АҚШ-пен тығыз байланыс орнайды

171
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозерді қабылдады. Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды, соның ішінде парламентаралық ынтымақ­тастықты нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады.

У.Мозерді еліміздегі диплома­тиялық миссиясының баста­луы­мен құттықтаған Мәжіліс спикері оның елшілік қызметі барысында әртүр­лі құрлықта орналасқан екі ел арасындағы көпқырлы бай­ла­ныс­тың ары қарай нығаярына жә­не кеңейе түсеріне сенім біл­дірді.
Н.Нығматулиннің пікірінше, Америкамен арадағы жан-жақты әрі өзара тиімді қатынасты дамы­ту – Қазақстанның сыртқы саяса­тының басым бағыттарының бірі. Биыл қос мемлекет арасында дип­ломатиялық қатынастың ор­на­ғанына 28 жыл толады. Осы уақыт ішінде өзара сенімді саяси диалог орнап, екіжақты байланыс кеңейтілген стратегиялық серік­тестік деңгейіне жетті.
Бұл ретте Палата төрағасы былтырғы 2018 жылы Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары қос мемлекет арасындағы ықпалдастықтың айрықша сипа­тын паш еткенін атап өтті. «Қазақ­стан мен Америка Құрама Штат­тары: ХХІ ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық серіктестік» атты бірлескен мәлімдеменің қабыл­дануы да, сондай-ақ шамамен 7 миллиард доллар көлеміндегі коммерциялық келісімдерге қол қойылуы да осыны айғақтайды.
Сауда-экономикалық саланы сөз еткенде, Нұрлан Зайрол­лаұлы Қазақстан мен АҚШ ара­сын­да­ғы өзара тауар ай­налымның 2018 жылы 2,25 миллиард дол­ларға жеткенін, осылайша ал­дыңғы жылмен салыстырғанда 37 пайызға өскенін алға тартты.
Оның байламынша, қаржы секторы, машина жасау, көлік, коммуникациялар, тау-кен өнді­рісі, фармацевтика және жаң­ғыратын қуат көздері салалары екіжақты ынтымақтастықтың перспективті бағыттары саналады.
Нұрлан Нығматулин мен Уильям Мозер елдеріміз ара­сын­дағы парламентаралық өзара іс-қимылды тереңдету мәселелеріне жеке мән берді. Мәжіліс төрағасы парламенттеріміздегі салалық комитеттер, ынтымақтастық жөніндегі топтар деңгейлерінде өзара сапарлар жасаудың маңызына және қажеттілігіне назар аудартты. Бұл заң шығару­шылық тәжірибені зерттеу және қазақстандық-америкалық қалау­лылардың өзара тығыз жұмыс байланыстарын орнатуы үшін керек көрінеді.
Айта кету керек, Мәжілісте АҚШ-пен ынтымақтастық жө­ніндегі топ жұмыс істейді. Аме­ри­када «Қазақстанның достары тобы» бар. Сондай-ақ Нұрлан Нығ­матулин АҚШ Конгресі қар­жыландыратын «Ашық әлем» бағ­дарламасы да депутаттар мен аппарат қызметкерлеріне құқық­тық және кәсіби тәжірибе алма­су­дың ерекше мүмкіндігін бере­тінін айтты.
Тараптар бірлескен конс­трук­тивті жұмысты жалғастыруға уағдаласты, бұл парламентаралық байланыстарды, сонымен бірге, екіжақты қатынастарды нығайтуға кең жол ашпақ.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: