ЕУРОПАЛЫҚ БАЙҚАУШЫЛАР КЕЛЕДІ

135
0
Бөлісу:

Қазақстан Парламентінің делегациясы Страсбургте өткен Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясының көктемгі сессиясына қатысты. Делегация құрамына Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Г.Ким және Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы А.Бейсенбаев енді.

Сессия аясында қазақстандық делегация ЕКПА хатшылығының парламентаралық ынтымақтастық және сайлауды байқау департа­мен­тінің басшысы Ш.Шах­ба­зянмен (Франция), БАҚ және ақ­параттық қоғам кіші коми­те­тінің төрағасы, «Социалистер, демократтар және жасылдар то­бы» ЕКПА саяси фракциясының өкілі М.Торнармен (Швейцария), «Еуропаны қолдаушылардың ли­бералдар мен демократтар альян­сы» ЕКПА саяси фракциясының өкілі Д.Чукломен (Испания), ЕКПА делегациясының басшысы, «Еуропа халық партиясы» фрак­циясының президенті Э.Зин­ге­респен (Литва), Еркін демократтар тобының мүшесі А.Шелечпен (Сербия), ЕКПА Саяси мәселелер және демократия комитетінің мүшесі, ЕКПА делегациясының басшысы С.Сеидовпен (Әзір­байжан) және басқаларымен келіс­сөздер жүргізді.
Қазақстандық сенаторлар еуропалық әріптестерімен бірге Қазақстанның саяси үдерістерін кеңінен талқылады және еліміздің сыртқы саяси бағыты мен демо­кратиялық қағидаттарды одан ары нығайтуды қолдайтындарын атап өтті.
Ел Президентінің алдағы кезектен тыс сайлауына ерекше мән берілді. Ш.Шахбазянның айтуынша, осы шешім – жалпыға ортақ демократиялық стан­дарт­тарға сәйкес билікті бейбіт және заңды түрде берудің үлгісі. Ол биылғы 9 маусымдағы президент­тік сайлау барысында ЕКПА бай­қаушылар миссиясының Қа­зақ­станға келуі жоспарланып отыр­ғаны жөнінде хабардар етті.
Қазақстандық парламенттік делегация сондай-ақ ассамблея­ның саяси мәселелер және демо­кратия комитетінің отырысына қатысты. Отырыста ЕКПА ұлттық делегациялар қызметінің тәртібі мен ресімдеріне түзетулер енгізу, сондай-ақ Еуропа кеңесіндегі қар­жы дағдарысын еңсеру мәсе­лелері талқыланды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: