Бекем бауырластық белгісі

159
0
Бөлісу:

«Қазақ пен өзбек бір болса, Орталық Азияны еш жау алмайды» дейді өзбек сарапшылары. Аймағымызды ынтымақ ұясына, бірліктің жерұйығына айналдыру, өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ тату көршілік, жақын бауырластық, стратегиялық серіктестік қатынастарға жаңа дем, тың серпін беру үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі, өзбек басшысы Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Өзбекстанға алғашқы мемлекеттік сапарын жасады.

Өзбек астанасы Ташкент қазақ елінің Мемлекет басшысын «Жоғары мәртебелі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстанға қош келдіңіз! Qozog’iston Prezidenti Qosim-Jomart Tokayev Janobi oliylari, O’zbekiston diyoriga xush kelibsiz!» деген екі тілдегі үлкен билбордтармен, биік мәртебелі мейман еркін қозғалуы үшін алдын ала өзге көліктерден тазартылған кең көшелерімен, 29 градустық нағыз жазғы жылумен, ыстық ықы­лас­пен қарсы алды.
Екі күнге созылған сапар аясындағы негізгі іс-шаралар Өзбекстан Президентінің Көксарай резиденциясында өтті. Өз ордасында Қазақстан Президентін құшақ жая қарсы алған өзбек лидері Шавкат Мирзиёев жоғары мәртебелі қонағына барлық лайықты құрмет-қошеметін көрсетті. Ресми қарсы алу салтанатынан соң, қос мемлекеттің басшысы оңашаланып, жеке кездесу өткізді.
Шағын құрамдағы келіссөз кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы жылы қарсы алып, қонақжайлық көрсеткені үшін Ш.Мирзиёевке ризашылық білдіріп, мемлекеттік сапардың маңызын атап өтті.
– Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мықты әрі үйлесімді екіжақты қаты­настарды қалыптастыруға зор үлес қосты. Сіздер екі мемлекеттің көшбасшылары ретінде Қазақстан мен Өзбекстан арысындағы ынтымақтастықты өте жоғары деңгейге көтердіңіздер, – деді Қ.Тоқаев.
Ол екіжақты ықпалдастықтың сапасы мен мазмұнына жоғары баға берді.
– Менің міндетім – қарым-қатынастарымыздың сабақтастығы мен жоғары қарқынын сақтау. Мен де өз тарапымнан қазақ-өзбек ынтымақтастығының еш кедергісіз, тек жоғарыға қарай өрлеп, өркен­деуіне барлық мүмкіндікті жасаймын. Біз кеше саяси, тарихи, мәдени, гуманитарлық сияқты бір­қатар мәселеге қатысты алдын ала пікір алмастық. Сонда тарихи тұрғыдан халықтарымызда ортақ көп дүние бар деген түсінікке келдік. Бізді ортақ тарихи тағдырымыз, туыстас тіліміз, дініміз бен мәдени құндылықтарымыздың ұқсастығы біріктіреді, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке «Өзбекстандағы Қазақстан жылын» өткізуге мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтып, бұл шараның екі елдің халқын жақындастыру тұр­ғысынан үлкен мән-маңызға ие екенін нықтады.
Өз кезегінде Ш.Мирзиёев Қасым-Жомарт Кемелұлын Қазақстан Президенті қызметіне кірісуімен құттықтап, Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін ризашылық білдірді.
– Мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін ерекше атап өткім келеді. Сол кісінің күш-жігері арқасында өзара қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейіне қол жеткіздік. Сіз де министр, Премьер-министр, Сенат төрағасы қызметтерін атқарған кезіңізде екі ел байланыстарын жақсартуға септігіңізді тигіздіңіз, – деді Өзбекстан Президенті.
Ол екіжақты байланыстардың нығаюына жаңа әрі оң серпін берген «Қазақстандағы Өзбекстан жылының» табысты өткізілгені үшін қазақстандық тарапқа ризашылығын білдірді.
Шавкат Мирзиёев Қазақ елі басшысының бұл сапарын маңызды деп санайтынын жеткізді. Айта кету керек, биылғы 2019 жылғы 3 сәуірде Қазақстан Президенті Ресейге алғашқы ресми сапармен барған болатын. Ал Мемлекет басшысы ретіндегі тұңғыш мемлекеттік сапарын Қ.Тоқаев бауырлас Өзбекстанға жасап отыр.
– Бұл оқиға – кейінгі жылдары айтарлықтай жанданған саяси диалогтың лайықты жалғасы. Сіз Қазақстанның Президенті мәртебесіндегі бірінші мемлекеттік сапарыңызды Өзбекстанға арнау­ыңыз­ды жоғары бағалаймыз! Біз мұны елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті одан ары тереңдетуге деген берік ұстанымның айқын ай­ғағы, жарқын көрінісі деп білеміз. Біз үшін Қазақстан – жақын көрші, стратегиялық әріптес. Бізді өзара іс-қимылымыздың барлық бағыт­та­рын­дағы оң қарқын шын қуантады, – деді Өзбекстан Президенті.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында мемлекет басшылары қазақ-өзбек ынтымақтас­тығын, тату көршілігі мен достығын нығайту келешегінің көкжиегіне үңілді. Осы орайда сауда, көлік, өнеркәсіптік кооперация, туризм және басқа да салаларда өзара байланыстарды бекіте түсу жайы сөз болды.
Сондай-ақ президенттер өңірлік және халық­а­ралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты. Тараптар Орталық Азиядағы бейбіт­шілік пен қауіпсіздікті күшейту, Ауғанстандағы жағдайды реттеуге жәрдемдесу мәселелерін де қараған. Кездесу кезінде екі елдің өңірлік және халықаралық мәселелерде ұстанымдары ұқсас екені, қайшылықтардың жоқтығы, ауызбіршіліктің барлығы расталды.
Қазақстан мен Өзбекстан БҰҰ, ШЫҰ, ТМД, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Аралды құтқару халықаралық қоры секілді халықаралық құрылымдар аясында конструктивті ықпалдастық жасайды. Қазақстан Өзбекстанның бастамасымен Арал үшін ұйымдастырылған «БҰҰ-ның көп серіктестікті траст қорының» қызметін бастауына қолдау көрсетіпті.
Көксарай резиденциясындағы келіссөздерді Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев кеңейтілген құрамдағы кездесуде жалғастырды. Оған екі елдің министрліктері мен ірі компания­ларының басшылары кірген ресми делегация өкілдері қатысты.
Сөз алған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ш.Мирзиёевке Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемі мен жылы лебізін жеткізіп, оның қазақ-өзбек қарым-қатынаста­ры­ның дамуына сіңірген өлшеусіз еңбегін, қосқан құнды үлесін ерекше атап өтті.
– Біз шағын форматтағы келіссөздер кезінде қарым-қатынасымыздың сабақтастығын қамта­масыз ету және екіжақты ынтымақтастығымыздың әлеуетін ары қарай өрістету үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға уағдаластық, – деді ол.
Қазақстан Президенті осындай саясат қос мемлекеттің ұлттық мүдделеріне толықтай сәйкес келетінін қадап айтты және келіссөздер барысында үкіметаралық комиссияны Үкімет басшыларының деңгейіне дейін көтеру туралы маңызды шешім қабылданғанын мәлім етті.
– Біз Өзбекстанның дамуын зор қызығушы­лықпен бақылап отырамыз. Сіздер бірқатар ба­ғытта, соның ішінде мемлекеттік басқаруды жетіл­діру, экономиканы либерализациялау, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша реформаларға кірісіп, қазірдің өзінде таңғаларлық жетістіктерге қол жеткіздіңіздер, – деді Қ.Тоқаев.
Өз сөзінде Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі алғашқы мем­лекеттік сапарын Өзбекстаннан бастауы «стра­тегиялық әріптестікті тереңдетіп, қалыптасқан қарым-қатынастарды жалғастыруға бағыттал­ғанын» білдіретінін айтты. Келіссөздер барысында президенттер екі елдің үкімет мүшелерімен бірлесіп, құ­қық қорғау органдары, арнайы қызмет­тер және қорғаныс ведомстволары бағыт­тары бойынша қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты, тығыз ықпалдастықты қамтама­сыз ету, жолаушылар және жүк тасымалы көлемін арттыру, өзара сауданы еселеу, өнеркәсіптік кооперацияны жандандыру мәселелерін талқыға салды.
Келіссөздер нәтижесінде, екі ел келе­шегінен мол үміт күттіретін бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы уағдалас­тықтарға келген. Нақтырақ айтқанда, бір­лескен жобалар көлік, логистика және өнеркәсіптік кооперациялану салаларында қолға алынады деп күтілуде. Президент­тердің пайымдауынша, көлік-коммуни­кациялық саладағы ынтымақтастықты дамыту Қазақстан мен Өзбекстанның экспорттық әлеуетін ұлғайтып, транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтпек. Бұдан бөлек, туризм, мәдениет, ғылым мен білім беру салаларында байланыстарды өрістету жайы қаралды.
Кейінгі екі жылда қазақ-өзбек өзара ықпалдастығы жаңа деңгейде дамып жатыр. Елдеріміздің өңірлері мен іскерлік топтары арасындағы байланыс жанданған. Сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды даму даңғылына шықты. Соның арқасында 2018 жыл қорытындысы бойынша өзара тауарайналым 50 пайызға артып, 3 миллиард доллардан асқан. Енді бауырлас қос ел өзара алыс-берісте 5 мил­лиард долларлық межені алдағы жылдарда бағындыруға деген ортақ ұмтылыстарын растап отыр.
Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия алдына сауда-саттықтың номенклатурасын кеңейту, экономикалық кооперацияның ұзақмер­зімді жаңа формаларын табу және дамыту міндеті қойылды.
Бұл сауда, инвестиция, логистика салаларында жаңа перспективті жоба­ларды жүзеге асыруға, өзара интеграция­ланған өнеркәсіптік технопарктерді, ғылыми-инновациялық кластерлер мен еркін экономикалық аймақтарды құруға септесетін болады.
Қос президент қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасын демаркациялау процесінің табысты жүріп жатқанын, сондай-ақ өткізу бекеттерінің тиімді жұмыс жасауын қамтамасыз ету ісін қостады. Бұл жұмыстар сайып келгенде, екі елдің шекаралас ау­мақтарында тұрып жатқан халықтың тұрмыс жағдайларының елеулі жақсаруы­на, трансшекаралық экономикалық бай­ланыстардың жандануына, азаматтардың өзара барыс-келісінің артуына ықпал ет­кен екен.
Қос мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифингте мемлекет басшылары өзара ынтымақтастықтың барлық мәселесі мұқият талқыланғанын, үкіметтік жауапты тұлғалармен бірге пысықталғанын мәлім етті. Нәтижесінде, екі елге де пайдалы уағдаластықтарға қол жеткізіліпті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-өзбек қарым-қатынастары­ның нығаюы мен дамуындағы Елбасы Н.Назарбаев пен Өзбекстан президенті Ш.Мирзиёевтің рөліне ерекше тоқталды.
– Олар Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастық тарихының мүлдем жаңа бетін ашты және байланыстарымызды сапалы жаңа деңгейге шығарды. Қазақстан басшысы ретінде мен Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, қазақ­стандық-өзбекстандық қатынастардың жан-жақты дамуын жалғастырамын. Бүгін қол қойған, негізгі жетістіктеріміз бен ынтымақтастық келешегі қамтылған бірлескен мәлімдеме – осыған дәлел, – деді ол.
Екі елдің сауда-экономикалық ынты­мақтастығының биік деңгейін тілге тиек еткен Қазақстан Президенті осы жоғары көрсеткіштерді одан ары ұстап қалу үшін бірқатар шара қабылданатынын хабар­лады.
– Біз жаңа мүмкіндіктер іздеп, тауар но­менклатурасын кеңейту қажеттігі тура­лы мәселе көтердік. 2020 жылдың соңына қарай өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізу – біздің негізгі мақсатымыз, – деді Қ.Тоқаев.
Өндірістік кооперацияларды дамыту тұрғысынан Мемлекет басшысы бизнеске жағдайдың жасалуы арқасында екі елдің бірлескен кәсіпорындарының саны арт­қанына назар аудартты.
– Осындай ынтымақтастықтың мы­салы ретінде Қазақстандағы бірлескен жеңіл автомобиль, жүк көлігі және басқа техникаларды құрастыру жобаларын айтуға болады. Бұл салалардың экономи­каларымыз үшін маңызы зор болғандық­тан, осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды түрде жалғастыра береміз, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліме­тінше, Қазақстан мен Өзбекстан шекара­сында халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәселесі ерекше қаралды. Бұл жобаны жүзеге асыру шекаралық аймақтағы сауданы реттеп, бақылау-өткізу инфрақұрылымын жақ­сартуға, сондай-ақ Орталық Азияда ірі сауда-логистикалық хаб құруға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа Қазақстан Президенті отын және су-энергетика саласындағы өзара іс-қимыл, экспорт-импорттық, транзиттік тасымал саласындағы ын­тымақ­тастық, мәдени-гуманитарлық және жастар байланысын кеңейту мәселелеріне тоқталды.
Сөз соңында Қ.Тоқаев келіссөздердің нәтижелеріне қанағаттанатынын білдіріп, қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтасты­ғын дәстүрлі достық, сенім және тату көр­шілік ынтымақтастықта дамытатынын айтты.
Шавкат Мирзиёев өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевпен ашық әрі толық өзара түсіністік рухында өткен келіссөздерге жоғары баға берді. Соның барысында тараптар қарым-қатынасты дамытудың ұзақ мерзімді мақсаттарының ортақ екенін растап, күн тәртібіндегі екіжақты, өңірлік және халықаралық ынтымақтастық мәсе­лелерін жан-жақты талқылады. Сон­дай-ақ жаңа сынақтар мен қауіпсіздікке төнетін қатерлерге қарсы тұру бағытында бірлес­кен шараларды күшейтудің маңыз­дылығын атап өтті.
– Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарын нығайтуға және жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге баға жетпес үлес қосқаны үшін қазақ халқының біртуар перзенті, Елбасы, менің ағам, құрметті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтқым келеді. Қазақстанның мемлекет­тігін нығайтудағы, берік азаматтық қоғам қалыптастырудағы, заманауи және бәсе­кеге қабілетті экономика құрудағы, халықаралық аренадағы ел беделін арт­тырудағы зор жетістіктер оның есімімен тікелей байланысты, – деді Өзбекстан президенті.
Сонымен қатар Шавкат Мирзиёев сапар барысында қол жеткізілген уағда­ластықтарды іске асыру үшін Жол картасы бекітілетінін айтты.
Қ.Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында ынтымақтастықтың әр алуан саласын қамтитын, екі ел халықтары­ның мүдделеріне қызмет ететін 9 құжатқа қол қойылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев бірлескен мәлімдеме қабыл­дады.
Екі ел үкіметтері «Еңбек қызметі және еңбекші көшіп-қонушылардың құқық­тарын қорғау туралы», «Әуе шабуылына қарсы қорғаныс саласындағы ынтымақ­тастық туралы» келісімдер, «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәсе­лелері жөніндегі өзара түсіністік туралы», екі елдің дін істері органдары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум бекітті.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: