді жазуды тоқтатпай, олардың рухани тұрғыда баюына барлық жағдай жасауымыз қажет» деп жауап беріпті. Ол өзінің осы бір ауыз пікірімен жас ұрпақ тәр­биесіне көңіл бөлу, ең жақсы нәрсені балаларға тарту ету ерте­ңіне алаңдаған әрбір азамат­тың парызы екенін айтып отыр.
Итен Қарымсақұлының баспасөздегі қажырлы еңбегі лайықты бағаланды. 1978 жылы КСРО Журналистер одағының Құрмет дипломын алды. Ол Қазақ­станның Құрметті журна­лисі. «Еңбек ардагері», «Қазақ­стан Республикасының про­ку­ра­турасына – 20 жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Бас прокурорының Құрмет грамо­та­сы­мен марапатталды. Қазақ­стан Журналистер одағы сыйлы­ғы­ның лауреаты, Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтын­сарин төсбелгісінің иегері.
Итен аға – қаламының же­лін, тілінің ебін елінің жырты­ғын жамауға жұмсаған жан. Қазақ журналистикасының ең­бек торысы атанған ағамызға айта­­рыңыз таусылмасын дейміз.

Ақбота ӘЛІМ

 

Бөлісу: