Луиш Фигу «Барселонадан» мадридтік «Реалға» неліктен ауысқанының сырын ашты (видео)

265
0
Бөлісу:

Танымал португалиялық футболшы Луиш Фигу кезінде неліктен «Барселонадан» мадридтік «Реалға» ауысып барғанын түсіндірді.

«Мен «Барселонада» ғажайып бес жыл өткіздім. Бірақ 2000 жылы клубтың президентін сайлау кезінде мен мүлдем сенім артпаған Гаспар жеңіске жетуі керек еді. Менің агентім «Реал» президенті Флорентино Переспен келісімге келген соң бәрі өзгеріп сала берді. Менің өкілім «Реалға» өтпеген жағдайда «Бернабеудің» барлық маусымдық абонементтерінің ақысын төлеуге мәжбүр ететін құжатқа қол қойған. Бұл оның жауапкершілігі еді, әйтпесе мен еш құжатқа қол қоймағанмын. Тек ауызша келіскем. «Барселона» маған жақсы трансферлік ұсыныс болса кетуіме болатынын айтты. Ол кезде Пересті танымаймын.

Ал Перес сайлауда жеңіске жеткен кезде мен Сардинияда демалыста едім. Агент пен адвокатым мені бұл трансферді жүзеге асыруға көндірді. Сосын біз Лиссабонға аттанып, Переспен кездестік. Содан соң әйеліме қоңырау шалып, Мадридке көшетінімді айттым» дейді Фигу.

Еске салсақ, Фигу 2000 жылы «Барселонадан» корольдік клубқа 37 млн еуроға ауысып барған. Бұл жағдай футбол тарихындағы ең даулы трансфер ретінде қалды. Фанаттар Камп Ноудағы кездесу кезінде «Реал» жейдесімен алаңға шыққан Фигуге қарай ысқырып, әртүрлі заттар лақтырып, наразылық танытқан.

Кейінірек Фигу каталониялық клубтан отбасылық және экономикалық мәселелері бойынша кеткенін мәлімдеді.

Футболшы «Барселона» сапында 172 матчқа қатысып, 30 гол соққан. Ал «Реал» қатарында 164 кездесуге шығып, 36 рет көзге түсті.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: