ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ЖӘНЕ ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ШАВКАТ МИРЗИЁЕВТІҢ БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІ

154
0
Бөлісу:

2019 жылғы 14-15 сәуірде Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Қазақстан Республи­касының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға Мемлекеттік сапары өтті.

Өзбекстан Республикасының прези­денті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуімен жылы және шын көңілмен құттықтап, Қазақстан­ның қазіргі заманғы дамуына және шет мемлекеттермен көпжақты байланыста­рына лайықты үлес қосқан халықаралық ауқымдағы саясаткер және мемлекеттік қайраткер ретіндегі мол тәжірибесін атап өтті.
Мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы бауырластық байланыстар мен стратегиялық серіктестікті, оның ішінде Орталық Азиядағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастықты дамытуға қос­қан көрнекті рөлін айрықша атап көрсетті.
Осы тұрғыда, Президент Қ.Тоқаев президент Ш.Мирзиёевті Қазақстан-Өзбекстан қатынастары мен өңірлік ықпалдастықты кеңейтуге және нығайтуға бағытталған Қазақстанның қазіргі сыртқы саяси бағытының сақталатынына сендірді.
Келіссөздер барысында президенттер дәстүрлі достық, өзара сыйластық, сенім мен ашық рухта екіжақты қатынастардың негізгі мәселелерін, өзара мүдделілік та­ны­тылған өзекті өңірлік және халықаралық проблемаларды талқылап, екі ел арасы­н­дағы кеңформатты ынтымақтастықты одан ары тереңдету мен кеңейтудің перс­пективаларын қарастырды.
Мемлекет басшылары терең тарихи және рухани байланыстарға, тату көршілік пен өзара қолдауға негізделген Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республи­касы арасындағы жақын әрі мығым достық қатынастардың өспелі сипатын ризашылықпен атап өтіп, екіжақты қатынастарды жаңа сапалық деңгейге көтеру екі бауырлас елдің мүдделеріне жауап беретініне сенім білдірді.
Президенттер Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы 1998 жылғы 31 қазандағы Мәңгілік достық туралы шарт пен 2013 жылғы 14 маусым­дағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шартта бекітілген принциптер мен міндетте­мелерге бұлжымас беріктігін растай отырып, төмендегілер туралы мәлімдейді:
Қазақстан Республикасының Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтас­тықтың стратегиясын жүйелі орындау екі елдің стратегиялық мүдделерінің бірлігіне негізделген, экономика саласындағы өзара тиімді және жемісті ықпалдастықты ұлғайтуға қызмет етеді.
Екіжақты сауданың оң қарқынын риза­шылықпен атап өте отырып, мемлекет басшылары екіжақты сауда көлемін 2020 жылдың соңында 5 млрд долларға дейін өсіруді, оның құрылымын әртараптан­дыруды, сондай-ақ өңіраралық ықпалдас­тықты қоса алғанда, экономикалық коопе­рация мен инвестициялық ынты­мақ­тастықтың ұзақмерзімді жаңа нысан­дарын дамытуды қамтамасыз етуге ұмтылыстары бойынша ортақ пікірде.
Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы 2018 жылғы 16 қарашада Шымкент қаласында өткен алғашқы Өңіраралық ынтымақтастық форумының және 2019 жылғы 15 наурызда Ташкент қаласында өткен Орталық Азия елдерінің бірінші өңірлік экономикалық форумы­ның қорытындыларын оң бағалады.
Мұндай формат екіжақты және өңірлік деңгейлерде өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайту мен ұлғайтуға, сауда, инвестиция, логистика салаларын­дағы жаңа перспективті жобаларды іске асыруға, интеграцияланған өнеркәсіптік технопарктер, ғылыми-инновациялық кластерлер мен еркін экономикалық аймақтарды құруға септігін тигізеді.
Президенттер екіжақты ынтымақ­тастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның қызметін жандандыру мен жетілдірудің, сондай-ақ екі елдің Үкімет басшыларын тең төрағалар етіп тағайындау жолымен оның статусын көтерудің маңызын атап өтті.
Мемлекет басшылары халықаралық саясаттың өзара мүдделі, маңызды мә­селелері бойынша тараптар ұстанымда­рының ұқсастығын растады және Орталық Азияның гүлденуі мен халықтарының игілігі үшін тұрақтылық пен қауіпсіздік атмосферасын нығайтуға қолғабыс етуге екі жақтың да ұмтылысын атап көрсетті. Тараптар ШЫҰ, ТМД, АӨСШК мен басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Өзбекстан лидері Қазақстан Респуб­ликасының 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ мүдделерін халықаралық аренада ілгерілету мәселелеріндегі қызметіне жоғары баға берді.
Елдердің басшылары БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдар шеңберінде екі тараптың халықаралық бастамаларын өзара қолдау бойынша екі ел ұстаным­дарының мызғымастығын растады.
Тараптар өңірде және жалпы әлемде қалыптасып отырған ахуалды бағалаудағы ортақ ұстанымдарды атап көрсетіп, өңірдегі қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы тұру мен олардың алдын алуға бағытталған, ең алдымен екіжақты форматта және көпжақты құрылымдар шеңберінде халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, есірткі трафигіне, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз көші-қонға және басқа да проблемаларға қарсы күресте бірлескен шаралар қабылдауды жақтап сөйледі.
Мемлекет басшылары Ауғанстан Ислам Республикасын (АИР) қалпына келтіру үдерісіндегі күш-жігерлерді бірік­тіруге маңыз береді. Қазақстан мен Өз­бекстанның президенттері АИР экономи­касын жаңартуға бейілділіктерін растады және Ауғанстанмен ұзақмерзімді тату көршілік ынтымақтастықты өрістету, соның ішінде көлік коммуникациялары, білім беру мен денсаулық сақтау салала­рындағы ірі жобаларды іске асыру жолымен дамыту қажетін жақтайды.
Ауған басшылығы жүзеге асырып жатқан бейбітшілік пен татуласуға қарай қадамдарды қолдау үшін «Бейбіт үдеріс, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық және өңірлік өзара ықпалдастық» атты Ауғанстан жөніндегі Ташкент конферен­циясын қоса алғанда, өңірлік және халық­аралық форумдардың маңызын атап көрсете отырып, екі ел басшылары Ауғанстандағы бейбіт үдеріске мүдделі халықаралық қоғамдастық пен көрші мемлекеттердің күш-жігерлеріне жәрдем­десуді жақтады.
Қазақстан Президенті 2020 жылы Ташкентте Ислам Ынтымақтастық Ұйы­мының (ИЫҰ) ғылым және технологиялар бойынша екінші саммитін өткізуге қолдау білдірді. Тараптар 2017 жылғы қыркүйекте Астанада өткен ИЫҰ ғылым және тех­нологиялар бойынша бірінші саммитінің жұмысын жоғары бағалап, оның қоры­тындылары мен шешімдерін жүзеге асыруды ИЫҰ екінші саммиті шеңберінде жалғастыруға уағдаласты.
Мемлекет басшылары қорғаныс және әскери-техникалық саладағы, сондай-ақ ғарыштық зерттеулер мен әзірленімдер саласындағы ынтымақтастықты одан ары дамытуға жәрдемдесу ниеттері туралы мәлімдеді.
Екі мемлекеттің басшылары Арал теңізі бассейніндегі нақты бағдарламалар мен жобаларды іске асыру бойынша өңір елдерінің халықаралық ұйымдар, қаржы­лық және экологиялық институттармен ықпалдастығын кеңейту арқылы Аралды құтқарудың халықаралық қоры шең­беріндегі ынтымақтастықты жандандыруға өзара мүдделілікті растады.
Қазақстан мен Өзбекстан халықта­рының мәдени, тарихи және рухани бірлігін атап өте отырып, Қ.Тоқаев пен Ш.Мирзиёев ғылым, білім беру, мәдениет, өнер, туризм, спорт және басқа да сала­лардағы ынтымақтастықты одан ары қар­қынды дамытуға бейілділіктерін растады.
Тараптар 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылының сәтті өткізілуін және 2019 жылғы 15 сәуірдегі Өзбекстандағы Қа­зақстан жылының салтанатты ашы­луына ризашылықтарын білдірді. Мұндай іс-шаралар қазақ және өзбек халықтары­ның бауырластығы мен рухани туысты­ғының, екі елдің шынайы достығы мен тағдырларының ажырамас жақындығының нышаны болып табылатынын, сондай-ақ халықтар арасындағы тату көршілік қа­тынастарын нығайтуға, өзара түсіністік пен сенімді, көршілік қолдауды терең­детуге жәрдемдеседі деп атап өтті.
Мемлекет басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік ше­караны демаркациялау үдерісінің сәтті жүріп жатқанын, сондай-ақ екі елдің шекара маңындағы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуды, транс­ше­каралық экономикалық байланыстар мен гуманитарлық алмасуларды жандан­дыруды, азаматтардың өзара сапарларын арттыруға септігін тигізетін өткізу бекет­тері қызметінің тиімділігін қамтамасыз етуді құптады.
Екі елдің президенттері өз аумағында тұратын екінші тарап өкілдерінің этни­калық, тілдік және ұлттық мәдениеттерін сақтау мен дамыту үшін ынтымақтастықты нығайтуға, тараптардың заңнамаларына сәйкес олардың өкілдерінің қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік-эконо­микалық өміріне белсенді қатысуына жағдай жасауға ниеттерін растады.
Қазақстан Республикасы мен Өз­бекстан Республикасы екіжақты және көпжақты қол қойылған шарттарды уақытылы және сапалы жүзеге асырудың, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы шарттық-құқықтық базаны одан ары кеңейтудің маңызын атап көрсетті.
Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёевке, бүкіл өзбек халқына жылы қабылдау мен қонақжайлық үшін алғысын білдірді және Өзбекстан басшы­сын оған ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Сапардың мерзімдері дипломатиялық арналар арқылы келі­сіледі.
Ташкент, 2019 жылғы 15 сәуір

Бөлісу: