Ассанжды не күтіп тұр?

212
0
Бөлісу:

11 сәуірде Wikileaks негізін салушы Джулиан Ассанж Лондондағы Эквадор елшілігінде ұсталды. Әлемдік ақпарат құралдарының негізгі жаңалығына айналған тұлғаның кім екенін, оның сөз бостандығына қандай қатысы барын оқырманымызға түсіндіруге тырыстық. 

Джулиан Ассанж кім?
Джулиан Ассанж – 47 жастағы австралиялық журналист. Әлем халқы оны Wikileaks коммерция­лық емес ұйымының негізін салу­шы деп таниды. 2006 жылы құрыл­ған ұйым аноним ақпарат көзде­рі­нен алынған құпия құжат­тарды жариялайды. Әр жылдары Wikileaks­ Ауғанстан мен Ирактағы со­ғыс, Кениядағы жемқорлық, Reuters журналис­терінің өлімі, Гуантанамо тұтқындары жөнінде ма­ңызды құжаттар мен белгілі сая­саткерлер жазған хабарлама мә­тін­дерін халық назарына ұсынды.
2010 жылы Wikileaks-те америкалық әскери тікұшақтың Иракта бейбіт тұрғындарды бом­балаған видеосы жарияланып, бұл ақпарат үлкен қоғамдық резонанс туғызды. Кейіннен АҚШ барлау қызметінің құпия видеосын жария­лағаны үшін жауапкершілік бұрынғы әскери қызметкер Чэлси Мэннингке жүктеліп, ол абақтыға жабылды. Дәл осы жылы Wikileaks 1966-2010 жылдар аралығында АҚШ елшіліктерінен жолданған 250 мыңға жуық дипломатиялық телеграммаларды жариялады.
2011 жылы Джулиан Ассанж екі әйелдің арызы бойынша, зорлау фактісімен Швецияға сотқа шақырылды. Өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартқан Ассанж қылмыстық істі «Мені АҚШ-қа экстрадициялау үшін әдейі ұйымдастырылған амал» деп түсіндірді. Лондонда Джулиан Ассанжға кепілмен босау үкімі кесілген. Бірақ көп ұзамай Эквадордан саяси босқын мәрте­бесін алған Ассанж Лондондағы елшілікте жеті жыл өмір сүрді. 10 сәуір күні Wikileaks-тың твиттер парақшасында Эквадордың жо­ғары лауазымды шенеу­нік­тері­нің бірі Ұлыбританиямен өзара келісім жасалғанын, жақын күндері Ассанж тұтқындалатынын жеткізгені туралы ақпарат шықты.
11 сәуір күні Эквадор Прези­денті Ленин Морено Джулиан Ассанжға берілген саяси босқын мәртебесінің күшін жоятынын, бұған оның әдепсіз, агрессивті іс-әрекеті мен халықаралық заңдар­ды бұзуы, Wikileaks ұйымының Эквадорға қарсы мәлімдемелері себеп болғанын хабарлады. Лондон уақыты бойынша таңғы 10-15-те құқық қорғау қызметіне қарсылық көрсеткен Джулиан Ассанж елшілік ғимаратынан күштеп шығарылып, полиция департаментіне жеткізілді.

Эквадор Ассанжды қорғаудан неге бас тартты?
Джулиан Ассанжға саяси бос­қын мәртебесі Эквадордың Ленин Моренодан бұрынғы президенті Рафаэль Корреаның тұсында беріл­­ді. Басқаша айтқанда, Ас­санж­ды «бұрынғы жүйеден мұраға қалған мәселе» деп атауға болады. ВВС-дің Латын Америкасы бойын­ша сарапшысы Сантьяго Басабенің пікірінше, Рафаэль Корреа АҚШ-қа қарсы көзқарас­та­ғы Куба, Венесуэла, Боливия мен Никарагуа елдерінен қолдау тауып, әлем назарына ілігу үшін Джулиан Ассанжға босқын мәрте­бе­сін берген. Ал қазіргі прези­дент (Ленин Морено – ред.) Америка­мен әріптестік орнатуды, сауда қатынастарын жандан­ды­ру­ды көздейді.
Мореноның мәлімдемесінде Ассанждың Эквадор қамқорлы­ғы­нан айырылуы тағы бірнеше себеп­тер­мен байланыстырылды. Мәселен, Эквадор билігі Ассанж елшіліктегі бақылау камераларын бұғат­тап, ішкі құжаттарға қол жет­кізудің жолын тапқан деп хабар­ла­ды. Морено 2019 жылдың қаңтарын­да Wikileaks-те Вати­кан­ның құпия құжаттары жария­лан­ғанын мысалға келтіріп, Джулиан Ассанж өзге мемлекеттің ішкі істеріне араласуды жалғастырып отыр деп айыптады.
Осыдан бұрын Wikileaks-тың бас редакторы Кристин Храфнс­сон «Елшілік қызметкерлері Ассанждың әр қимылын бақылап отыр» деген еді. Ол АҚШ-тың Эквадор елшілігіне Ассанждың қоз­ғалысы туралы ақпаратпен бө­лісуді сұрап, хат жібергенін айтты.
Ең қызығы, Ассанж туралы Дональд Трамптың реакциясы болды. Дональд Трамп кеше журналистің «Сіз Wikileaks-ты әлі де жақсы көресіз бе?» деген сұра­ғына «Wikileaks туралы ештеңе білмеймін. Бұл менің шаруам емес» деп жауап берді. 2016 жылы сайлау­алды науқан кезінде «Wikileaks-ты жақсы көрем» деп, ұйым­ның демократтардың пошта жәші­гінен алынған хаттарды жа­рия­­лағанын «Адам сенгісіз нәр­се» деп бағалаған. Ол Хилари Клин­тон­ға қарсы пікірталас кезінде Wikileaks ақпаратын қолданып, қоғамдық пікірге әсер етуге ты­рыс­ты.

****
2 мамыр күні Джулиан Ассанж АҚШ-қа экстрадициялау бойын­ша сот шешімін тыңдайды. Wikileaks басшысы АҚШ-та «ком­пью­тер жүйелерін бұзудағы сы­бай­­ластық үшін» айыпталған. АҚШ билігі 2010 жылы Ассанж Чэлси Мэннингке Пентагон құжат­ттарын ұрлауға көмектескен деп есептейді.
АҚШ Әділет министрлігі Ассанжға тағылған айып бойын­ша, 5 жыл түрме жазасы кесілуі мүм­кін екенін хабарлады. Сот оны Американың қолына беру туралы үкім шығарған күнде де, Ассанж сот шешіміне шағымдануға құқылы. 2012 жылы ол өзін Шве­ция билігіне бермес үшін Брита­ния, Уэльс, Солтүстік Ирландия сотына апелляция беріп, жеңіп шыққан болатын. Ол кезде Ассанж өзінің экстрадициялауға қарсы­лы­ғын «Швеция мені сөзсіз Амери­каға береді. АҚШ-та маған әділ жаза тағайындайтынына сенбей­мін» деп түсіндірген еді.
Ассанждың заңгері Дженни­фер Робинсон экстрадицияны болдырмауға барын салатынын айтты. Оның пікірінше, АҚШ туралы шындықты жариялаған журналистің бәрі жазаға кесілетіні қауіпті прецендентке айналып бара­ды. Робинсон Ассанжбен кез­дескенін, ол өзін қолдау­шыларға алғыс білдіріп, «Осылай боларын айтқан едім» дегенін жеткізді.
Эквадор президенті Ленин Морено Ұлыбритания билігі жазба­­ша түрде «Джулиан Ассанж­ды азаптауға жол беретін немесе оны өлім жазасына кесетін елге бермейміз» деп уәде бергенін хабарлады.
Reporters Without Borders ұйымы Ассанжды экстра­ди­циялауға қарсылық білдірді. Ұйым өкілдері бұл АҚШ-тың алдағы уақыт­та қалаған журналисін қуда­лап, қысымға алуына жол ашады деп есептейді.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу: