Пластмассаның жаңа өмірі

222
0
Бөлісу:

Пластмасса ыдыстардың тұрмысымызға әбден кірігіп кеткені соншалық,  өмірімізді әртүрлі контей­нер-бөтелкелерсіз елестете алмаймыз. Мұндай ыдыстарды пайдаланбаймын дегеннің өзінде, күнделікті ішетін кока-кола, фанта секілді түрлі газды сусындардың құтылары да жетіп жатыр. Мәселен, «Астана қалалық комуналдық шаруашы­лық» меке­ме­сі мамандарының айтуынша, соңғы жылдары қалада пластмасса қалдықтарының көлемі едәуір өсіпті.

Қазір полигонға төгілетін қоқыстың ең көп, 26 пайызы қағаз қалдықтары болса, екін­ші орында осы пластмасса бөтел­келер екен. Қоқыстың 15 пайызы осының еншісінде. Біздегі бір кемшілік, қалада пластмасс ыдыстарды тастауға арналған арнайы жәшіктер өте аз. Осыны ескерген елордадағы №15 мектеп-лицейдің ұжымы «Бізге – пластмасс, сізге – сый­­лық» деген ұранмен ерек­ше акция өткізді. Оқушы­лар көше-көшелерді, аулаларды аралап, пластмасса құтыларды жинады. Оларды қоқысқа бей-берекет тастаудың алдын алды.
Аталған мектептің баста­уыш сынып мұғалім Динара Камерованың айтуынша, күн сайын тау-тау қылып күл қоқысқа тастайтын пластмасса құтылар жер бетінде 100 жылға дейін шірімей жатып алады екен. Бір рет пайдаланылған мұндай ыдыстарды отқа жағуға да болмайды. Өйткені ол жан­ған кезде азот тотығы, акро­леин, циан сутегі, хлор сутегі секілді өте зиян заттарды бөледі. Аталған проблеманы шешуге аз да да болса үлесін қосу үшін Динара Төлеубай­қызының шәкірттері арнайы зерттеу жұмысын қолға алып­ты. Жобаның аты да ерек­ше, «Пластмассаның жаңа өмірі» деп аталады. 3-сынып оқушы­лары Адия Жаркенова, Қаныш Абдулкарим және Бағлан Қабдыләшім есімді кішкентай ғалымдар жұмыстары арқылы пластмасс ыдыстарға «жаңа өмір» сыйлаймыз деп санайды және олардың бұл жобалары қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Олар осындай ыдыс­тардан сабақ үстінде пайдаланатын түрлі көрнекілік бұйымдарын жасап шығарған. Жоба жетекшісі Динара Каме­ро­ва­ның айтуынша, бұл бұйым­­дарды математика, логи­­ка, денешынықтыру са­бақ­­тарында қолдануға болады. Тіпті олардың қолынан шық­қан дүниелер балабақша, тұр­ғын үй аулаларына қоюға да жарамды.
Зерттеу жұмысының ав­тор­­лары пластмасса қалдық­та­ры­ның табиғатқа келтірер зиянын азайту үшін ұсы­ныстарын әзір­леп­ті. Олар өндіріс орын­да­ры­на, аулаларға арнайы жәшіктер орнатып, қалдықсыз техноло­гия­ға көшу керек дейді. Ал бұл мүмкін болмаған жағдайда, плас­тмассаны өздері секілді же­ңіл жолмен өңдеп, оған жаңа өмір сыйлауды жөн санай­ды.

Ләйла РУСЛАН

Бөлісу: