Эквадор президенті «Ассанж ісі» бойынша сұхбат берді

185
0
Бөлісу:

Джулиан Ассанж Эквадор елшілігін тыңшылық қызметке пайдаланған. Эквадор президенті Ленин Морено Guardian басылымына берген сұхбатында дәл осындай мәлімдеме жасады. Ол сондай-ақ Ұлыбритания үкіметінен Ассанжды өлім жазасына кесетін елге жібермеу, тұтқынның негізгі құқықтарына құрметпен қарау туралы жазбаша келісім алғанын жеткізді.

 Ленин Мореноның пікірінше, Ассанж босқын мәртебесін заңнан жалтаруға қолдана алмайды. «Халықаралық заң бойынша, Ассанж өзіне тағылған айыптарға сот алдында бәрібір жауап берер еді. Оған босқын мәртебесінің берілуі оны заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармайды», – деді ол.

Эквадор президентінің Ассанжды босқын мәртебесінен айыру туралы шешімін  осыдан бұрын Wikileaks-та Ленин Мореноның інісі құрған оффшор компаниясы туралы ақпарат жариялануымен байланыстырғандар болған. Сұхбатта Морено ондай болжамдарды теріске шығарды.

«Тұрақсыздық туғызуға жасалған кез келген қадамды қолдамаймыз. Эквадор халқы тәуелсіз ұлт ретінде барлық елдің саясатына құрметпен қарайды. Өкінішке орай, алдыңғы үкіметтің рұқсатымен Лондондағы Эквадор елшілігі басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласатын орынға айналды», – деді ол.

Швецияда зорлау ісі бойынша сотқа шақырылған Джулиан Ассанжға босқын мәртебесін Эквадордың Ленин Моренодан бұрынғы президенті Рафаэль Корреа берген. Экс-президент Ассанжды босқын мәртебесінен айыру туралы шешімді «адамзат ешқашан ұмытпайтын қылмыс» деп бағалап, Мореноны «Эквадор мен Латын Америкасының тарихындағы сатқын» деп атады.

Джулиан Ассанж – 47 жастағы австралиялық журналист. Әлем халқы оны Wikileaks коммерциялық емес ұйымының негізін салушы деп таниды. 2006 жылы құрылған ұйым анонимді ақпарат көздерінен алынған құпия құжаттарды жариялайды. Әр жылдары Wikileaks Ауғанстан мен Ирактағы соғыс, Кениядағы жемқорлық, Reuters журналистерінің өлімі, Гуантанамо тұтқындары жөнінде маңызды құжаттар мен белгілі саясаткерлер жазған хабарлама мәтіндерін халық назарына ұсынды.

Динара Тілеубек

Бөлісу: