Шәмшидинова: Мектеппен қоштасу кеші мектепте өтуі тиіс

3628
0
Бөлісу:

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мектеппен қоштасу кешіне қатысты пікір білдірді.

– Негізі, бұл мәселе жыл сайын көтеріліп тұрады. Бірақ бұрыннан бері келе жатқан жақсы бір дәстүр бар. Ол – түлектердің кешін мектепте өткізу. Ондайда мұғалім мен оқушы арасында салиқалы әңгімелер айтылады. Түлектердің өзара қарым-қатынасы да басқаша жүреді. Өкінішке қарай, соңғы кездері кім және қайда өткізеді, кәдімгідей бәсеке болып кетті. Меніңше, түлектердің кеші бұрынғыдай өтуі керек. Біздің ата-аналарымыз солай өткізді. Біз де мектепте өткіздік. Сонда нағыз мектеппен қоштасу кеші болады.

Сол себепті, мектеппен қоштасу кеші тек мектепте ғана өтуі керек деп санаймын. Артық ақша шашудың да қажеті жоқ. Аста-төк отырыс жасамау керек. Қымбат көйлек алудың да қажеті шамалы. Түлектер кеші ол үшін жасалмайды. Өзара бәсеке үшін емес. Мектеппен қоштасу кеші жанға жайлы кездесу болып өтуі керек. Балалар, ата-аналар мен мұғалімдердің салиқалы бір отырысы болуы қажет», – деді Күләш Шәмшидинова.

«Айқын» ақпарат

Фото: Интернеттен алынды

 

Бөлісу: