Алматыдағы ерекше 10 ғимаратқа архитектуралық саяхат (фото)

418
0
Бөлісу:

Алматы қаласында өткен ғасырда тұрғызылған ескі нысандар көп-ақ. Бір қызығы бірі біріне ұқсай бермейді. Сыртқы кескіндері, архитектурасы, ерекшеліктері әр басқа. Құрылысқа қолданылған материалдардың да бір-бірінен айырықшаланып тұратынын аңғару қиын емес. ArchCode Almaty жобасының қатысушылары бұл орайда шаһардағы ерекше маңызы бар 100 нысанды тізімдеп те қойған. Біз солардың ішінен 10 ғимаратты таңдап алып, ақпар бергенді жөн санадық.

«Алматы» қонақүйі

Бұл қонақүй бәрімізге «Тақиялы періште» фильмі арқылы жақсы таныс. Тайлақтың махаббаты Айша осы қонақүйдің алдындағы дүңгіршекте анықтама бөлімінде тұрушы еді ғой.

Сырт келбеті ерекше көз тартатын ғимарат 1967 жылы архитекторлар Николай Рипинский мен Иван Картасидің жобалауымен салынған. Алыстан қарағанда 8 қабатты нысан иілген пластина секілді көрінеді. Қарсысында Абай атындағы опера және балет театры орналасқан. Бұл – қала тұрғындары мен қонақтары келіп демалатын көркем орындардың бірі. Ғимараттың алдында суретші Кенбаев пен монументалист Цивчинскийдің қолтаңбалары бар. Рейхстагқа ту тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаев соғыстан кейін осы қонақүйдің тұңғыш директоры болған. Жоба авторы Николай Рипинский 1949 жылы Қазақстанға қудаланып, Өскеменде және Алматы қаласында жұмыс істеген. Ол Достық даңғылын көркейтуге, Республика сарайын жобалауға атсалысқан.

2006 жылы ғимаратты жеке меншікке алған Astana Group компаниясы оны бұзып тастап, орнына жаңа нысан салмақшы болды. Алайда процесс қаржы дағдарысына байланысты кешеуілдеп қалды. Кейін компания басшылығы өз ойларынан қайтып, оның түпнұсқа кейпін сақтайтынын жария етті.

«Арман» кинотеатры

Достық даңғылының бойында, Республика сарайымен жапсарлас орналасқан осынау ескі ғимарат 1968 жылы салынған. Авторлары – Александр Коржемпо мен Иннокентий Слонов. Кинотеатрды салуға қалалық кинофикация басқармасы тапсырыс берген. Алайда жас кадр Коржемпоға деген күмән да болған секілді. Себебі, 1968 жылы нысанды толыққанды бітіріп тапсырып жатқан сәтте арнайы бульдозер де дайын тұрған. Яғни, нысан тапсырыс берушіге ұнамаса сол мезетте-ақ сүріп тастамақшы болған. Алайда басшылық ғимаратты қабыл алып, мақұлапты. Жергілікті ғалымдар мен мамандар Коржемпоның бұл «туындысын» модернизм бағытындағы алғашқы ғимараттардың бірі деп қабылдайды.

Республика сарайы

Шаһардың басты мәдени орталығының салынуына Владимир Ким, Юрий Ратушный, Владимир Алле, Лев Ухоботов және тағы да басқа бірқатар мамандар үлес қосқан. Сарайы 1970 жылы пайдалануға беріліп, келесі жылы авторлары КСРО мемлекеттік сыйлығын алды. Нысан құрылысы жалпы аумағы 10 мың шаршы метр болатын, сегіз темір бетон бағандардан құбылмалы шатыр түрінде жасалған. Ғимараттың қасбеті мәрмәр мен ал қызыл түсті ұлутастан қаланған. Сарай алдындағы субұрқақ бір жағынан ғимараттың температурасын қалыпты сақтау үшін де пайдаланылған. Алайда 2010-2011 жылдары ғимараттың тектоникалық жарық үстінде тұрғаны анықталып, оның құрылымы мен сырт келбетін өзгерту ұсынылады. Қазір толықтай заманауи келбетті нысанға айналған. Бұрынғы архитектурасынан жұрнақ та таппайсыз.

Қазақ мемлекеттік циркі

Біз айтып келе жатқан нысандардың барлығы дерлік – бір буынның өкілдері. Құрдас. Абай даңғылының бойында, Әуезов атындағы драма театрға қарама-қарсы салынған нысан 1970 жылы пайдалануға беріліпті. Бастапқыда бұл ғимарат тұп-тура Ашхабад циркінің жобасын көшірмекші болған. Алайда архитектор Кацев мемлекет басшысы Дінмұхамед Қонаевты өз ойына көндіріп, тың жоба ұсынған. Автор идеясын жүзеге асыру үшін Ресейге де бірнеше рет барған. Себебі, дәл сол уақытта Қазақстанда цирк ғимаратын салу бойынша бекітілген ереже мен заңдылықтар болмапты. Ал құрылысты жүргізу кезінде қаланың таулы аймақта орналасқанын және ұлттық ерекшеліктерді де ескерген. Цирк ішінде жануарларға арналған асханалар мен байланыстың 9 түрі, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған дәретхана мен 14 буфет қарастырылған. Бұл ғимаратқа да бірнеше жылдан бері көзі түсіп жүрген компаниялар аз емес. Реконструкция жасау жайлы да жиі айтылады. Бірақ нақты шешім шыққан жоқ.

Ұлттық кітапхана

Бұрын Пушкин атындағы кітапхана деп аталған, тәуелсіздік алған соң «ұлттық» мәртебесі берілген мекеме – Абай даңғылы мен Абылайхан көшелерінің түйіскен тұсында орналасқан. Бұл да 1970 жылдың «өнімі». Авторлары – Владимир Ищенко мен Владимир Ким. Ғимараттың сыртқы және ішкі интерьері өте қарапайым – шыны, ағаш, мәрмәр материалдары пайдаланылған. Әу бастағы жоспар бойынша ашық аспан астындағы оқу залын салу жоспарланған. Алайда жүзеге аспай қалды. КСРО тараған соң ғимаратты қайта жөндеуден өткізеді: маңайдағы аумақты қоршап, роза гүлі өсірілген алаңды алып тастап, оның орнынан тротуар плиткасын төсеген. Кітапхана алдындағы жер асты жолы сонау Кеңес заманында салынған. Жерасты жолының төбесін жапқан шатырдан ғимараттың әсем кескінін көру қиынға соғады.

Неке қию сарайы

Архитекторлар Малбағар Меңдіқұлов пен Александр Леппиктің бірлескен жобасы. Құрылысы 1971 жылы аяқталған ғимарат екі бөліктен – үлкен және шағын шеңберден тұрады. Әсіресе, төбеден қарағанда бұл ерекшелік айқын көрінеді.

Нысанның алдына күннен қорғайтын, ұлттық өрнекпен безендірілген қорғаныш қабаты жасалған. 1979 жылы нысан тарихи-мәдени мұра тізіміне кірді. Одан бері де ғимаратқа бірнеше өзгерту, жөндеу жұмыстары жасалды. Алайда оның барлығы сәтсіз аяқталды.

Офицерлер үйі

Юрий Ратушный, Олег Балықбаев және Тоқтар Ерәлиевтің бірлескен жобасы арқылы салынған бұл нысан 1978 жылы көпшілік назарына ұсынылды. Ғимарат 28 панфиловшылар паркінде орналасқан. Белгілі қазақстандық ғалым Алмас Ордабаевтың айтуынша, бұл ғимарат фашистік архитектураға жатады. Нысан сол дәуірдегі Қазақ ССР қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша салынған. Қазір де ғимарат қорғаныс министрлігінің қарауында. Бастапқы жоспар бойынша Офицерлер үйінің жанында оперетта теары салынуы тиіс болған. Бірақ құрылысы тоқтап қалған. Қазір оның орнындағы шағын сквер көзге шалынады. Нысанның аумағы 11 мың шаршы метр шамасында. Ғимараттың бір қанатында әскери-тарихи музей, Панфилов дивизиясының музейі және концерт залы бар. Бұл алаңқай сонау 80 жылдары қалай болса қазір де сол қалпында.

Студенттер сарайы

Бұл – 1537 адамға лайықталған, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ балансында орналасқан ғимарат. Авторлары – Владимир Бондаренко, Владимир Егоров және Юрий Зимин. Модернизм стилінде салынған ғимарат 1987 жылы пайдалануға берілген. Сарай алдында симметриялық үлгідегі субұрқақ бар. Бұл субұрқақ 2009 жылы жасалған реконструкциядан кейін ашылды.

«Қазақстан» қонақүйі

Биіктігі 25 қабат болатын, Алматы ғана емес, ТМД елдері бойынша бірегей үлгідегі ғимаратта Юрий Ратушный, Лев Ухоботов және Аркадий Деев секілді әйгілі архитекторлардың қолтаңбасы қалған. Сонау 70 жылдары Ленин даңғылындағы (қазіргі Достық даңғылы) кешенді құрылысқа «Қазгорстройпроект» мамандары белсене атсалысқан. Мұндай биік нысан тұрғызу дәл сол заманда үлкен тәуекел еді. Себебі, қалада 1887 және 1911 жылы болған қуатты жер сілкінісінен кейін биіктігі 12 қабаттан аспайтын үйлер ғана тұрғызу қолға алынған. Ал «Қазақстан» қонақүйінің биіктігі – 102 метр. Әрі сейсмикалық қаупі ең жоғары ауданда тұрғызылған. Ғимарат 2008 жылға дейін шаһардағы ең биік нысан мәртебесін сақтап тұрды. Конструкторлардың айтуынша бұл нысан 9-10 баллдық жер сілкінісіне еркін төтеп бере алады.

Алматы қаласының әкімдігі

Шаһардағы ең басты әкімшілік нысаны архитектор Қалдыбай Монтақаевтың жоспарлауымен, 1980 жылы тапсырылған. Қалдыбай Жұмағалиұлы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген сәулетшісі, КСРО халық сәулетшісі атақтарын иеленген, еліміздегі осы саланың ең білгір, ең танымал маманы.

Әкімдік ғимаратынан бөлек шаһардағы «Айнабұлақ», «Ақсай, «Орбита» ықшам аудандарындағы нысандар мен Нұр-Сұлтан қаласындағы әсем ғимараттарды жобалаған. Әкімдік ғимаратының құрылысы 1970 жылы басталған. Әу баста ұсынылған жобалар өте көп болыпты. Комиссия солардың арасынан 25 жастағы Қалдыбай Монтақаевтың жобасын қабыл алған. Ғимарат 7 қабаттан тұрады. Ол құрама темір бетоннан жасалған қабырға панелдерінен салынған. Ғимараттың қасбеттерінде қабықшалар мен жартылай мраморлар қолданылған. 80 жылдары бұл ғимарат еліміздегі ең ауқымды нысан болған: аумағы 35 мың шаршы метр. 1982 жылы ерекше нысандар қатарына енгізіп, 2012 жылы тұңғыш рет жөндеуден өткізген: жылу жүйесін, электр құбырларын ауыстырған. Алайда мраморды, паркет және ағаш есіктерді сол күйінде қалдырады. Ғимараттан сәл төмен орналасқан трибунаны 2007 жылы алып тастаған.

Материал ArchCode Almaty жобасымен бірігіп дайындалған.

Абай Аймағамбет

Бөлісу: