«Дала жұлдызы» атанған Гүлсім

206
0
Бөлісу:

Гүлсім Дәрібаева 33 жыл бойы егістік алқабында жұмыс істеп, күріш егіп, «янтарь», «лидер» сортын отандық нарыққа шығарған. Өмір жолын механизатордан бастаған ол, еңбегінің жемісі ретінде аудан әкімі­нің қолынан мара­пат­та­лып, «Дала жұлдызы» номина­циясы бойынша жеңімпаз атанды. Оған қоса, бүгінде шағын наубайхана ашып, шағын тапсырыстар алып, Ақмая ауылын күрішпен ғана емес, нан өнімімен қамтамасыз етіп отыр.

Оның айтуынша, техникаға бала кезден жақын болған. 19 жасында тракторға отырып, жүргізуді үйренген. Біріншіден, мектеп кезінен трактор сабағы оқытылған. Екіншіден, Социа­лис­тік Еңбек Ері атанып, бір аяғынан айырылған Жадыра Тасмағанбетова деген ауданның тракторшысы болған. Ол – жастарға үлгі еді. Содан болар, Гүлсім сол кездегі Комсомол жастар бригадасына өтініш беріп, механизатор болып қабылданған. «Ол кезде Есен аға шөп жинап, орайтын. Сол кісіге көмекші болдым. Бірде Әлиев Базарбай деген механик ағамыз МТЗ – 82 Белорусс тракторын үйіме айдап әкелді. Сонымен күріш, жүгері, жоңышқа, мақсары ектім. Сөйтіп жүріп, тракторды жақсы меңгеріп алдым. Негізі трактор жүргізу әйелге қиын. Кейде дөңгелек жарылып, бұзылып қалады. Жөн­дету былай тұрсын, ауыстыр­ғанға сайманы да ауыр. Арасында жұмысшылар тоқтап көмектессе, қуанамыз. ЦК ВЛКСМ-нің «Үз­дік еңбегі үшін» деген төсбелгісі­мен марапатталдым», – дейді ол.
Кейін Гүлсім тракторды ғана емес, комбайн, мотоцикл, авто­көлікті де жүргізген. Арты­нан сол ұжымға жаңа директор келген. Есімі – Константин Васильевич Хван. «Сіз, қызғалдақтай қыз­сыз, бойыңыздан солярканың иісі шығып жүргенін қаламай­мын» деген соң, 1 жылдай агро­ном-есепші болған. «Ол кезде жоспар­мен жұмыс істейміз. Бір күндік сыйлықақымыз 5-10 сом бола­тын. Сонда уақытпен санас­пай, таңның атысынан, күннің баты­сы­на дейін егістікте жүреміз. Ара­мызда ер адам көп болған соң, алғашында қорыққаным да бар. Алайда кешкісін «Романтик» магнитафонын қосып қоямыз. Арасында волейбол ойнап, уақы­тымыз қызықты өтетін. Тіп­ті, жастар бригадасын тегін жолда­ма­мен Мәскеуге, Алматыға апа­рып, демалдыратын. Оған қоса, ай сайын 60-80 мың еңбека­қысын береді. Межелеген өнім­нен артық алған өнімнің 10 пайы­зын топ жетекшісіне береді. 2016 жылы топ жетекшісі Сәуле­бек Әлтаевқа жеңіл автокө­лікті сыйға тартқан», – деген Гүлсім Дәрібаева биыл әр гектардан 70 центнер өнім алуға тырысқанын айтты. Оның брига­дасы 420 гектар жерге күріш егіп, «янтарь» мен «лидер» сортын шы­ғарып, отандық өнімге айнал­дыр­ған. Негізінен Герасим Пак, Сәулебек Әлтаев, Нұрлан Абдул­лаев, Бекдос Есмуратов және Тимур Әлсадықов секілді 5 топ жетек­ші­нің әрқайсының қара­ма­ғында екі адамнан болады екен. Аудан әкімі Әшім Оразбек­ұлы қолынан екі рет сыйлық алған.
Гүлсім – Ақмая ауылының тумасы. Қарапайым отбасынан шыққан. Анасы 13 құрсақ көтер­ген. Өзі үйдің алтыншы қызы. Сырт­тай оқып, Шымкент қала­сының аймақтық-инновациялық әлеуметтік ЖОО-н бітірген. Жер­­гі­лікті басқару мамандығы бойын­ша мекеменің оқытуымен Корея­ға барып келген. Қазір әкесі Әбіл­­қасым, інісі Аймырза отбасы­мен Гүлсімнің қолында тұрады. Оның үлкенмен де, кіші­мен де тіл табысып, сыйла­са­тын досы да көп. Өзінің айтуынша, адам бо­йын­­дағы сыйластықты баға­лай­ды. Өтірік айтқанды ұнатпайды.
2014 жылы ол үйінің ауласы­нан шағын наубайхана ашып, нан өнімдерін пісіріп, Ақмая ауы­лын толық қамтамасыз етіп отыр деуге болады. Тіпті ауыл­да­ғы той-томалаққа да тапсырыс алады. «Қыстыгүні жұмыс болма­са, ауырамын. Ала жаздай егістік­те жүрген өзіме ұнайды. Оның үстіне, іс машинам бар. Арасында жұмыс киімдерін тігемін. Әрине, бауырларым «қашанға дейін топырақта жүресің, қалаға кел» деп ұрысады. Бірақ өзім – дала­ның адамымын. Одан еш­қай­да кетпеймін», – дейді ол.

Мира МЫРЗАҒАЛИ

Бөлісу: