Жол саласына арналған кітап

225
0
Бөлісу:

Алматыда белгілі ғалымдар Борис Радовский мен Бағдат Телтаевтың «Битумның тұтқыр серпімді сипаттамалары және олар­ды стандартты көр­сеткіштер бойынша баға­лау» кітабы­ның тұсаукесері өтті. Тұсау­ке­сер аясында өткен семи­нар­ға еліміздің химия, мате­ма­тика, физика сала­сындағы танымал ғалым­дары қатысты. Түрлі сала­дағы ғалымдардың басын қосудағы мақсат не? Себебі, жол ғылымы саласы осы ғылымдардың бәрінің басын біріктіреді. Сондықтан ортақ мәселеде бірігіп жұмыс істеу – басты мақсат. 

Ғылыми еңбекте түрлі сынақ жұмыстары қарастырылған. Атап айтар болсақ, тұрақты кернеуде, тұрақты деформацияда немесе циклдік жүктемеде сынау арқылы анықталатын жол битумдарының түрлі тұтқыр серпінді сипатта­ма­лары арасындағы байланысты сипаттайтын танымал тәуелді­лік­тер қарастырылып, жаңасы ұсы­ны­лады. Битумның ең қарапайым стандарт көрсеткіштерінен деформациялану режимдері ке­зін­­дегі оның модульдерінің мә­нін бағалауға мүмкіндік беретін жа­қындатылған формулалар алын­ды.
Авторлар ұзақ жылдар бойы жол төсемелері беріктігін есептеу, оларды құрылымдау және сынау жұмыстары бойынша мақсатты түрде еңбек етті. Олар өз еңбегінде уақыт шамасында орын алатын жылжымалы жүктемелер мен үдерістерді талдауға ұмтылып, жол-құрылыс материалдарының тұт­қыр серпінді қасиеттеріне қызығушылық танытты.
– Профессор Бағдат Телтаев­пен 2016 жылы таныстық. Осы жыл­дың соңында өткен семинар­да Бағдат Бұрханбайұлы «Біздің дайындаған монографиямыз бар. Соны басып шығаруға бола ма?» деп сұрады. Еңбекпен танысып көрдік және монография басып шығаруға әбден лайық деп таныл­ды. 2018 жылы кітап жарыққа шықты. Шындығына келгенде, бұл өте жылдам іске асты. Өйткені қазақстандық авторлық ұжым өте тиянақты жұмыс істеді, – дейді Springer Nature баспасының Орта­­лық Азия бойынша өкілі Ирина Александрова. – Springer Nature баспасының тарихы 1842 жылдан басталады. Ірі ха­лықа­­ра­лық ғылыми баспа таны­мал ғалым­­дардың, әсіресе, Нобель сый­лығы лауреаттарының ғылы­­ми еңбектерін жариялайды. Бас­падан шыққан барлық жур­налдар мен кітаптар рецензиялан­ған және жоғары ғылыми дәре­же­ге ие. Springer Nature жаңа зерт­теу салаларының дамуына жол ашып, жаңа идеялар мен бі­лім­ді бүкіл әлемге қолжетімді етіп отыр. Біз­дің қоржынымыз өте ауқымды.
Ғалымдар ғылыми еңбектің құны аса жоғары екеніне, автор­лар­дың ізденістері мен жетістік­те­ріне тоқталды.
– Бұл еңбек еліміздің, профес­сор Бағдат Бұрханбайұлы бас­қа­ра­тын Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының жетістігі деп түсінуіміз керек. Олардың еңбе­гі өте зор. Біз бірнеше жыл­дан бері осы тақырыппен айналы­сып келеміз. Сіздер механика­сы­мен, біз битумнан қандай пайда­лы заттар аламыз деген сұрақпен айналыстық. Қазақстанда мұнай өте көп, бірақ мұнай қалдықтарын пайдаға асыру жолдары әлі айтар­лықтай дәрежеде шешілген жоқ. 2017 жылы Ақтау мұнай өңдеу зауы­тына, битум зауытына бар­дық. Бұл – Қазақстан ғылымы мен техникасының жетістігі, – дейді химия ғылымдарының док­то­ры, профессор Несіпхан Бекте­нов. – Бағдат Бұрханбайұлы үлкен жиындардағы баян­да­ма­ла­рын­да «Химик, физик, матема­тик, механиктер бірігейік, сонда елі­міздің ғылымын алға сүйрей­міз» деп айтып жүреді. Бүгінгі ең­бек – сол сөзінің дәлелі. Springer Nature баспасы кейінгі жыл­да­ры Қазақ­стан ғылымындағы жетіс­­тіктерді бүкіл әлемге таны­тып келеді. Осы баспа арқылы біздің әрбір жаса­ған қадамымыз, еңбек­теріміз, ғылыми жаңалық­та­рымыз зерт­те­ліп, ұсынылып отыр. Қазақ­стан­да өте керемет асфальт-бетон жолдар салынып жатыр. Бұл жолдарды салудың нәтижесі осы Қазақстан жол ғы­лы­ми-зерттеу институтына ке­ліп тіреледі. Сол жолдарды зерттеп, сараптамадан өткізіп отырған осы институт. Сондықтан еліміз­дің барлық ай­ма­ғында салынып жатқан жол­дар­да бұл институттың үлесі үл­кен. Битумды жолға төсе­ген кезде оның серпімділігі қалай болуы керек, оның қатып қалма­уын қадағалау, тағы басқа да та­лап­­т­арға осы институт ғалым­да­ры жауап береді. Борис Радов­ский мен Бағдат Телтаев 2013 жы­лы орыс тілінде кітап шы­ғар­ған. Енді осы еңбекті әлем­ге таны­ту үшін ағылшын тілін­де басып шығарды. Осы ең­бек арқы­лы Қазақстан ғалым­дары деңгейі­нің қаншалық­ты екенін әлемге танып отыр.
Кітап автожолдарды жобалау, салу және пайдалану мамандары­на, сонымен қатар мұнай өңдеу салаларының ғылыми қызмет­керлері мен мамандарына ар­налған. Осы салада оқитын сту­денттер мен аспиранттар, жалпы жол саласы ғылымына ден қойған ғалымдар  іздегенін осы кітаптан табады.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: