Ұлт тарихы – ұрпаққа аманат

270
0
Бөлісу:

Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың  «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын іске асыру аясында Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.

Меморандум зияткерлік мектептің тарих және әлеуметтік ғылымдар саласында зерттеумен айналысатын шығармашыл жастардың әлеуетін қолдауға, археологиялық-қазба жұмыс­та­ры­на қызығушылығы бар оқу­шы­ларды ынтыландыруды көз­дейді. Өйткені Назарбаев Зият­керлік мектептерінде «Туған елге тағзым» өлкетану экспедициясы табысты жүзеге асып келеді.
Назарбаев Зияткерлік мекте­бі­мен серіктестік орнатуға келген музей өкілдері оқушыларға жыл­жымалы көрме ұсынды. «Көр­меге ежелгі Сарайшық қала­шығынан табылған қыш ыдыс­тар, көне тиындар мен бірқатар тұрмыстық бұйымдарды қойдық. Бұдан басқа, 13-14 ғасырда бой көтерген қалада кәріз суына арналған құбырдың жұмыс істе­гені туралы ақпаратты да заттай жәдігермен түсіндіріп, оқушы­лардың тарихымыз туралы таны­мын кеңейтуге мақсаты­мызды бағыттадық», – дейді мемлекеттік музей-қорығының әдіскері Жүніс Байғалиев.
Назарбаев Зияткерлік мекте­бінде өткен шарада «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мұхтар Қапизұлы:
«Осы уақытқа дейін Сарай­шықта жеті ханның жерленгені туралы деректер толықтыруларды қажет етеді. Өйткені соңғы зерт­теулерге қарағанда Хан Ордалы Сарайшықта тоғыз ханның зираты орналасқан болуы мүмкін деген болжамдар жасалып келеді. Демек, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне шаһардың тарихтағы құпия­сы көп. Міне, осының барлығын зерттейтін, тәуелсіз елдің тарихын толық­тыратын жас ғалымдар сіздер­сіздер», – деп ұлт тарихының ақиқатын зерделеп, оны өздері­нен кейінгі ұрпаққа аманаттай беру дәстүрін жалғастыру әр азаматтың перзенттік парызы екенін айтып өтті. Маңызды құжатқа қол қойған шараға қатыс­қан оқушылар «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты бағдар­ламасы ұлт тарихын келешекке шашаусыз, зерделеніп жетуіне мол мүмкіндік беріп отырғанын түсініп, өздеріндегі «Туған елге тағзым» атты экспедиция аясын­да өтіп жүрген шаралардың ауқы­мын кеңейтуге ұсыныс беріп, қызығушылықтарын білдірді.

Атырау облысы

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу: