Жәди Шәкеннің алты кітабы

347
0
Бөлісу:

Алматыдағы Жазушылар одағында белгілі жазушы, тарих зерттеушісі Жәди Шәкенұлының алты бірдей кітабының тұсаукесері өтті. Жазушы барлық еңбе­гін­де де ұлт тарихындағы ақтаң­дақ кезеңдерді қам­тып, отандық әдебиетке сүбелі туындылар қосып отыр.

Жазушы жұртшылық назарына бұл кеште «Бозмұнар» романын, «Алтай алыптары», «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мәселе­лері» зерттеу еңбектерін, «Қытай қазақтарының әдебиеті» әдеби сын-зерттеулерін және «Бекзат сөз» кітабын ұсынды. Сондай-ақ бұрын жарық көрген «Қаралы көш» кітабы төте жазу үлгісімен қайта басылып шыққан. Әдеби кешті Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, белгілі ақын Бауыржан Жақып ашып жүргізді. Алты кітаптың тұсауы кесілгеннен кейін Ғалым Жайлы­бай, Темірхан Тебегенов, Жанат Ахмади сияқты әйгілі қаламгерлер сөз сөйлеп, қазақ әдебиеті мен тарихына қосылып отырған іргелі еңбектердің ендігі ғұмырына сәтті­лік тіледі.
– Әдебиетке келіп, тың қар­қынымен, көркемдік биігімен танылған қаламгерлер арасында Жәди Шәкенұлын бөле-жара айтамыз. Ол шығармашылығына басты тақырып етіп қазақ тари­хы­ның беймәлім қырларын ашуды алған. Ол Шығыс Түркі­станда, Шыңжаң қазақтарында сақталып қалған ерекше құнарлы бай тілді паш етті, әдеби сөздік қордың көбесін сөкпей сақтай алды. Ол романдарында баяғы ата-баба­ларымыз қолдан­ған оралымдарды қолдана білген, – дейді филология ғылымдарының докторы, про­фессор Темірхан Тебегенов.
Автордың айтуынша, кітаптар­дың қай-қайсы болсын мойны­на ауыр жүк артқан, ерекше міндет арқалаған еңбектер.
– Кітаптарда негізінен шеттегі қазақ тарихындағы ақтаңдақтар негіз болған. Қытайдағы 5 мил­лион қазақтың әдебиеті, мәде­ниеті, руханиятын сақтап, ата­ме­кенге, қазақ топырағына жеткізу – үлкен жүк. Біз сол жүкті же­ңіл­детуге қарлығаштың қанаты­мен су сепкендей аз да болса үлес қосқы­мыз келді. Мәселен, «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мәсе­­лелері» атты кітапта Шың­жаң­дағы үлкен күрестердің жағ­дайы егжей-тегжейлі баяндалады. Биыл да Оспан батырдың 120 жылдығына орай осы кітап жарық көріп отыр. Ал «Қытай қазақтары­ның әдебие­ті» атты еңбегімде арғы беттегі қазақтардың әдеби мәсе­ле­сі сөз болады. Өйткені ол жақтағы әде­биет қазір құруға, жоғалуға таяу. Сондықтан тезірек ондағы бар әдебиет үлгілерін осында әкелу, таныту, әдебиетші қауым­ның наза­рына ұсыну осы кітап­тар­дың аздаған міндеті деп есеп­тей­мін, – дейді Жәди Шәкенұлы.
Автордың өзі Қытайдағы Өр Алтай өлкесінде өмірге келген. Атажұртқа 1997 жылы оралып «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ үні» газет­терінде жұмыс істеген. Про­за­да өнімді еңбек етіп «Бір уыс сәуле», «Жүрек неге жылайды» әңгімелерімен, «Қаралы көш» романымен оқырман жүрегіне жол тапты. Сондай-ақ балалар әдебие­ті, әдеби сын-зерттеу бағыты, тари­хи тақырыптарда да көсіліп қалам тербеді. Осы уақытқа дейін автор­лық 12 кітабы, құрастырған еңбек­те­рінен 20 кітап жарық көріп­ті.

Абай Аймағамбет

Бөлісу: